Кісілік келбеті
Өзіне тән мінсіз мінезіне сай Әулиеатаның тек жақсылығын айтып, өзінен кіші ұрпақтарына ағынан жарылып, мейіріммен ақ тілегін жеткізуді басты мұрат санайтын кісі деп сезінетінмін. Солай көретінмін. Көпшілік те осындай көңілде еді.
Жасы сексеннің сеңгірінде болса да дене бітімі тіп-тік, қағылез, жараулы тұлпардай, сымбатты келбеті ешбір сыр берген жоқ. Елгезек. Емен-жарқын көңілмен жүздеседі. Аман-саулықтан соң аз-кем сөйлеседі де «Айналайын, абыройлы болыңдар!» деген сөзін айтуды ешқашан ұмытқан емес. Күлімдеп қана ой тастайтыны да жарасымды еді.
Жамбыл жақта игі жақсылар мен жайсаң жандардың зиялы-мәдени мектебінің бір толқынды, ерекше беделді өкілдері деп саналатын Әлмұқан Исақов, Саттар Жанәбілов, Лидия Ахметова, Әмзебек Жолшыбеков, Жандар Кәрібаев, Нілзия Рақышева, Сейітхан Жошыбаев, Әлібек Әмзеұлы және басқа да сыйлы жандармен қатар мемлекеттік басқару қызметінде болды. Қазақ ұғымымен айтсақ, кілең сайдың тасындай таңдаулылар, өңір масштабынан шығып, республикаға аты шыққан тұлғалар – біздің мақтаныштарымызға айналды. Солардың арасында ықпалды, мемлекетшіл қасиеттерімен танылған, өз жұмыс стилі мен қарым-қабілеті ерекше, сөзге шешен, іске мығым Сағынхан Әміреқұловтың өз қолтаңбасы дараланып тұратын.
Бір қызығы, оны алдын ала айтсақ, барлық саналы ғұмырында мемлекеттік лауазымды қызметте болған Сағынхан аға осындай айтулы тұстастары мен қимас үзеңгілестері туралы эссе-жазбаларын мөлдіретіп жазуымен жергілікті қаламгерлерді таңғалдырып, қатты сүйсіндіргені де бар.
Жамбыл облыстық Ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі және осы киелі өңірдің ресми «Құрметті азаматы» қазыналы қарттардың ортасында шынын айтқанда, төрден әділ сөз айтудың төресі әрі турашыл тұлғасы деңгейіне көтерілді. Жақсы қартая білудің жолын берік ұстанды. Әлбетте, қоғамда көп айтылатын «Бетегеден биік, жусаннан аласа болу» қағидасының құнды, пайдалы жақтарын бір кісідей жақсы біледі. Данышпан Пифагор «Ақымаққа – қылышты, ұятсызға билікті сеніп тапсырудың қауіп-қатері бірдей» деп айтқанындай, жастарға осындай билік тағылымдарын көбірек есіне салып жүргеніміз абзал» деп телефон шалған сәттері жадымнан шыққан жоқ. Бұл мәтінде абзал ағаның өз сөзін біздің інілік кіші екенімізді білсе де «сіз» деген сыйластықтың сыпайы әрі салқынқанды сезіммен айтқанын да келтіре кетейін. Ылғи да «сіз» дегенін ыңғайсыздау көрсек те ерекше ізет деп түсіндім, солай қабылдадым. Әрі оқығаны да, тоқығаны да көп тарланбоз қазақтың сөз саптауынан ойласар тақырыптан сыр тартқаны да аңғарылып тұратын.
Бұл кісімен біздің көзбе-көз таныстығымыздан бұрын журналистік жолымыз жақындатқаны да рас. Шынайы ниет пен қонымды қадам, ашық көзқарастар тоғысуы адамдардың бір-біріне деген құрмет пен сыйластықтарын әуелі сырттай қалыптастырады. Ел ішінде жора-жолдастары қалың, сәні мен мәні келіскен Сәкеңмен сіз-бізіміз осылай арнасын тауып, жарасымды жалғасқан.
Ал, енді сәл шегініс жасасақ, кешегі облыс жастар ұйымының жетекшісі болған азаматтың республикаға алғаш танылуы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған бір мақаладан басталған болатын.
Бір ауыз жақсы сөз бір қауым елді де, оның басшысын да ауызбірлікке ұйытады. Дуалы ауыздан айтылғаны да күш-қуат береді емес пе?!
Біз әңгімелеп отырған жайдарлы да жанып тұрған, «отызында орда бұзған» жас азамат Жуалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған жылдары жолы түсіп Шерхан Мұртаза жаз маусымында туған жері – жұмақ мекені Мыңбұлаққа келеді. Даңқы дүрілдеп тұрған, қалам ұшы алтынға бағаланған жазушы ел мен жер жағдайын көзбен көріп, жете біліп, танысқаннан кейін аупарткомның жас хатшысының астық өндірудегі молшылық сөзін тұздық етіп «Жұлдызы биік Жуалы» деген көркем очерк жазып, бас әдеби басылым бетіне жариялайды. Әрбір жаңалық пен жақсы сөз ол заманда тасқа басылғанда, оны көрнекті суреткер жазса, әлбетте, кейіпкердің есімі ел есінде қалады, бейнетті еңбек пен ұжымдық жетістіктердің арқауы қоғамда әрдайым оң бағаланады.
Қасиетті Жуалы жұртының жұлдыздарын айтқанда, Баукең, Бауыржан Момышұлындай ұлы адамдардың қолына су құйып, ғибраттарынан бойына тәлім-тәрбие сіңіріп, ата батасымен өсіп, өркендегені де өз өмірінің өрімдері болар, сірә. Иә, ер Баукең орыстың «порядочность» деген бір ғажап сөзін жиі ауызға алуынан көп сыр түйген екен. Бұл жөні түзу, кісілікті, туа текті, Құдайға қараған, ұяты бар, иман жүзді деген сияқты бірқауым ұғымдарды түгел бойына сыйғызып тұрған сөз екенін де жүрегімен сезініп, көңіліне тоқып алған.
Таулы өңір Жуалыдан соң қазіргі Т.Рысқұлов және бертінде Сарысу аудандарын басқарған оның дәйім осы талаптан табылғанын қатарластары мен жұртшылық өкілдері әлі күнге шейін естен шығармайды.
Өзіндік қалыптасқан дара бір қасиеті жоқ, ғұмыр бойында біреудің ығында жүріп күнелткен адамдардың кешегі кеңестік дәуірде де, одан кейін де аз болмағаны белгілі. Қалың көпшілік те, жады мен зерде де ондай жандарды тез-ақ ұмытып кетеді.
Әсте, Сағынхан Әміреқұлов қолына берген билік аясынан артық кеткен де, асыра сілтеген де емес. Сөзінде дәмі бар, өзінде көп мән бар, жұрт басқару мәдениеті толыққанды, ой-өріс, интеллектісі жоғары адамнан мықты басшы шығатынын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Бұл Әулиеата жұртының арғы-бергі тарихын да, өмірін де жақсы білетін, әділ таразылай алатын қоғамдық ойларының темірқазығы деп сеніммен айтар едік.
Биыл, қаңтар айының аяғында… Кезінде, 1957-1964 жылдары Жамбыл қаласын басқарған, одан кейін де абыройы мен атағы бірдей құрметті Әлімхан Комратов туралы көлемді мақала жазу барысында бір деректі тиянақтау үшін, бір білсе, сол кісі білетін шығар, не жолын табуға көмектесер деп Сағынхан ағаға телефон соғайын.
Қашанда дауысы сыңғырлап шығатын елгезек ағамыз мән-жайды әдеттегінше тез түсінді.
–Жақсыларымыз бен жайсаңдарымызды ұмытпағанымыз жөн ғой. Иә, Әлімхан Комратов – үлкен тұлға болды. Ол кісі туралы айтса, бұл күндері Алматыда тұратын Ғайникен Бибатырова апаң айта алады. Олар облыста қатар қызмет атқарған, сыйласқан кісілер, – деп, байырғы мемлекет қызметкері, аяулы апайдың телефон нөмірін жатқа айтқандай тауып берді.
– Енді тапсырма алдық, екі-үш күн мүмкіндікте оны міндетті түрде орындаймыз, – деп біз сұраған деректі іздестіретінін тағы да ықтияттап жатты…
«Апырай, жасым сексенге келді, менен не сұрайсыңдар, қарақтарым», демесе де, «неге әурелейсіңдер», десе де жетіп жатыр ғой,ә?! Жоқ, сенімге ешқашан селкеу түсірмеген Сағынхан аға сексен жасында да қоғам мен ел мұраты үшін сергек еді.
Байтақ еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға және қоғамды өркендетуге ақылымен де, жігерлі қызметімен атсалысты.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді