Ұлағатты ұстаз еді...

Ұлағатты ұстаз еді...
ашық дереккөз
Ұлағатты ұстаз еді...
Өмір-өзеннің көші тоқтамайтыны анық қағида. Сол керуен көште ғұмырыңның саналы, тағдырыңның тағылымды болуы бір Алланың қолында екені хақ. Бұл өмірде біреуге ерте, біреуге кеш, бір кем дүние. Әулетіміздің қамқоршысы, ақылшысы, дарасы да данасы, абырой-атағы жетерлік, парасатты, тұлғалы ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин белгісінің, Жамбыл облысына еңбек сіңірген, Еңбек ардагері медальдарының иегері, бауырым Шолпан Мамашбайқызы бүгін асқаралы 70 жасқа келер еді. «Ұстаздық – ұлы қызмет» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ол бүкіл саналы ғұмырын егемен еліміздің болашағы жастардың тәрбиесіне, сапалы білім беру үрдісінде педагогикалық идеяларды жас ұрпақтың бойына сіңіруде жоғары жетістіктерге жете білген шығармашыл ұстаз бола білді. Өмірлік жинаған тәжірибесін Абай атындағы гуманитарлық колледждің өркендеуіне үлесін қосып, педагогика пәнінің мұғалімі, топ жетекшісі, педагогика-психология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқара білді. Педагогика саласына арнаған көптеген ғылыми еңбектердің авторы атанды, баспадан бірнеше кітаптары жарық көрді. Көптеген ғылыми конференцияларда баяндама жасап, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалары шықты. Ол кісі мен үшін бәрінен де қымбат жан еді. Амал жоқ, Алланың құдіретіне көнбейтін пенде жоқ. Ойда жоқта осылай біз асылымыздан айырылдық. Шолпанның бойында отбасына, бауырларға, жарына деген ерекше бір сүйіспеншілік болатын. Барлығымыздың да көңілімізді табатын, бауырмал еді. Адамгершілігімен , кішіпейілдігімен адамды баурап алатын. Ол қандай нәрсе істесе де әдемі дүниеге айналып кететін, дастарханы мол, отырған ортасы мерекелі, берекелі болды. Оның мейірімі бізге күннің нұрындай төгіліп, шуағын шашып тұратын. Мен бүгінде сол нұрдан айырылғанымды сезіндім. Өйткені, мен ол үшін әлі де бала, жас сияқты болып көрінетінмін. Дүниеде жақсы көретін бауырыммен қоштасудан ауыр ештеңе жоқ екен. Қымбатты да, асыл жары Болат ағамыз екеуі мәнді де сәнді өмір сүрді. Қиыншылығы мен қызығы мол, бірге өткізген әр күндері бақытқа, сыйластыққа толы болатын. Шаңырақтары шаттыққа толып, баласы Думанға ардақты да, қамқоршы әке бола білді. Алланың берген немерелерінің сыйлы да, сүйкімді атасы болды. Жалған дүние! Қас-қағым сәтте арыстай азаматы Болаттан айырылып қалуы Шолпанға оңайға соқпады. «Жазмыштан озмыш жоқ» екен бұл жалғанда оның өмірден кенеттен кетуін сезінсе де жүрегімен мойындағысы келмеді, амал нешік. Шіркін, қайран, өмір-ай десеңізші! Енді ол туралы, тек естелік жазуға ғана мәжбүрмін. Аяулы да қадірлі Шолпан артында жақсы сөз, тамаша із қалдырды. Амал қанша, біреу келіп, біреу кетіп осылай өмір жалғаса береді екен. Ендігі тілегім, Алла алдыңнан жарылқасын, жаның жәннатта болып, нұрың пейіште шалқысын. Біз сенің жарқын бейнеңді мәңгі ұмытпаймыз!  

Кенжебек ОЛЖАБАЙ,

Тараз қалалық мәслихатының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар