Байзақта біраз мәселе бар
Amanat партиясының бүгінгі таңдағы жұмыстарының маңызды және аса жауапты бағытының бірі – қоғамдық қабылдау қызметі. Осы орайда, республикалық қоғамдық қабылдау Байзақ ауданының Қызыл жұлдыз және Байзақ ауылдарында өтті. Шараға республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі Алпамыс Әбенов, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков пен облыс әкімдігінің басқарма басшылары, аудандық бөлім басшылары қатысты. Қабылдау әуелі 6 мыңнан аса тұрғыны бар Қызыл жұлдыз ауылында өтті. Бұл ауыл облыс орталығына ең жақын ауылдардың бірі. Тараз қаласының жаңа бас жоспарына сәйкес, Байзақ ауданынан 3 ауыл қала құрамына кіретін болады. Сол ауылдың бірі осы Қызыл жұлдыз ауылы. Сондықтан мұндағы жұртшылық ауылдағы шешілуі тиіс бірқатар мәселелер шешілмей қала ма деп алаңдаулы.
– 15 жылдан бері жөндеу көрмеген Қ.Тортаева, К.Мырзақұлов, М.Нұрбаев көшелерін ағымдағы жөндеуден өткізу қажет. Сондай-ақ, жарықтанбаған қаншама көшелеріміз бар?! Бұдан өзге, басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда баратын амбулаториямыз да жөндеуді қажет етеді. Алдағы уақытта ауылымыз қала құрамына кіріп жатса, бұл жұмыстар аяқсыз қала ма деп алаңдаймыз, – дейді ауыл тұрғыны Шария Абдраманова.
Дегенмен, ауыл әкімдігі тарапынан аталған мәселелерді шешу үшін тиісті жұмыстар жасалып жатыр екен. Мәселен, ауылішілік көшелерді жөндеуге ауданның экономика және жоспарлау бөліміне 128 миллион теңгеге сметалық құжаттар жасалып, сұраныс беріліпті. Бірақ, үнемделген қаржы есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Сондай-ақ, Ғ.Апатаев, Д.Жантоқова, Амангелді, Р.Шупенов, Мыңқой көшелеріне көше жарығын орнату да кезек күттірмейтін мәселелердің қатарында. Ол бойынша да тиісті бөлімге 17 миллион теңгеге сметалық құжаттар жасалып, сұраныс берілген.
Тағы бір өзекті мәселе – ауыл аймағындағы бейітке жер қарастыру. Бұл жұмыстар бойынша Тараз қаласы әкіміне жер сұрастырып, хат берілген. Алдағы уақытта нақты шешімдер шығарылуы қажет.
Келесі кезекте Байзақ ауылы тұрғындарының мәселелері қаралды. 7 мыңнан астам тұрғыны бар бұл ауылда шешілуі тиіс мәселелер баршылық. Соның ең негізгісі – көп жылдан бері айтылып келе жатқан питомник. Ондағы тұрғындар ит асырайтын орыннан қолқаны қабатын иістен әбден зәрезап болған. Қорқыныштысы, питомниктен шығып кеткен иттер мектеп жасындағы балалар үшін қауіп төндіруде.
Сондай-ақ, ауылда ағын су мәселесі де күн тәртібінде. Бұдан өзге, ауыл халқы субсидия алу, мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жасау, интернеттің сапасыздығы туралы мәселелер көтерді.
Тұрғындар көтерген мәселелердің барлығы партия назарына алынды. Алдағы уақытта тиісті мекемелерге ұсыныстар беріліп, оң шешілуі партия назарында болады.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,
Amanat партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді