Ақбұлымдықтардың тілегі орындалды

Ақбұлымдықтардың тілегі орындалды
ашық дереккөз
Ақбұлымдықтардың тілегі орындалды
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымының қоғамда іске асқанының жарқын көрінісін Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылынан байқадық. Ауыл тұрғындары тарапынан аудан, ауыл әкімдерімен өткен кездесулерде бірнеше мәрте көтерілген көшелердің жолдарын жөндеу, жарықтандыру, мәдениет үйін тұрғызу, балалар ойын алаңы мен футбол алаңшасын салу мәселелері бойынша бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Округ аумағында жалпы ұзындығы 13,5 шақырымды құрайтын 22 көше бар, оның ішінде 10 көше асфальтталған, 12 көше асфальттауды қажет етеді. Ауыл әкімі Ердос Бейсеновтың айтуынша, өткен жылы Баймырза Бесбаев атындағы 1, 2, 3 көшелеріне жалпы сомасы 34191722 теңге қаржы қарастырылып, асфальт төсемдері төселіп, мақсатты түрде қаржысы игеріліп, ел игілігіне пайдалануға беріліпті. Сонымен қатар, Домалақ ана, Бәйдібек баба көшелері асфальтталған. Өткен жылы Алмалы көшесіне қиыршық тас төсеміне аудандық бюджеттен 996800 теңгеге, А.Төлебеков көшесіне қиыршық тас төсеміне аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыстары толық аяқталған. Алмалы көшесіне ауыз су құбырын қосымша тарту үшін аудандық бюджеттен 6 миллион 160 мың теңгеге «Royal-инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі конкурстық тәсілмен ұтып алып, жұмыстарын толық аяқтапты. – Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы ауылымызға мәдениет үйін салу үшін жер телімі анықталды. Жерге орналастыру жобасы мен жобалық-сметалық құжаттамасы және техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, 140 орынды мәдениет үйінің құрылысына республикалық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 351 миллион теңге қарастырылды. «АКМ GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі конкурстық тәсілмен ұтып алып, жұмыстарын бастап кетті. Биыл тамыз айында беру жоспарлануда. Ауылішілік нысандарды қарап, баптау үшін Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш, ауылдық кіші футбол алаңы, ауылдық саябақ, Жібек жолы көшесін жарықтандыруға жерге орналастыру жобасы мен мемлекеттік актісі дайындалды. Аудандық бюджеттен 918073 теңге қаралып, ауыл әкімдігінің теңгеріміне алынды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Асар» жобасынан да біздің ауыл қалыс қалған емес, биыл жолдасы 3-топтағы мүгедек, көпбалалы ана Ғалия Еділбаеваға жаңадан үй тұрғызылып берілді. Қайырымдылық акциялары бойынша ауыл имамының, жамағаттар мен кәсіпкерлердің көмегімен жыл басынан бері 23 отбасыға шамамен 1 миллион 190 мың көлемінде округтегі көпбалалы, асыраушысы жоқ, мүгедектігі бар отбасыларына азық-түлікпен көмек берілді. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Ауылымыздың белсенді азаматы, кәсіпкер Ержан Амалбаев «Мектепке жол» акциясымен жағдайы төмен, көпбалалы отбасындағы 15 балаға мектеп қажеттіліктерін алып беруге 700 мың теңге көлемінде көмек көрсетті, – дейді ауыл әкімі Ердос Бейсенов. Өткен жылы жеке кәсіпкер Бауыржан Жаппаров құны 60 миллион теңгеге сауда-саттық орталығын ашып, 10 адамды жұмыспен қамтыған. Ал, биыл Ержан Амалбаев «Алкогольді және алкогольсіз өнімдер өндіретін цех» ашпақшы. Салынып жатқан зауыттың құны – 280 миллион теңге. Цех іске қосылса, 50 адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Нәтижесінде ауылдық бюджетке 1 миллион теңге салық түсіру жоспары тағы бар. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Зейнеш Калметова 1-сұрыпты бидай ұнынан нан пісіретін наубайхана ашуды жоспарлап отыр. Ғимараты 15 миллион теңгеге салынып жатыр. Мұнда 2 жұмыс орны ашылады. Кәсіпкер Нұрлан Абдрахманов дөңгелек желімдеу орталығын ашып, 1 адамды жұмыспен қамтымақ. Мұндағы құрылыстың құны – 2,5 миллион теңге. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Ғалымжан Атабеков өз қаражатынан жеміс-жидек сақтау қоймасын ашып, 2 адамға жұмыс орнын ұсынбақ.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар