«Гүл сыйлаймын анаға»

«Гүл сыйлаймын анаға»
ашық дереккөз
«Гүл сыйлаймын анаға»
Ана мейірімі барлық бала үшін бәрінен де қымбат. Тіпті, оның ескерту жасап, дауыс көтере сөйлегенінің астарында да махаббаттың лебі есіп тұрады. Тағдырдың жазуымен туған ата-анасының қамқорлығынан қалыс қалған бүлдіршіндер мемлекеттің бар жағдайды жасаған үйінде өмір сүрсе де, ананың ыстық алақанын аңсайды. Біз оны өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында өткен «Гүл сыйлаймын анаға» атты мерекелік іс- шарадан тағы да байқадық. Көктемнің алғашқы күніндегі Алғыс айту мерекесі мен халықаралық қыз-келіншектер мейрамымен қатар ұштасқан іс-шара орталық тәрбиеленушілерінің «Мейірім» жобасы аясында қолдау көрсетіп жүрген демеушілерге, тәлімгерлеріне және өздері білім алатын мектеп ұстаздарына алғыс білдіруін көздеді. Жеткіншектерді сыйластыққа, мейірімділікке баулу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев та қатысып, орталықтың тыныс-тіршілігімен, жұмысымен танысты. Бүгінде бұл орталықта 107 бала тәрбиеленуде, оның 20-сы жазмышпен жетім қалғандар болса, 61-і ата-анасының қамқорлығынан айырылғандар, тағы 20 бала әке-шеше қадағалауынсыз қалғандар, алтауы сот шешімімен арнайы мектепке жіберілетіндер. Оларды жан-жақты тұлға етіп тәрбиелеу үшін орталықта «Stars» сән және сұлулық мектебі, отбасы үлгісіндегі «Қуаныш» және «Балауса» жанұясы, «Адалдық» дүкені, «Тігін және қолөнер шеберханасы», «Бейнелеу өнері», «Коворкинг орталығы», «Ас отау» аспаздық үйірмесі, психологиялық қызмет, медиация бөлмелері жұмыс істейді. Келген қонақтарға LED экран арқылы виртуалды саяхат ұйымдастырылып, балалардың шығармашылық көрмесі көрсетілді. Мұнда балаларды өнерге баулып, сол арқылы бойына ізгі қасиеттерді сіңіру мақсатымен 16 үйірме 3 бағытта жұмыс істейді. «Ас-отау», «Сымбат», «Жібек», «Балауса», «Компьютер», «Інжу маржан», «Прима», «Радуга» бейнелеу өнер, би, ән, өнер, қолөнер, тігін үйірмелері, «Шахмат», «Үкілі домбыра», «Импровизация» гитара, «Томирис» сұлулық мектебі мен «Анаға тағзым» орталығына барып, балаларға жан-жақты кәсіби бағдар беріледі. Сонымен қатар, «Футбол», «Еркін күрес», «Армрестлинг», «Баскетбол» секциялары да бар, оған балалар түгел қатысады. Соның нәтижесінде халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық жарыстарға белсене қатысып жүрген балалар үлкен жетістіктерге жетіп, халықаралық байқаудан 5 бала, республикалықтан 14 бала, облыстықтан 10 бала, қалалықтан 2 бала жүлделі орындарға ие болған. Мерекелік концертте орталықтың балалары аналарға арнап ән шырқап, түрлі би билеп, өнерлерін көрсетті. Келген қонақтармен ашық сұхбаттасып, алға қойған мақсаттарын айтып, үлкендер кеңес берді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар