Әкімнің ақынға құрметі
Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова қазақ өлеңінде өзіндік өрнегі бар қаламгер. Адалдық пен ізгіліктің, сұлулық пен сағыныштың жыршысы атанған атақты ақын отбасымен біраз жылдан бері көне Тараз шаһарында тұрып келеді. Қазақ өлеңіне олжа салған өнегелі ақындар отбасының, Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың өлеңдегі жолы да, өмірдегі жолы да кейінгі буын жастарға үлгі. Шырайлы шаңыраққа әр кезде атбасын бұрып, батасын алып жүретін ел ағалары да көп, талапкер жастар да жетерлік. Мұның бәрі де қара өлеңге деген құрмет, жасы үлкенге деген ізет екені шындық. Жуырда Күләш Ахметованың «Құт», «Шын жүректен» және «Қасиетті мекен» атты үш бірдей өлеңдер жинағы жарық көрді. Даналықты дәріптейтін, кемелдікті ұлықтайтын, көркемдікті жырлайтын, ұлттық құндылықтарды ұрпаққа насихаттайтын, адами қасиет пен иман нұрын әрбір жүрекке жеткізетін кітаптардың оқырман қауымға берері де мол. Ақынның жыр жинақтарының жарық көруіне орай, көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ақындар шаңырағына арнайы барды. Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы Күләш Ахметоваға Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай жолдаған құттықтау хатын табыстады.
Сондай-ақ, ақынға құрмет көрсетіп, емен-жарқын әңгімелесті. Әкім қазақ поэзиясының ақ гүлі атанған ақынның әдебиетте өзіндік орны бар екенін, қазақ халқының бірлігін, ұлттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді жырға қосып жүрген ақын өлеңдерінің жалпы оқырман қауымға, жастарға рухани шамшырақ болғанын атап өтті. Ербол Шырақпайұлы кездесу барысында ақынның «Қасиетті мекен» атты өлеңдер жинағының тұсауын кесіп, игі тілегін арнады. Облыс басшысы қай кезде де қаламгер қауымға қолдау көрсететінін де жеткізді. Айта кету керек, «Қасиетті мекен» кітабы оқырманға ойлы сөз айтуымен де құнды, саналы сөз айтуымен де ерекше дүние.
Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев «Қасиетті мекен» кітабының оқырманға берері мол екенін атап өтсе, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков ақындар отбасына жақсылық пен бақ-береке тіледі. Бұдан кейін ақындар шаңырағында қазақ әдебиетіне, ұлт руханиятына, жастар тәрбиесіне қатысты әңгіме өрбіді. Күләш Ахметова уақыт бөліп, шаңырағына арнайы келген Ербол Шырақпайұлы бастаған азаматтарға алғысын білдірді. Қайырбек Асанов бата беріп, жақсы тілегін айтты.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді