Естен кетпес есім...
Теңіздің толқынындай тербелген «өмір» деген өркенді дүниеден қапыда тағы бір асыл азамат ағамыздан айырылып қалдық... Елі ардақтаған, жұрты қалаған Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағынхан Әміреқұлов ағамыздың Алла аманатын өзіне тапсырып, дүниеден өткеніне де қыр айналған қырық күн толып отыр. Өз даналығы, өз даралығы бар қимас ағамыз маған кеше өзі үзенгілес өмір кешкен, қатар жүріп айрықша сыйласқан облысымыздың «паспортындай» болған Әлмұқан Исақ, Саттар Жәнәбілов, Марс Үркімбаев, Жандар Кәрібаев, Санат Ахтамбердиев, Арғынбай Бекбосын, Ералы Дадабаев пен Әлібек Әмзеұлы сынды жайсаңдардың «көзіндей», артында қалған «тұяғындай» көрінуші еді!
Бабалар өсиетін қазық етіп, таспадай тартылған өмір және қызметтік жолдарын көпке өнеге еткен, биыл сексен деген қастерлі жастың сеңгіріне шыққан киелі Әулиеата өңірінің үлгі тұтар айбоз ұлдарының бірегейі және беткеұстар қариясы, «ақырын жүріп, анық басып», абыройды арқалап, ізгілікті алқалап жүрген ел ағасы Сағынхан Әміреқұлов ағамыздың бес күн жалғандағы дәм-тұзы таусылыпты.
Облыстық комсомол ұйымының қоңыраулы көшінің он жылға жуық керуен басындай болған ол 36 жасында Жуалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейінгі жылдары Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарын табысты басқарып, зейнетке облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметінен шыққан еді.
Осы қызмет атқарған аласапыраны көп, ақ бораны мен қызыл дауылы үзілмеген жылдары қиындықтардан қаймықпайтын тік мінез, құлан сүйек Сәкең тек қана адалдық пен әділдіктің алдына тізесін бүгіп, тазалықтың алдына бас иіп, ақыл-ойына жақсылық пен мейірімнің мәртебелі ұғымын қалыптастырды. Осылайша, өмірлік ұстанымына айналған осы бір ерекше қасиеттер қашанда оның болмыс-бітіміне сән беріп тұрушы еді! Өйткені, кешегі Д.Қонаев, Х.Бектұрғанов, С.Аққозиев, Ғ.Бибатырова, Е.Олжабаев сынды тау тұлғалардан тәлім алған, шарапатын көрген Сәкең мына өрелі өмірде ұстаздарынан түйген тағылымы мен тәрбиелеріне, үйреткен тиянақтылық пен жауапкершілікке және сенімдері мен үміттеріне дақ түсірмей кетті деп ойлаймын.
Бір көргенде бойын жасырған тұлпар секілді көрінетін, шымыр денелі, шапшаң қимылды, бірақ адалдығынан айнымаған Сағынхан Әміреқұлов осы жолдарда күркіреп келетін, дүркіреп жүретін, терісіне сыймай ісініп-қабына беретін басшы болған жоқ.
Ешкімді бөлмеген, ешкімнен бөлінбеген ол сырт көзге алғашқыда ішін бермейтін, сыртын алдырмайтын, кісікиіктеу, бірегей жұмбақ жандай салқындау көрінгенімен, араласа жүрген азаматтар оның бойындағы ақкөңілдік пен ашықтықты, таза пейіл мен кең ниетті әркез сөз етіп жүргендіктерін талай мәрте естудің де сәті түскен еді.
Жарқылы сөнбеген, қызуы басылмаған оның жылы жүзі, күлімдеген көзі, езу тартар жай ғана күлкісі, етегін самал желпігендей ойға толы толғанысты майда жүрісі, қарағайдай тік бойы, сезімтал жүрегі, қиналған, қысылған жанды көп ойлайтын кішіпейіл кейпі, адами болмысын ашып тұратын салмақты сөздері, асылы терең ақылдары көз алдымнан кетпейді...
Ешқашан арды аттамаған, пендешіліктің пердесін ашпаған, қас көңілден алабөтен, орны толмас Сағынхан ағаның артында көкейінде жүрген армандары, отбасындағы ойға алған жоспарлары мен тіршілік тілектері орындалмай қалды-ау... Дейтұрғанмен, өмір-өзен мен ұрпақтар сабақтастығы жалғаса бермек. Арты аман болсыншы!
Бекзат болмысты Сағынхан ағаның артында қалған аяулы жары, мәңгілікке серттескен серігі Раушан тәтеге, ұл-қыздары Қайсар мен Уәлиханға, Инабат пен Мухабатқа, өз перзенттеріндей көрген Болат пен Нұрланына және аталық мейірімін төккен Дархан бастаған немерелеріне амандық тілеймін! Аға жаққан Отанының оты мәңгі өшпесін, жарығы сөнбесін, есігі жабылмасын!
Қырғызәлі ТІЛЕУОВ,
Мемлекеттік қызмет ардагері.
Астана қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ауыл - шабыттың кілті, шынайылық пен рухтың алып бәйтерегі
- 23 қаңтар, 2025
Сұрапыл соғыста сынға түскен жамбылдық дәрігер
- 21 қаңтар, 2025
Ақпарат
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді