Болашақ журналистерге бағыт берді
Жастарды жұмыспен қамту кадрлық тапшылық сезініп отырған қоғамның өзекті мәселесі екені белгілі. Әсіресе, ақпараттар ағыны заманында сапалы медиа мамандар дайындау ісі қоғамның назарын аударып отыр. Өйткені, қашанда жердің шетінде, желдің өтінде жүріп елдің еркіне қызмет ететін журналист мамандығы аса төзімділік пен табандылықты қажет етеді. Міне, осындай салаға бейімі бар жастарды қолдау шарасы өңірімізде жүзеге асып келеді. Осы мақсатта «Aulieata-media» ЖШС басшылық құрамы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің бітіруші түлектерімен кездесті. Жас журналистер клубының баспасөз орталығында өткен кездесуге «Aulieata-media» ЖШС-нің бас директоры Данияр Асқарұлы мен бас директордың орынбасары Алпамыс Қазыбаев қатысып, ақпараттық қоғамның өзектілігі мен өңір журналистикасының даму перспективалары, жұмыс беруші серіктестік пен білім ордасы арасындағы байланыс жайын сөз етті.
– Бүгінде «Aulieatamedia» ЖШС тарапынан бірқатар сатылық өзгерістер жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда медиа холдинг құрамында жүз жылдан астам тарихы бар «Aq jol», «Знамя труда» газеттерімен қатар, «Arai» газеті, «Jambyl info.kz» ақпараттық агенттігі жұмыс атқарып келеді. Осы ретте аталған салалар бойынша алдағы жоспарларымызды қалыптастырып, мерзімді басылымдарды дамыту мақсатында газет беттерінде сапалы материалдар дайындауға басымдық беріп отырмыз. Мәселен, өзге өңірлерде осы тәжірибені жүзеге асыру арқылы «Лада», «Ақ Жайық» басылымдарында шетелдік бренд компаниялардың жарнамалары жарияланып тұрады, – деді Данияр Асқарұлы.
Сонымен қатар, жиында «Aulieata-media» ЖШС бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев бітіруші студенттерді ізденіс жолында аянбай жұмыс істеп, тұлғалық қасиеттерін шыңдау қажеттілігін атап өтті.
– Медиа холдинг құрылған 3 жылдың ішінде біршама жастарға үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Студенттік шақта кез келген студент сол мүмкіндіктерді орынды пайдаланып, өзінің болашақ мамандығына адалдық таныта отыра қабілеттерін шыңдай түсуі керек. Осы бағытта болашақ медиа мамандар жанжақты тұлға болуға машықтана білуі қажет. Сонда ғана журналист пен ұжым жұмысы анық көрінеді. Мәселен, осы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы республикалық ақпараттық агенттіктер арасында 1640 сайттың ішінде «Jambylinfo. kz сайты айына 1,5 миллион қаралым қалыптастырып, үздік отыздыққа еніп отыр,–деді Алпамыс Шәменұлы.
Бұдан бөлек, жиын барысында студенттерден журналистика мамандығы бойынша сұрақтар қойылып, спикерлер тарапынан маман ретінде қалыптасу мен шәкірт дайындау ісі, жұмысқа орналасу жайында пікірлер айтылды. Кездесу соңында «Филология және журналистика» кафедрасының меңгерушісі Күлзинат Қарымбаева жұмыс беруші тараппен тығыз байланыс орната отырып, алдағы уақытта ақпарат өкілдеріне студенттерге танымдық бағыттағы лекциялар өткізіп тұруды ұсынды. Ал, Данияр Асқарұлы ынталы жастарды тәжірибе алаңында бағын сынап көруге шақырды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді