«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кең ауқымды кездесу

Кең ауқымды кездесу
ашық дереккөз
Кең ауқымды кездесу
Кешегілерден қалған нақыл сөзбен айтсақ, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін аналардың шуақты мерекесі қарсаңында кең ауқымды әйелдер форумы өтті. Жамбыл ауданында ұйымдастырылған форумның мақсаты – отбасы институтын қалыптастыру, гендерлік теңдік, отбасы мен қоғамдағы әйелдердің және балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық дағдарыс жағдайларының алдын алып, қауіпсіз ортаны қалыптастыру. «Әйел. Отбасы. Қоғам: Елдің тұрақты дамуы» атты форум жұмысы 4 секция арқылы жүргізілді. Олар «Қазақ әйелі – ел бірлігінің кепілі», «Отбасы: құндылық, мәселе және шешім», «Әйел және Бизнес», «Мүмкіндіктер алаңы» тақырыптарында өрбіді. Секция жұмыстары пленарлық отырысқа жалғасты. Бүгінгі қоғамдағы қыз-келіншектердің ролі айшықталып, түйткілді мәселелер талқыланған отырыста ұтымды ұсыныстар да айтылды. – Әйелдер форумының пленарлық отырысы басталар тұста баршаңызды бүкіл әлем халқы ерекше құрметпен қарсы алғалы отырған Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, сіздерге отбасы бақыты мен тұрмыс жарасымын тілеймін. Мемлекет басшысы «Әйел – шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады», – деп айтқан болатын. Тәуелсіздік алған сәттен бастап елімізде гендерлік саясат мақсатты түрде жүзеге асырылып келеді. Осының нәтижесінде әйелдерге өздерінің кәсіби және шығармашылық әлеуеттерін арттыруына жол ашылды. Бұл бағыттағы мемлекеттік саясатқа ұдайы мән беріліп, ана мен баланың құқығы қорғалып, отбасының құндылықтары алдыңғы қатарға қойылуда. Нәтижесінде саяси, мемлекеттік лауазымды және жауапты қызметтерде нәзікжандылардың үлес салмағы айтарлықтай артты. Ауданымызда да осындай жағымды динамика байқалады. Бүгінде қоғамның түрлі салаларында әйелдердің қатысу белсенділігі едәуір өскен. Мысалы, білім саласындағы қызметкерлердің 75 пайызын, денсаулық сақтау саласында 85 пайызын, қоғамдық ұйымдарда жұмыс істейтіндердің үштен екісін әйелдер қауымы құрайды. Бүгінде шежіресі мол, жарасымды дәстүрі жалғасқан өңірімізде балаларының қызығымен немерелерінің шаттығына бөленіп отырған ардақты аналарымыз әрбір шаңырақта бар. Ауданымыздағы 58 «Алтын алқа» және 238 «Күміс а лқа» иегерлері – сөзіміздің айқын дәлелі. Осындай аналардың арқасында ауданда жыл сайын жарық дүние есігін ашқан сәбилер қатары артып келеді. Мәселен, өткен жылы ауданымызда 1510 бала дүниеге келді. Ағымдағы жылы 270 көпбалалы отбасындағы 1599 балаға атаулы әлеуметтік көмек көрс етілуде. Ұрпақ ұлағатын арттырып отырған аналарымызға мемлекет тарапынан қолдау шаралары тұрақты жүргізілуде. Ауданымызда ұзақ уақыт бойы қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосқан, тарих жылнамасына есімдері жазылып қалған әйел еңбеккерлердің көп екендігін біз әрдайым мақтан тұтамыз, – деген Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жігерлі азаматшалардың бірқатары осы форумның қадірлі қонағы болып отырғандарын жеткізді. Бұдан соң облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз Райкүл Омарова, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова, жас ұстаз, көпбалалы ана Самал Байкеева ойларымен бөлісті. Форум мемлекетімізді дамытудың кепілі болған қоғам көшін түзету, отбасы құндылықтары мен ұлттық дәстүрлерді сақтау, ұрпақты дұрыс тәрбиелеудегі әйелдер қауымының еңбегі мен белсенділігін айқын көрсетті.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар