Махаббат керек пе, мәһр керек пе?

Махаббат керек пе, мәһр керек пе?
ашық дереккөз
Махаббат керек пе, мәһр керек пе?
Қазір қоғамда көптеген мәселелер ашық түрде талқыға түсіп келеді. Айтылатын да, талқыланатын да мәселе көп. Оның бірі қоғамда қызу талқыға түссе, бірі елеусіз қалып жатады. Мың түрлі мәселе – мың түрлі жауап. Кейде өнер адамдарының жеке басына қатысты жағдайларды да көптің талқылап жататыны шын. Елдік, ұлттық мәселе тұрғанда, бір адамның ғана мәселесін талқылау әбестік сияқты. Сол сияқты, мәһр деген де бүгінгі қоғамдағы күрделі мәселенің бірі. Шариғат талабы бойынша «Мәһр» деген нәрсе бар екенін көпшілігіміз бұрыннан білеміз. Ол жаңадан отау құрған кезде ер жігіттің қалыңдығына беретін сыйлығы. Бұл сыйлық қалың мал кәдесінен бөлек қарастырылған. Яғни, әйелі еріне өзінің таңдаған сыйлығын айтады. Ал, азамат оны алып беруге уәде береді. Дегенмен, осы тұста ойланатын бір дүние бар. Отау құрған қалыңдық ең әуелі жігіттің байлығы мен сыйлығы үшін емес, мәңгілікке сыйласып ғұмыр кешу үшін жар болмай ма? Тағдырын ер азаматқа табыстаған соң, екеуі бір отбасы – бір адам емес пе? Осы жағынан алғанда мәһрдың маңыздылығы жоғары емес сияқты. Ал, әлеуметтік желіні ашып қарасаң, мүлде бөлек пікірлерге тап боласың. Мәһр үшін қымбат көлік, пәтер сұрап жатқан қыздар жеткілікті. Бір қыз: «Өзімнің пәтерім мен қымбат көлігім бар. Мәһрға енді не сұрасам екен?», – деп қинала жазыпты. Ал, енді бір қалыңдық: «Мәһр сұрамаймын. Бақытты болсақ жетеді», – депті. Әрине, мәһр мәселесі бойынша біржақты пікір білдіруге болмайды. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бәтуа бөлімінің маманы Нұрсұлтан Зұлпыхаров та бізге өз жауабын берді. – Жалпы, шариғатымыз қыз баласын тұрмысқа шығарда мәһрды азайтып айтуға шақырады. Оның өзіндік сырлары да, даналықтары да бар. Мәселен, үйлену шығыны көбейген жерде келеңсіздіктер мен кедергілер көбейеді. Сондықтан, шариғатымыз мәһр көлемін аз сұрауды мақұл көреді. Онан соң аталарымыз қалыңмал берген кезде, мәһр соның ішінде болған. Кейіннен қалыңмал бөлек берілетін жағдайға көштік. Қыздың қалың малын қатты жоғары көтерудің де, өте төмен түсіріп тастаудың да қажеті жоқ. Орташа деңгейді ұстап тұруымыз қажет. Қыздың орташа деңгейде жасауы жасалатындай, қыздың өзіне де сыйлық алуына жететіндей мөлшерде болғаны дұрыс. Бұл жерде мәһр емес, қыздың кімге тұрмысқа шығатыны маңызды. Қазір кейбір қыздар мәһрға көлік немесе пәтер сұраймын, ажырасып кетсек далада қалам ба деп айтып жатады. Сонда қыздардың ең әуелгі қадамы дұрыс емес. Сонда ажырасу үшін тұрмысқа шығып жатыр ма? Пәтер немесе көлік үшін тұрмысқа шыққан қалыңдық ажырасудың сәтін іздеп жүреді. Қыз баласы тұрмысқа шығар кезде жігіттің мінез-құлқына қарайды. Діні мен мұсылманшылығына көңіл қояды. Мұсылман емес адамға мұсылман қызы тиюіне рұқсат етілмеген. Бұл жерде жігітке қыз іздегендей, қыздың да жанашырлары қызға жақсы жігіт іздесе, оның айыбы жоқ. Пайғамбарымыз: «Діндар, мінезі көркем жігіт келсе қыздарыңды беріңдер», – дейді. Міне, шариғат шарттарына сүйене отырып айтарымыз осы, – деді ол. Ал, Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев: «Мәһр міндетті түрде берілуі керек. Ол – қалыңдықтың хақысы. Бірақ, мәһрдың мөлшері бар», – деп қысқаша қайырды. Осы орайда, дінтанушы Абдусамат Қасым: «Пайғамбарымыз «Әйелдің ең қайырлысы – мәһрі жеңіл болғаны» дейді. Мәһрдың шариғаттағы нақты мөлшері 10 дирхам күміс ақша. Ол 4 грамм алтын немесе 32 грамм күміс. Біздің өлшеммен 60-70 мың теңге. Жігіт пен қыз өзара келісіп отырып, қалыңмалды мәһр есебінде қабылдауға да болады. Оған шариғат рұқсат етеді», – дейді. Біз Тараз қаласының Құрметті азаматы Жетпісбай Медеуовтың пікірін білген едік. «Мәһр деген жігіттің қалыңдығына беретін сыйы екені, оны бергені дұрыс екені анық. Оның шегі мен көлемі бар. Сақина салса да, шағын сыйлық берсе де олқылығы жоқ. Ал, енді шексіз байлық сұрау – арсыздық. Ондай қалыңдықты дүние қуған деп ойлаймын. Қалыңдық өз күйеуінің қабағына қарап, бақытына балап, мәһрды кешіріп жіберуге де болады. Екі жастың бір-біріне деген ізеті мен сыйластығы, жарасымды көңілдері қымбат», – дейді. Ал, «Алтын алқа» иегері, таластық ардақты ана Сарқыт Алдаберген: «Он сегіз жасымыздан ауылдық жерге келін болып түстік. Мәһрды да сұрамадық, машинаны да сұрамадық. Құдай қосқан жарымызбен тату-тәтті ғұмыр кешуді ғана ойладық. Отбасының берекелі, шуақты, балаларымыздың тәрбиелі болуына көңіл аудардық. Мәһр алмағаннан дүниемнің жартысы кеміп қалған жоқ. Алланың берген ұл-қыздарын жеткіздім. Солардың амандығын тілеп отырмын. Қазір қарапайым отбасыларға күн кешудің өзі ауыр соғып отыр. Мұқтаж, көмекті қажет ететін отбасылар бар. Күнделікті бала - шағаны бағудың өзі жеңіл емес. Мәһрды айтып, оларды қинай беруге болмайды. Үйлену мәселесін қиындата берген дұрыс емес», – дейді. Ақын Ғайни Әлімбекқызы: «Мәһрды даурықтырып, көп мөлшерде сұрайтын сіңлілеріме қарсымын. Ең бастысы – сыйластық пен түсіністік, екі жастың бір-бірін құрметтеуі, өсіп-өнуі бәрінен маңызды. Дүние ештеңені шешпейді», – дейді. Біздің де бұл пікірлерге алып-қосарымыз жоқ. Мәһр мәселесі – өте нәзік мәселе. Әркімнің жағдайы әртүрлі. Баласын үйлендіру түгілі күнделікті қажеттілікке зәру болып отырған қаншама отбасы бар. Көпшіліктің пікіріне құлақ ассақ, екі жастың сыйластығы мен жарасымынан артық бақыт та, сыйлық та жоқ. Мүмкін, мәһр дегеніміз де – сол сыйластық болар.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар