Тұлғатануға нақты қадам
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Толық адам ілімі» залы ашылып, «Заманауи білім беру жүйесіндегі оқыту мәселелері: жаңаша көзқарас пен парадигмалар» атты халықаралық ғылымитәжірибелік конференция өтті. Оны Филология және гуманитарлық ғылымдар факультеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы ұйымдастырды. Конференцияға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары, алыс-жақын шетелдік ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, жас ғалымдар және мектеп мұғалімдері қатысты.
Жиынды басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов құттықтау сөзбен ашып, тақырыптың өзектілігіне, рухани құндылықтың маңыздылығына тоқталды. Заман ағымына сай әр салада өзгеріс барын айтып, білім саласы да қарыштап, күннен күнге дамып жатқанын тілге тиек етті. Жаңашылдықтан қол үзіп қалуға болмайтынын, ізденіс пен талпыныстың арқасында алға ұмтылу керегін айтқан ректор ғылымды игеру арқылы бәсекеге қабілетті болатынымызды жеткізді.
Өз сөзінде Дулати университетінің жетістіктеріне де тоқталып өтті. Қос дипломды білім беру, шетелдік оқу орындарымен әріптестік қатынас, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химиятехнологиялық университеті өкілдігінің ашылуы сынды табысты бастамаларға тоқталды. Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Лесбек Ілебаев «Толық адам ілімі» залының ашылуымен құттықтап, конференция тақырыбына орай өз ойын білдірді.
Бүгінгі таңда білімді жастарға үлкен қолдау барын айтып, креативті ойлайтын, батыл әрекет ететін жастардың көп болғаны жетістікке жетелейтінін жеткізді. Сондай-ақ, жақсы өзгерісті қаласақ әр адам өзінен бастау керегін де еске сала отырып, жастарды тынбай еңбектенуге шақырды. Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов аталған жиынның тарихи маңыздылығына тоқталып, білім мен рухани құндылықтың қабысып, байланысып жатқанын тілге тиек етті. Озық елдердің қатарынан орын алу тынымсыз еңбекті қажет ететінін жеткізді.
Халықаралық конференция ғалымдардың, ұстаздардың баяндамасымен жалғасын тапты. Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жазира Ағабекова «Гуманитарлық білім берудің заманауи бағыттары» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында пәнаралық интеграция, жаһандық перспективалар мен келісімдер, сыни тұрғыдан ойлау және проблемаларды шешу мәселелеріне жеке тоқталып, анықтамасын берді.
Өзбекстан елінен келген ғалым PhD доктор, әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар халықаралық академиясының академигі Жармухаммет Мадалиев «Өзбек және қазақ әдеби байланыстары» тақырыбында баяндама жасады. Қазақ және өзбек халқының тамырлас ел екенін толғана жеткізіп, қос елдің әдебиет өкілдерінен мысалдар келтіріп, туындыларын оқыды.
Алдағы уақытта бауырлас елдер арасындағы байланыс нығая беретініне сенім білдірді. Корея елінің ғалымы, доктор Lee Sagng Soo Корея елінің мәдениеті турасында презентация жасады. «Корей толқыны» фильмдер, сериалдар мен мәдени туындылар арқылы елдің қарыштап дамығанын мысалға келтіре отырып, Корей елін әлем танығанын мақтанышпен айтты.
М.Х.Дулати университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Абдықадырова «Қазіргі білім берудегі негізгі мәселелер: жаңаша көзқарас және парадигмалар» тақырыбында баяндама жасады.
Өз сөзінде ғалым қазіргі таңдағы ғылым методологиясындағы негізгі ұғымдардың бірі – «парадигма» сөзіне тоқталып, мағынасын ашып берді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы Астана қаласындағы халықаралық мектептің бастауыш сынып бағдарламалары координаторы Мирас Үйсінбаев «Концептуалды оқытудың артықшылықтары» тақырыбында презентация жасап, баяндамасын оқыды.
Ұстаз дәстүрлі білім беру жүйесі мен концептуалды оқытуды салыстыра отырып, жаңа жүйенің озық тұстарын мысалдар арқылы келтірді. Оқушы тақырыпты түсініп, мұғалімге қайта айтып беру бүгінгі таңда аздық ететінін айтқан жаңашыл ұстаз тақырыпты тереңнен түйсініп, себеп-салдарын ұғынып, салыстыра отырып, өз көзқарасын білдіруге дағдылану керегін жеткізді. Халықаралық конференцияға ғалымдар онлайн арқылы да байланысқа шығып, баяндама жасады. Тақырып төңірегінде ойларын ортаға салды.
Еліміздің жоғары оқу орындарымен қатар, Түркия елінен де ғалымдар онлайн түрде қатысты. Сонымен қатар, мектеп ұстаздары да түрлі тақырыпта онлайн, оффлайн форматта баяндамаларын конференция қатысушыларының назарына ұсынды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Тіл және әдебиет», «Білім беру әдістері мен технологиялары», «Тарих және география», «Мәдениет» секциялары бойынша пленарлық отырыспен жалғасын тапты.
Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Университет тынысы» газетінің редакторы.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді