Міндетті мүлтіксіз орындау маңызды

Міндетті мүлтіксіз орындау маңызды
ашық дереккөз
Міндетті мүлтіксіз орындау маңызды
Былтыр өңірде 15 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған әкімшілік істер бойынша мемлекет бюджетіне жалпы көлемі 414 мың теңгені құрайтын айыппұл өндірілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Шарипов айтты. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі баяндалған баспасөз жиынында департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілердің құқығының қорғалуы мен заң бұзушылықтар бойынша есеп берілді. Спикердің сөзінше, бүгінде аймақ бойынша 4220 мемлекеттік қызметші бар. Ал, 255 штаттық бірлік әзірге бос. Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 41-де. Орташа қызметтік өтілі 12,8 жыл. Ел Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген 38 маман жұмыс істейді. Ал, бір маман «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген. Мемлекеттік қызметке мамандар тест тапсыру арқылы қабылданатыны белгілі. Бұл жөнінде де спикер аз-кем ақпарат беріп өтті. – Есепті кезеңде тестілеуден өтуге барлығы 4266 азамат өтініш білдірді. Өтініш білдірген азаматтардың ішінен 1401 адам тестті сәтті тапсырып шықты. Олардың ішінде 2915 азамат әкімшілік мемлекеттік қызметке тест тапсырып, 1000 адам оң нәтижеге жетті. Сонымен қатар, 1351 азамат құқық қорғау қызметіне тестілеуден өтуге ниет білдіріп, олардың 401-і немесе 29,7 пайызы тестілеудің шекті мәнінен өтті, – деді спикер. Департамент жас мамандардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығына да жіті мән беріп келеді. Мәселен, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтаған жалпы 6 түлекті өңірдегі мемлекеттік органдарға конкурс өткізілместен тағайындауға ұсыныстар түскен. Оның ішінде 5 түлекке келісім беріліп, 1 түлекке біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылған. Өкілеттік мерзімдері аяқталған ауылдық округ әкімдеріне 5 бос мемлекеттік лауазымға конкурс өткізілместен орналасуға келісім берілген. Департамент облыс көлемінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау, халыққа сапалы қызмет көрсету, оған қолайлы жағдайлар жасау және қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіру және қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, 2023 жылы департамент арқылы 6 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген. Мәселен, департамент Т.Рысқұлов ауданы тұрғынының Қайыңды ауылдық округі әкімі аппаратымен «Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсетуден негізсіз бас тартылғаны туралы шағымын қараған. Департамент тарапынан жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде шағым иесінің уәждері қанағаттандырылған. Руслан Шамелұлының сөзінше, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді сақтау жолында, өңір тұрғындарының сапалы мемлекеттік қызмет алуы – департамент қызметінің басымдықтарының бірі. Бұл тұрғыда мекеме өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға қашанда мүдделі.  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар