«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Өнердің» өрісі тасыған кеш

«Өнердің» өрісі тасыған кеш
ашық дереккөз
«Өнердің» өрісі тасыған кеш
«Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдардың көркемөнерпаздары арасындағы шығармашылық фестиваль төрт жыл сайын өтеді. Араға үзіліс салып, биыл бұл фестиваль ерекше форматта ұйымдастырылып отыр. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өтетін аталмыш фестивальдің мақсаты – білім беру ұйымдарындағы қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін дамытып, көпшілікке насихаттау. Фестиваль аудандық деңгейде әр аймақ бойынша өтіп жатыр. Яғни, әр сенбі күндері білім беру ұйымдары мен балабақша ұжымдарының қызметкерлері сайыс көркін қыздыруда. Мәселен, жақында ғана Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінде өткен фестивальдің кезекті бір апталығы кәсіподақтың 100 жылдығына орай «Бір бағыт, бір мақсат, бір мүдде» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Фестивальге 7 орта мектеп пен 2 балабақша ұжымы қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Фестиваль жеті номинация бойынша, яғни хор, ансамбль, көркемсөз оқу, вокал, хореография, оригиналдық жанр және драма жанры бойынша өрбіді. Оған аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің әртісі Мият Медетов, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдана Құлтасова, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің әншісі Нұрлан Әмірбетов және аудандық «Құлан таңы» газетінің тілшісі Марат Диханбай қазылық етті. Бұл фестивальде Өнер мектебінің ұжымы өздерінің жан-жақты қырларын танытып, ерекше дайындықпен келгенін көрсетті. Оны Өнер мектебінің ұжымы жүлде иеленген номинациялардан-ақ байқауға болады. Мектебіміздің ұстаздары сахнада өздерінің сан қырлы талантты екендерін танытып, 4 номинация бойынша I дәрежелі, екі номинация бойынша II дәрежелі дипломдармен марапатталды. Ұстаздарымыз жеті бағытта да өнер көрсетті. Соның ішінде хордан ұжым мүшелері, оригиналдық жанрда өнер көрсеткен Рахат Малимбаев пен Жантас Тұнғатаров, вокал номинациясы бойынша бақ сынаған Ақшолпан Пірімқұлова, Ерболат Садыханов және Назгүл Самылтырова триосы, драма номинациясы бойынша өз рөлдерін асқан шеберлікпен сомдаған Рымтай Елеубаева мен Айбек Нұрбеков I дәрежелі дипломдармен марапатталды. Ансамбль, хореография номинациясы бойынша да әріптестеріміз II дәрежелі дипломдарға ие болды. Осының бәрі «Біз әрқашан біргеміз!» деген қағиданы ұстанып, кез келген іске жұдырықтай жұмылып, бірлесіп еңбек ететін Өнер мектебі ұжымының ұйып отырған бірлігінің арқасы. Өнер мектебінің директоры Бақытжан Утебаев, директордың орынбасарлары Назгүл Самылтырова мен Ерлан Жүнісов, ардагер ұстаз Қарлығаш Төреқұлова, жалпы, тұтастай алғанда ұжым мүшелерінің барлығы дерлік осы фестивальге бір кісідей атсалысты. Бірлесе атқарған еселі еңбектің нәтижесі осындай марапаттармен бағаланды.  

Бағила ДОСМАЙЛОВА, Өнер мектебінің кітапханашысы. Т.Рысқұлов ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар