Ел есіндегі азамат

Ел есіндегі азамат
ашық дереккөз
Ел есіндегі азамат
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, еліне ерен еңбегі сіңген тұлғалар қашанда халқымен бірге жасай беретіні анық. Сондай тұғыры биік азаматтың бірі, облыс журналистикасының ардагері Баттал Жаңабайұлы ұзақ жыл тұрған Тараз қаласындағы көпқабатты үйге облыс әкімінің қолдауымен ескерткіш-тақта орнатылды. Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы келіп қатысып, Баттал Жаңабайұлының қоғамдағы орнына тоқталды. – Біз бүгін облыс журналистерінің атасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлының есімін құрметтеуге арналған іс-шараға жиналып отырмыз. Ол кісі жиырма жылдан астам облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінде бас редактор қызметін абыройлы атқарған биік тұлға. Аталған газеттің «Сталиндік жолдан» «Еңбек туы» болып атауының ауысуына да өзі ықпал етіп, басы-қасында жүрген. Ағамыз еңбектің ерен үлгісін көрсетті. Оның атқарған істері бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. Келешек жастарымыз да Баттал Жаңабайұлының мұраларымен қанаттанатыны анық. Жамбылдықтар журналистиканың абыз ақсақалын естен шығармайды. Жиналған көпшіліктің отбасына және Жаңабаевтар әулетіне тек жақсылықтар тілеймін, – деді өңір басшысы. Жиында жазушы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан сөз алып, Баттал Жаңабайұлының бір дәуірдегі журналистерге қолбасшы болғанына тоқт а лс а, Қазақст анның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов абыз ардагердің облыстық газеттің беделін көтеру арқылы өзі де абыройға бөленгенін айтты. Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы аяулы қарттың облыс қаламгерлеріне де, ағайын-туыс, зиялы қауымға да құрметті болғанын жеткізді. Ескерткіш-тақтаны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев және Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы ашты.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар