Еңбекпен есейген ер
Бүгінде сексен жастың сеңгіріне көтеріліп отырған Аманкелді Карентайұлының балалық шағы соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдарға тұспа-тұс келді. Мойынқұм ауданының Аманкелді ауылында дүниеге келген. Оның әкесі майдан даласына өзі сұранып кетіп, содан оралмаған. Атасы Тілепберген мен әжесі Жібектің қамқорлығында өскен, жастай жесір қалған анасы Айтбала колхоздың қара жұмысын істеген ауыл баласы ерте есейді. Бір үйдегі жалғыз ұл буыны бекісімен шалғымен шөп шапты, қысы-жазы үйдің бар тірлігін атқарды. – Адамның қалыптасуы бала кезден басталады деген рас. Менің бар ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған азамат болып шығуыма балалық шағымның ауылда өтуі әсерін тигізгені айқын, – дейді Аманкелді Карентайұлы.
Талапты жас шаруашылыққа аса қажет мамандықты қалап, Қордайдағы кеңшар-техникумды бітіріп, еңбек жолын Луговой (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданындағы «Қызыл ту» колхозының машина-трактор шеберханасында бақылаушы-механик болып бастады. Көп ұзамай шеберхана меңгерушісі болды. Талабы тас жарған кезінде білімін толықтыруға ұмтылды. Алдымен Жамбыл технологиялық, одан соң Алматы ауыл шаруашылық институтын бітірді. Инженер-технолог, инженер-механик мамандықтарын меңгерді.Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу және пайдалану жөніндегі бас инженері болып тағайындалды. Білікті, іскер маман ретінде атағы шықты. Ұзамай Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне нұсқаушылық қызметке алынды. Ол кезде мұндай мәртебеге екінің бірінің қолы жете бермейтін. Білікті, сауатты мамандар ғана жоғарылатылатын. Бұл қызметте де өзін таныта білген Аманкелді Карентайұлы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында сырттай оқып, экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алды. Бұл 1978 жыл еді.
Айта кетерлігі, сол жетпісінші жылдары Мәскеуде аспирантура бітіріп, ауыл шаруашылығы саласы бойынша кандидаттығын қорғағандар елімізде саусақпен санарлық қана болатын. Аманкелді Карентайұлымен біздің таныстығымыз осы кезден басталады.
Өз басымыздан өткендіктен өте жақсы білеміз, ол кез ғылым жолына түскендерге қойылатын талап өте жоғары еді. Көп ізденуге, оқуға, зерттеу жұмыстарымен тыңғылықты айналысуға тура келетін. Аманкелді Карентайұлының көз майын тауысып жазған кандидаттық диссертациясына өзек болған, Мәскеулік ғалымдар құптаған ғылыми ұсыныстарын Жамбыл облысының қала маңындағы шаруашылықтары өндіріске енгізіп, жыл сайын 8-11 миллион сом экономикалық тиімділікке қол жеткізгенінен хабарымыз бар.
Аманкелді Карентайұлы 1983- 1987 жылдары «Облсельхозхимия» бірлестігінің төрағасы, 1987 жылы «Жамбылагроөнеркәсіптік көлік» облыстық басқармасының бастығы, 1987-1991 жылдары Жамбыл агроөнеркәсіптік комитеті төрағасының орынбасары – «Облагроөнеркәсіптік техника» бірлестігінің төрағасы болып қызмет істеді. Қызметте үнемі өрлеп, өсіп отыруы білікті, мықты маман ғана емес, қайда да тынымсыз ізденістерге, қажырлы еңбекке баратындығынан деп білеміз.
Тәжірибесі толысқан басшы- маман ретінде облыс басшылығы 1991 жылы Аманкелді Карентайұлын Қазақстан Компартиясы Ш у аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп жіберді. Құрылымдық өзгерістер жүргізілуіне байланысты, 1992 жылы Шу аудандық халық депутаттары кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ұзамай әкімдік басқару институты енгізіліп, Шу ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Экономикасы сан-салалы болып келетін іргелі ауданды басқарған жылдарында Аманкелді Карентайұлы егіншілікке қазіргі заманғы технологияларды енгізуді қолға алды, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізуге басымдық берді. Табиғаты қатал ауданда бұрын гектар қайтарымы 7-8 центнерден аспайтын. Егістік алқаптарының көлемін ұлғайта отырып гектар қайтарымы 14-15 центнерге дейін жетуін қамтамасыз етті. Ауа райы өте құбылмалы болғанын, өтпелі кезең қиыншылықтарын ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес болатын.
Әуелі Шу өзенінің бойын жайлаған шаруашылықтардың арасында жаз шыға орын алатын ағын суға қатысты дау-шарды тыю үшін пәрменді шаралар қабылдануына ықпал етті. Тіпті, егін шаруашылығымен айналысатын барлық шаруашылықтардың басшыларын, бас агрономдарын ертіп алып, қант қызылшасы мен жүгері алқаптарын тікұшақпен әуеден шолуды ұйымдастырды. Нәтижесінде, жерді тиімсіз, ағын суды ысыраппен пайдалану, егіске күтім жасауда олқылықтарға жол беру тыйылды. Шу ауданының дихандары мол астық өсіріп, оның артылғанын негізінен қазақтар тұратын Монғолияның Баян- Өлгей ауданының нан тапшылығын көрген тұрғындарына 4000 тонна ұн жөнелтті, ақысына ол жақтан 76 мың бас қой айдап әкелінді. Аудан мемлекетке ет тапсыру жоспарын артығымен орындады.
Қант қызылшасын өсіруде Францияның «Сюкден-Кери» фирмасымен әріптестік орнатылды. Ағылшын-Қазақ бірлескен кәсіпорны ашылып, Шатыркөл, Жайсаң кен орындарының жұмысын жандандыруға негіз болды.
Шежірелі Шу өңірінде Аманкелді Карентайұлының басқаруымен қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты үш бидің бірі Төле бидің тұңғыш ауқымды мерейтойы кіндік қаны тамған Жайсаң жайлауында республикалық деңгейде өткізіліп, ең алғашқы ескерткіші орнатылды. Ауданның рухани саласында да қаншама жақсы өзгерістер болды. Мәселен, аудан орталығы Новотроицк селосының атауы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен Төле би ауылы болып өзгертіліп, әділдік салтанат құрған еді.
Нарықтық қатынастарға көшудің ең ауыр кезеңі – 1995-1998 жылдары Аманкелді Карентайұлы қала іргесіндегі Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданын басқаруға жіберілді. Мұнда да ең алдымен қордаланып қалған мәселелерді шешуіне тура келді. Егіншілікте дәнді дақылдар түсімінің ала-құлалығы, кей шаруашылықтарда мүлде төмен екендігі сулы-нулы аудан үшін төзгісіз жайт болатын. Бұл тығырықтан шығудың жолы – тұқым шаруашылығымен шындап айналысуда жатқан еді. Осыдан да аудан сол тұста мен басқаратын Қазақ егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жанынан құрылған «Асыл тұқым» асссоциясымен кел ісімш артқа отырды. Біздің ғалымдардың көмегімен ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын арттыру бағдарламасы талданып, жасалды. Ол кезең-кезеңімен іске асырылды. Аудан шаруашылықтары жоғары түсімді «Жетісу», «Безостая-1», «Стекловидная-24», «Богарная-54» сорттарын сол жылдардан бастап өсіре бастады. Ғалымдармен ынтымақтың қайтарымы әрине, жақсы болды.
Ауданды басқарғанына жылдан аса уақыт өткенде реформалаудағы табыстары облыстық әкімдіктің алқа мәжілісінде жақсы баға алып, басқа аудандарға үлгі болды. Мұны республиканың бас газеті «Егемен Қазақстанның» 1977 жылғы 12 тамыздағы санында «Нақты іс қимыл кезеңі» деген тақырыппен жарияланған белгілі журналист Әділ Дүйсенбектің Аманкелді Карентайұлымен сұхбатынан оқып білген едік.
Облыстың іргелі екі ауданын сегіз жылдан астам уақыт табысты басқарған Аманкелді Карентайұлы 1998 жылы оңтайландыру науқаны кезінде білікті қызметкерлерінің дені қысқартуға ұшыраған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына басшы болып тағайындалды. Жаңа қызметке келе салысымен саладағы жағдайды оңалтудың шараларын қолға алды. Солардың ішінде тұқым шаруашылығын қайта жаңғыртып, дәнді-дақылдар түсімін арттыруды назарында ұстады. Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институты мен «Асыл тұқым» ассоциясымен бидай мен арпаның аудандастырылған және болашағы зор сорттарын енгізу бойынша ұзақ мерзімдік әріптестік туралы Бас келісім жасалып, бұл жұмыс оң нәтижесін берді.
Ауыл жылдарының алғашқысында Жамбыл облысы мол астық өсірумен танылды. Егін орағы қорытындысында жалпы түсім 752 мың тоннаны, әр гектардың қайтарымы орта есеппен 20,5 центнерді құрады. Мұндай табысқа жетуге облыста бидайдың сапасын жақсарту мақсатында 2003- 2005 жылдарға арналған арнайы бағдарлама жасалып, ол бойынша шаралар тыңғылықты іске асырылғаны көмегін тигізген еді.
Әлі есте, 2003 жылы Қазақстанда жаңа мыңжылдық үшін рекордтық көлемдегі астық бастырылды. Бұған Жамбыл облысының дихандары қомақты үлес қосты. Аталған жылы күзде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2003 жылғы егін орағының қорытындылары талқыланған көшпелі алқа мәжілісінде Аманкелді Карентайұлы басқаратын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының біздің институт ғалымдарымен, селекционерлерімен жемісті ынтымақтастық орнатқаны, ал, астық өндірісінде мұның жоғары қайтарым беріп отырғаны үлгі етілді. Сол жиында Аманкелді Карентайұлы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мал шаруашылығында да іргелі табыстарға қол жеткізілді. Бұған облыста мал тұқымын асылдандыруда жүйелі жұмыстар атқарылуы өз көмегін тигізді. Өзі бастама көтеріп, Үкімет алдында мәселе қойылып, «Көктал», «Талас», «Тоғызкент» және «Асылдандыру» акционерлік қоғамдары облыстың коммуналдық меншігіне алынды. Бұл асыл тұқымды қойдың нәсілдік қорын сақтап қалуға көмектесті. «Қаракөл» кешенді бағдарламасы жасалып, іске асырылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған жылдары Аманкелді Карентайұлы облыстық көкбөрі қауымдастығының төрағасы болып сайланды. Тараз қаласының іргесіндегі атшабарда көк бөріден Орта Азиялық мемлекеттердің (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан) халықаралық турнирі ұйымдастырылды. Сол жылдары облыстың «Әулиеата» көкпаршылар командасы бірнеше мәрте республика чемпионы атанды.
Жалпы, облыс ауыл шаруашылығын он жылдан астам басқарған кезінде Аманкелді Карентайұлының жемісті қызметі, ізденістері лайықты бағасын алып отырды. Оған ауыл шаруашылығы өндірісінің білікті ұйымдастырушысы ретінде алпыс жасқа толғанында ел Президентінің арнайы алғысы мен «Алтын барыс» белгісі тапсырылды.
Аманкелді Карентайұлы басқару органдарында, ауыл шаруашылығы саласында қызмет істеген жылдары 50-ден аса ғылыми мақалалар жазды, 2 монографиялық еңбектің, 5 кітаптың авторы атанды. Оның құрастырып, редакциялауымен шыққан «Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы тәуелсіздік жылдарында» анықтамалығы салада еңбек ететіндер арасынан оқырмандарын көптеп тапты. 2006 жылы орыс тілінде баспадан шыққан «Система ведения сельского хозяйства Жамбылской области» кітабының редакциялық алқасы құрамында республикаға танымал ғалымдармен қатар экономика ғылымдарының кандидаты Аманкелді Карентаевтың да есімі тұр.
Аманкелді Карентайұлы 2008 жылы зейнеткерлік жасқа жеткен соң да ауыл шаруашылығы саласынан қол үзген жоқ. Сол жылы Жамбыл облысы әкімдігінің агроөнеркәсіптік кешен мониторгін дамыту бөлімінің меңгерушісі, ал, 2009 жылдан 2019 жылға дейін «Оңтүстік» қаржы компаниясы» акционерлік қоғамының Жамбыл филиалында еңбек етіп, облыстың ауыл шаруашылық құрылымдарын жаңа техникамен жабдықтау мәселесімен айналысты.
Аудандар мен облыстық басқарманы басқарған кездерінде Әулиеата өңірінен шыққан бірқатар атақты тұлғалардың ескерткіштерін орнату, мерейтойларын өткізуді Аманкелді Карентайұлының жақсы ұйымдастырғанын, өзге де игі шараларға да атсалысып азамат ретіндегі парызын орындауда үлгі бола білгенін өз тұстастары, облыстың қадірменді ақсақалдары жақсы білетін. Жақсы білгендіктен де 2014 жылы Халықаралық Д.Қонаев қорының облыстық бөлімшесінің төрағасы етіп сайлады. Қор бөлімшесін басқарған жылдары Дінмұхамед Ахметұлындай дана тұлғаны насихаттауда қыруар тірлік атқарылғанынан республика жұртшылығы да жақсы хабардар. Тікелей өзі араласып, Астанаға ат ізін салып жүріп қор бөлімшесімен бір аумақта орналасқан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына Үкімет қаулысымен Д.А.Қонаев есімі берілуіне қол жеткізді. Кемеңгердің 105 жылдығы лайықты аталып өтті. Жоғары сұранысқа ие болып, баспадан екі рет шығарылған, облыстың барлық кітапханалары алған екі томдық «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» естеліктер кітабы (құрастырып, баспаға дайындаған журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы) жарық көрді, бейнеролик шығарылды. Тұңғыш рет жазба ақындар мүшәйрасы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлескен республикалық ғылыми- тәжірибелік конференция өткізілді. Бұл қоғамдық қызметін 2019 жылға дейін атқарып, «Д.А.Қонаев – 105 жыл» медалі және «Д.А.Қонаев» ордені өңіріне тағылды.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына тарту ретінде Аманкелді Карентайұлы 2012 жылы «Шаруағұмыр» атты ғұмырбаяндық кітап жазып, баспадан шығарды. Бұл еңбегінде ол өзінің өмір, қызмет жолы ғана емес, облыс ауыл шаруашылығы саласының қалыптасу тарихынан да сыр шертеді.
Аманкелді Карентайұлы елу алты жыл отасқан аяулы жары, марқұм Күлзипа Анабекқызы екеуі отбасында Ермек, Гүлжан, Әлия, Болат деген перзенттерін аялап өсірді. Үлкен ұлдары Ермек әке жолын қуып, әуелі Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик, кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін қаржы және несие мамандықтары бойынша бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Бүгінде Жамбыл облысының жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымында қызмет істеп жүр.
Үлкен қыздары Гүлжан Жамбыл технологиялық институтын бітірген. Бүгінде – бухгалтер.
Аманкелді Карентайұлының кенже қызы Әлия Алматы Заң академиясының түлегі. Тараз қаласында нотариус.
Қуанышы мен қайғысы кезектесетін өмір ғой. Аманкелді Карентайұлы үшін болашағынан зор үміт күттірген болмысы бөлек кенже ұлы Болатынан айырылу өте ауыр соқты. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияның Кардиф университетінің магистратурасында оқитын ұлы өзімен бірге білім алып жүрген сүйген қызы Айнұрмен бірге қысқы каникулға еліне ата-аналарынан үйленуге рұқсат сұрауға келе жатқандарында Каспий теңізі үстінде болған ұшақ апатынан қаза болды.
Екі жастың махаббаты мен қысқа ғұмырларында арттарына өшпес із қалдырғаны, соңғы сәттегі ерліктері туралы көп жазылды. Тараз қаласында екеуіне ескерткіш тұрғызылып, «Жастар алаңы» ашылды. Ертіс өзенінде «Болат Карентаев» жүк кемесі жүзіп жүр.
Өмір 2021 жылдың қыркүйек айында тағы бір ауыр сынын алдынан тосты. Елу бес жыл бірге тату-тәтті ғұмыр кешкен жары Күлзипа Анабекқызы ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін қайтыс болды. Бұл ауыр соққыға да қабырғасы қайысса да, нар қайратпен төзе білді.
Бүгінде Аманкелді Карентайұлы немерелерінің қызық-қуанышын бөлісіп, олардың амандығын тілеп жүрген қария. Өңірдің қоғамдық-саяси өміріне де белсене қатысып келеді. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде де елге кеңінен танымал.
Рахым ОРАЗАЛИЕВ,
биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының, Ресей ауыл шаруашылығы академиясы мен Украина аграрлық ғылымдар академиясының академигі,
Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Алматы қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Өзекті мәселелер өз шешімін тауып келеді
- 13 желтоқсан, 2024
Ақ жүрек, адал ниет иесі еді
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді