Балаларға бөлінетін қаржы неге азайды?
Осы жылдың басты жаңалықтарының бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының бастау алғаны болды. Қаңтар айының соңғы күні еліміздің барлық балаларының есепшотына 100,52 доллардан, Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша 45 050 теңгеден түсті. Ел ішінде «Бастапқыда 160-170 доллардан беріледі деп еді, неге сома азайтылды?» деген сауалдар да туындады. Бұл сұрақтың тууының себебі, өткен жылдың көктемінде мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев 2024 жылы жаңа бағдарламамен Ұлттық қордан балаларға 160-170 доллардан бөлінетінін мәлімдеген болатын. Баланың жасы неғұрлым кіші болса, ол кәмелет жасына толғанша соғұрлым көп қаражат жиналатынын да атап өткені есте. Алайда, балалардың есепшотына мәжіліс депутаты айтқан сома біршама кем түсті. Бұл өзгерістің мәнін қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков: – 2022 жылдың 1 қарашасында Президент тапсырма берген кездегі есептеулер бойынша, әр балаға бөлінетін қаржы көлемі шамамен 160 доллар деп айтылған болатын. Ол кезде елде 6,4 миллион бала болған. Бүгінде еліміздегі бала саны 6,9 миллионнан асады. Сондағы есеп бойынша бүгін бөлінген қаржы көлемі 695 миллион доллар болды. Осы соманы 6 миллион 919 мың 131 балаға бөлетін болсақ, онда 100 доллар 51 цент болады. Инвестициялық кірістің жартысы 695 миллион доллар болды. Халықтың өсімі 400 мың адам болатынын болжауға болар еді. Келесі жылы да халықтың табиғи өсімін күтіп отырмыз. Осыған сәйкес, біздің алдымызда инвестициялық кірісті арттыру міндеті тұр, – деп түсіндірген болатын.
Еліміздің барлық азаматтарының 2006 жылы және одан кейін туған балаларына Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50 пайызы жыл сайын есептеліп түсіп тұрады. Мұндағы табыс есепті жылдың алдындағы он сегіз жылдағы орташа есеппен алынады. Өткен жылдардағы балаларға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің бір бөлігі ретінде инвестицияланады. Нәтижесінде оларға инвестициялық кіріс қосымша есептеледі. Балалар 18 жасқа толған жылы нысаналы талаптар мақсатты жинақ шотына аударылады және 18 жасқа толғаннан кейін ересектер жинақтарды екі мақсатқа ғана, яғни тұрғын үй жағдайын жақсарту және оқу ақысын төлеу үшін пайдалана алады.
Егер жинақ иесі 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде төлемді алуға өтініш бермесе, шоттағы сома ерікті зейнетақы жарналары ретінде есепке алынып, оның жеке зейнетақы шотына аударылады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелді.
Бағдарламаға қатысқан 6 919 131 баланың 304 815-і биыл 18 жасқа толады. Өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан есептелген 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшеріндегі барлық балаға бірдей сома биыл 18-ге толатын балалардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады.
Нысаналы талаптар – бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің еліміздің 18 жасқа дейінгі азаматтары болып табылатын балаларының алдындағы Ұлттық қорда жыл сайынғы инвестициялық кірістің 50 пайыз есебінен қалыптастырылатын міндеттемелер. Ол соңғы 18 жылда (есепті жылдың алдындағы) орташаланған кірістілік мөлшерлемесі бойынша есептеледі. Ал, облысымызда осы бағдарламаға 472426 бала қатысқан. Олар 2006 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 31 желтоқсанын қоса алғанда облыс аумағында дүниеге келген сәбилер.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының баспасөз қызметінің деректеріне сай, Ұлттық қордан осы балалардың арнайы шотына келіп түскен жалпы қаражат мөлшері 47 миллион 488 мың 262 АҚШ долларына тең болған. – Балалардың есепшотына биыл түскен сома тек алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды. Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады.
Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі. БЖЗҚ бағдарламаға қатысушы балалардың толық тізімін жыл сайын «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған ресми мәліметтер негізінде қалыптастырады.
Егер бала осы дерекқорға қосылған болса, ол автоматты түрде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушысы болады және оған бағдарламаға қатысқан барлық жылдар ішінде нысаналы талаптар мен инвестициялық кіріс есептелетініне кепілдік беріледі. Егер бала қандай да бір себептермен «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорында болмаса және осы себепті бағдарламаға қатысушылардың тізіміне енгізілмеген болып, бірақ оның қатысушысы болуға құқылы болса, онда нысаналы талаптар келесі күнтізбелік жылы өткізіп алған кезең үшін толық көлемде есептеледі, – дейді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Әбдіманат Еспаев.
Айта кетейік, ата-аналар балаларының шотында қанша қаражат жиналғанын тексеріп отыра алады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры баспасөз қызметінің хабарына сүйенсек, баланың жинағы туралы жалпы ақпаратты қор сайтынан немесе мобильді қосымшасынан білуге болады. Ал, толығырақ ақпарат алу үшін Электрондық үкімет порталына кіріп, бар мәліметті сол жерден көру керек. Тағы бір көптің көкейіндегі сауал – бала 18-ге толып, жинақталған қаржысын қолданарда АҚШ долларын Ұлттық валютаның қандай бағамымен қолданатындығы. Біздің бұл сауалымызға Әбдіманат Еспаев: «Қолдануға өтінім бергеннен бастап, сол күнгі валюта бағамы бойынша аударылады», – деп жауап берді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді