Шәкірттерінің шырағын жаққан ұстаз
Тараз қаласындағы №5 мектеп гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Сабира Баетова тәжірибелі мұғалімдердің бірі. Ол жетістіктерді бағындырған шәкірттерімен мерейлі. Былтыр Диана Асылқызы 9-11 сынып оқушыларына арналған олимпиаданың қалалық, облыстық кезеңдерінде құқық негіздері пәні бойынша бірінші орындарды иеленсе, республикалық кезеңінен екінші жүлдемен оралыпты. Тағы бір шәкірті Амина Мелдебек Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті «Тарих» пәні бойынша ұйымдастырған республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы атанып, аталған жоғары оқу орнының 100 пайыздық грантын жеңіп алған.
Ұстаз тәлімін көрген Сабира Бейсентай болса, «Менің кіші Отаным» атты интеллектуалды байқаудың облыстық кезеңінде екінші жүлдені олжалаған. Бір мұғалімнің бір жылғы еңбегін саралау үшін осы жетістіктер аз емес шығар. Республикалық «Тарих ата» қашықтық олимпиадасында он шәкіртінің жүлде алғанын қосыңыз.
Осыдан-ақ, Сабира Баетованың қандай білікті ұстаз екенін шамалауға болады. Ол еңбек жолын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4- курсында оқып жүргенде, 2000 жылы Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылындағы Айша бибі орта мектебінен бастады. Ұзақ жылдар бойы дәріс беріп келе жатқан алдыңғы толқын ұстаздардан үйренді. Бір сөзбен айтқанда, ұстаздыққа қасиетті Айша бибі жерінен шыңдалды. Ал, 2002 жылдан бастап, Тараз қаласындағы Мұхтар Әуезов орта мектебінде, қазіргі таңда №5 Жамбыл мектеп-гимназиясында жемісті еңбек етіп келеді. Тарих пәнінің маманы ретінде жетістіктері де аз емес.
Атап айтқанда, 2019 жылы «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының облыстық кезеңінде, 2020 жылы мұғалімдер арасында өткізілетін «Педогогикалық идеялар панорамасы» байқауының облыстық кезеңдерінде жеңімпаз атанған. Республикалық «Тағылым» ғылыми әдістемелік журналы ұйымдастырған «Үздік педагогикалық мақала» байқауының I дәрежелі дипломының иегері. Әрине, жеткен жетістігі бір бұл емес. «Біздің мектепте Сабира апайдың сабағы өте қызықты өтетін. Ол кісі бізді қанаттандыра білді. Кей күндері мектепке Сабира әпкейдің сабағы үшін келуші едім.
Қазіргі таңда Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде грантта білім алып жатырмын. Болашақта Сабира әпкейім секілді озат ұстаз болғым келеді. Біздің білімге деген шырағымызды жаға білген – Сабира ұстаз» деді аталған гимназия түлегі Амина Мелдебек. С.Баетова ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығында, Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясында, Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығында семинарларға қатысып, білімін одан әрі жетілдірген. «Балаларға мамандығым бойынша білім үйрету – ұстаздық міндетім. Оны ерекшелік деп санамаймын. Алдағы уақытта да оқушылардың қызығушылығын арттыруға қатысты жаңаша бағыттарда іздене беремін. Менің де әріптестерімнен, алдыңғы толқын тәжірибелі ұстаздардан үйренгенім көп», – деді Сабира Баетова.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді