«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ата-анадан артық кімің бар...

Ата-анадан артық кімің бар...
ашық дереккөз
Ата-анадан артық кімің бар...
Облысымызда 463 618 кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Соның 1224-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Олардың 129-ы патронаттық тәрбиеде болса, 65-і «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында», 11-і «Үміт» бөбектер үйінде, 19-ы облыстық жасөспірімдер үйінде және 18 бала №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында тәрбиеленуде. – Талдау көрс еткендей, өткен жылмен салыстырғанда осы санаттағы балалардың саны 1260-тан 1224-ке дейін азайған. Қамқоршылықтағы, қорғаншылықтағы балалардың қамқоршысы және қорғаншысы тарапынан зорлық-зомбылық, қатыгездікпен қарау жағдайлары анықт а лмады және білім беру ұйымдарының педагог-психологтары әр баламен жеке-жеке жұмыс жүргізді. Былтыр бюджеттен отбасылық тәрбиені дамыту мақсатында қорғаншылыққа, қамқоршылыққа алынған балаларға 360 миллион 534 мың теңге, патронаттық тәрбиені дамытуға 166 миллион 646 мың теңге, қабылдаушы отбасыларды қаржыландыруға 67 миллион 427 мың теңге, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлемді тағайындауға 2 миллион 334 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Мейірім» жобасы аясында облыстағы мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың басшылары, бизнес өкілдері 1258 баланың «Отбасы банкінде» ашылған есепшоттарына 67 миллион 884 мың теңге қаражат аударды. Жиналған қаражат бала кәмелет жасқа толған соң өмірлік қажеттілігіне жұмсалады. Биыл облыста ақпан айы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте 39 015 адам тұр. Оның 2 977-сі жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Облыста осы санаттағы балаларға соңғы 6 жылда 766 пәтер берілді, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Еркебұлан Таткеев. Бағзыдан-ақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақтың «жетім көрсе жебей жүретін» әдеті бар. Бүгінгі таңда жеткіншектердің ертеңін ойлап балаларға арналған түрлі орталықтардың ашылуы да соны меңзейді. Мұндай орталықтардың қараусыз қалған қара балаға берері мол- ақ. Дегенмен, қарашаңырақта қайнаған қара қазанның дәмі бөлек. Орталықтағы баланың барлық жағдайы жасалғанымен, олардың тәрбиесі көпке ортақ. Бәріне бірдей қарайтын тәрбиеші, бәріне бір уақытта берілетін ас-ауқат, бір уақытта ұйықтайтын жатын бөлме. Мұнда әрқайсымен өбектеп отыруға әлеуметтік қызметкерлердің мүмкіндігі де, уақыты да жоқ. Сондықтан олар қызыл масаты кілем, мамық диванның үстінде отырып та, анасының тізесіне басын қойып ұйықтаған балаларға қызығады. Балалар үйінің самаладай жарық бөлмесін алтынмен аптап, күміспен қаптап жатса да, жай ғана әкесімен бірге асық ойнап жүргісі келеді. Иә, бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны сияқты, бір ананың мейірімін жүз тәрбиеші де бере алмас... Бала үшін өмір кілті – ата-ана. Бүгінде баланы отбасына бейімдеудің тағы бір түрі – патронаттық тәрбие жолға қойылды. Патронаттық тәрбие жетімдіктің алдын алуға және баланың үлкендермен айналасындағы адамдардың тұрақты түрде қарым-қатынас жасап отыруына және олардың психикасының дұрыс дамуына әсері мол. Қазіргі таңда ата-ананың қарауынсыз қалған жарымжан баланың көңіліне қуаныш сыйлап, өз қамқорлығына алып, оларға ата-аналық махаббат сыйлаған жандар баршылық. Сондай мейірім тұнған отбасының бірі – Юнусовтар әулеті. Мақсұт орда бұзар отызында отбасын құрып, жары Перизатқа жетімдер үйінен бала алуға ұсыныс жасайды. Жұбайы күйеуінің бұл тілегін қуана қабыл алып, екеулеп құжат дайындап, өз мақсаттарын іске асыруға асығады. – Отанымды сүйемін. Ал, Отан – отбасынан басталады. Менің әкемді өзбек ұлтының отбасы асырап алған екен. Соларға деген зор құрметпен бала күнімнен көкейімде жүрген арманның бірі – өз қамқорлығыма бала алу еді. Алдымен кіші ұлым Елнұрдың суретін көрдім. Ұнады. Елнұрдың Қанат есімді туған ағасы бар екен. Әрине, екі бауырды бөлуге болмайды. Бірден алатынымды айттым. Жұбайым екеуміз балалармен танысуға барғанда кіп-кішкентай еді. 5 және 7 жаста. Екеуі де көздері жәудіреп, мұңайып отырды. Тағдыр тауқыметін тартқан балалар екені көрініп тұр. Бастарын көтермей, үнсіз отырды да қойды. Жүрегіміз қан жылап, өбектей жөнелдік. Кейін үйде «Әке» деген сөзін алғаш естігенде жүрегім елжіреп, тұла бойымды ғажап сезім биледі. Ішімнен шүкір етіп, қуанышымда шек болмады. Осы екі ұлымнан кейін келіншегім қыз босанды. Қос ұлым үнемі қасымда жүреді. Менің қолымнан не келеді, олар да соны жасайды. Бүгінде имандылыққа баулып, Құран оқуға үйретіп жатырмыз. Күн жылыса өздерінің қалауымен үлкенім күреске, кішісі футболға барады. Бүгінде ата-әже, туған- туыстардың бәрінің сүйікті ұлдарына айналды. Өз аналары балалардан бас тартқан соң, аналық құқынан айырылған. Ал, құжатта әкелері деген тұс бос тұр. Бүгінде туған шешелері отбасы құрып, ұлды болған екен. Енді біздің бір ғана тілегіміз бар. «Сол әйелге Құдай мейірім берсінші» деп тілейміз. Қолындағы баласынан бас тартып, тағы да жетімдік тартқызбаса екен деп тілеймін, – дейді отағасы Мақсұт Юнусов. Бала көңілі сезгіш, талғампаз. Ол да өмір жолын таңдауға өз құқы бар. Бүгінде сонау жылдары балалар үйінен 5-7 жасында келген бүлдіршіндер, бүгінде 5-7 сынып оқиды. Олар өз жолын Мақсұт пен Перизаттың шаңырағынан таңдады. Балғындар барлық қиындықты ұмытқандарын, бүгінгі ата-анасымен бірге жарқын болашаққа нық қадам жасап қойғанын айтады. Дәл осылай бір үйдің ағалы- қарындасты үш перзентін аялап отырған отбасы мүшелерімен де тілдестік. Отанасы балалардың атын атап, түсін түстеуге қарсылық білдірді. Оған себеп, «балалары есіне түсіп кетсе, әке-шешесі алып кетер, алып кетсе біз қандай күй кешеміз» деген үрей еді... Дегенмен, тағдырының тарихымен бөліскен ана басынан өткерген жағдайы жайлы айтып берді. – Қыз күнімде еш қиындық көрмедім. Сондықтан болар, тым талғампаз едім. Отбасын құруға асықпай жүріп, жасымның қалай 45-ке жеткенін де байқамаппын. Солай, отау құруға ниет білдірген өзіммен қатар жігітке келісім бердім. Бала сүюге кеш екенін ұқтым. Сөйтіп, жетімдер үйіне барып, бір үйдің үш перзентімен таныстық. Кішкентай бүлдіршіндердің әке-шешесі бар, бірақ ішкілікке салынған екен. 2,4,6 жастағы бүлдіршіндерге балалар үйі бірнеше рет ота жасатқан. Олардың екеуі қоларбада отыр еді. Сөйлемейді, тіпті күлмейді, жүре де алмайтын үш перзентті арқалап үйімізге келдік. Қандай жағдай болмасын, балалардан бас тартқым келмеді. Алдымда небір қиындықтардың күтіп тұрғанын білдім. Үшеуін бірдей түнімен дәретке тосу, ас дайындау, ем- домы, шомылдыру, киіндіру сияқты түрлі тіршілік басталып кетті. Шаршайсың. Алайда, олар «апа» деп мойныңа асылғанда бәрін ұмытып, қайта тұрып алға талпынасың. Олардың маған бала болғаны сияқты, мен жай ғана оларға ана болғым келді. Маңдайын сипап, мейірім төксем, құлан-таза айығып кетер деп сеніп, «Айналайын» деп айтсам, сөйлеп кетер деп үміттендім. Бүгінде балаларды бауырыма басқаныма екі жылдан асты. Бүлдіршіндер аяққа да тұрды, сөйлеп те кетті. Ұстаздары, дәрігерлері болсын балалардың жайнап-жадырап шыға келгеніне таң-тамаша болды. Ана мен әкенің махаббаты барлық қиындықтан алып шығады, – дей бергені сол, құлдыраңдай жүгіріп келген кішкентай бала «Апа, маған атамның әкелген алмасын берші» деп былдырлап жатты... Қазақта «Бір жетімнің маңдайын сипасаң, жұмақтың жеті қақпасы ашылады» деген аталы сөз бар. Ал Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Кімде-кім Алла разылығы үшін бір жетімнің басын мейіріммен сипаса, оның қолына тиген шашының санындай сауап жазылады» деген екен. Сондай-ақ, өз баласынан өзі жеріген безбүйрек әке- шешесінің тасжүректігінен осы күйге ұшырағандар да жетімдер санатына жатады. Сондықтан түрлі жағдайлармен панасынан айырылған жетімдерге пана болу да сауабы мол қайырлы іс екендігі даусыз. Құранда: «Олар сенен жетімдердің жайын сұрайды. Оларға: Жетімдерді түзету жақсы. Тіпті оларды қосып алсаңдар, сонда олар туыстарың» деп жазылған екен. Пайғамбарымыздың айтуынша: «Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй, ішінде жетімі болып, оған жақсылық жасалатын үй» делінген. «Ең қайырлы үй – жетімі бар үй» деп бағаланған. Бірде пайғамбарымызға бір кісі келіп, өз жүрегінің қаттылығын білдірді. Оған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жүрегіңнің жұмсаруын, сөйтіп арманыңа жетуін қалаймысың? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамағыңнан бөліп бер. Сонда жүрегің жұмсарады. Сөйтіп арманыңа жетесің», деген екен.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар