«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жылы жүздесу

Жылы жүздесу
ашық дереккөз
Жылы жүздесу
Өткен жылдың аяғында облыс әкімінің қолдауымен жамбылдық 24 қаламгердің кітаптары жарық көргені көпшілікке белгілі. Аталған кітаптардың авторларымен кездесулер өткізудің тағылымдық, тәрбиелік мәні де жоқ емес. Тараз қаласындағы №17 орта мектептің мәжіліс залында балалар жазушысы Марат Құлибайұлы мен ақын Есет Досалының оқушылармен кездесуінен осындай ой түйдік. Әуелі екі қаламгер өздерінің балалық шақтарынан, журналистикаға келу жолдарынан сыр шертті. Мұнан соң мектеп оқушылары Нұрқасым Әбілқасым, Гүлсезім Ойықбай, Нұржігіт Қуандық, Нұржан Шилібаев Есет ақынның «Анашым – асылым», «Балалық, балдәурен», «Күзгі жапырақ», «Диірмен» атты өлеңдерін жатқа оқыды. Мектеп кітапханасының меңгерушісі Раушан Нартаева да кешке үлкен үлес қосты. Мұнан соң мектеп оқушылары Дарын Маманқұлов, Мадина Жақсыгелді, Мөлдір Қуан, Әйгерім Әлмұрат қаламгер Марат Құлибайұлының «Қиянат», «Кішкентай Маша», «Жеті ата», «Екі дос», «Аяз ата да адам екен» әңгімелері бойынша талдау жасап, ой-пікірлерімен бөлісті. Мұнан соң іс-шара ұйымдастырушысы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тұрсынай Сүттібаева кеш қонақтарына бірнеше сұрақтар қойып, оқушыларды да белсенділікке шақырды. Кеш барысында Марат Құлибайұлы «Қолқанат» атты жаңа кітабының, Есет Досалы «Өлең деп өмір сүремін» кітабының бірнеше данасын аталған мектеп кітапханасына сыйға тартты. Марат Құлибайұлы бірқатар әңгімелерінің жазылу тарихын баяндап өтсе, Есет Жаңабайұлы оқушыларға бірнеше өлең оқып берді. Кешті аталған мектеп директоры Сәбит Кенесариев қорытындылап, мұндай кездесулердің әсері мол екенін айтып, қонақтарға алғысын білдірді.  

Нұрболат АМАНБЕК

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар