Құлаған қарашаңырақтың қайғысы
Бардың бағасын білу, еліміздің ары мен намысы болған жақсыларымызды ардақтау басты мақсатымыз болса керек. Бұл мақаланы жазуымызға әйгілі айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевтің Байзақ ауданы, Шахан ауылындағы қарашаңырағы, аяулы ақынның бала күндері өткен үйдің күтімсіз қалғаны әсер етті. Бірде айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбековпен бірге барып, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа осы жағдайды айтып едік. Кездесуде аудан басшысы: «Бұл мәселені зерделеймін» деп, істің мәнісін түсінгендей болған. Сөйтсек, Әзімбектей әзиз ақынның үлкен үйі қараусыз қалып, құлағанына 15 жылдан асыпты. Біздің «құлайын деп тұр» деп жүргеніміз аңыз айтыскердің сарайы болып шықты.
Жақында ақынның сол сарайы да құлап, үйіндісі ғана қалғанын естідік. Бұл хабарды ести сала Шахан ауылына жол тарттық. Бірден ақын тұрған Мұхтар Әуезов көшесіне бұрылдық. Шынымен, Әзімбек ақынның үйінің орнында үйінді ғана қалыпты. Жүрегіміз ауырды. Осыдан 25 жыл бұрын бір топ ақын әйгілі Әзімбек Жанқұлиевпен бірге осы шаңыраққа келіп кеткеніміз еске түсті. Ақынның өзі сол кезде Тараз қаласында тұратын. Көңіл құлазыды. Аудан әкімі де өтінішімізге құлақ аспағаны ма деген ой келді. Әзімбек Жанқұлиевтің сол ауылдағы көршісі, танымал айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков болған. Әрине, араларында талай жыл айырмашылық болғандықтан, айтыстағы жұлдыздары да әрқалай жанған. Дегенмен, қатар тұрған екі үйден республика кеңінен мойындаған екі айтыскер ақынның шығуы Шахан ауылына өлеңнің киесі қонған ауыл екенін көрсетеді. Ал, Мұхамеджан Тазабековтің қарашаңырағы сақталған. Қазір ол жерде жиені Әділ Қаратаев тұрады екен. «Бұл үйді сатып алғанымызға 12 жылдай болып қалды. Күтіп, баптап, сақтап отырмыз. Республикаға танымал айтыскердің үйі екенін, күндердің күні Мұхамеджанның балалығы өткен үйді көргісі келетін жанкүйерлерінің аз болмайтынын түсінеміз», – дейді Әділ Қаратаев.
Біз Байзақ ауданы, Темірбек ауылдық округінің әкімі Артур Өтебаевтан да мән-жайды білген едік. «Әзімбек ақынның үлкен үйі бұзылғанда біз бозбала едік. Үлкен ағасы бұзды ғой. Оған біз не айта аламыз?», – деді ол.
Біз айтыскердің ағасы Алтынбек Жанқұлиевке де хабарластық. Ол кісі: «Ол - қарашаңырағымыз. Бұзып алғаным рас. Бірақ, іргетасы сақталып тұр. Бұйырса, зейнетке шыққаныма үш-төрт жыл болды. Ауыл жаққа барсам, сол қарашаңырақтың орнына жақсы үй тұрғызсам деген ойым бар. Әзімбек ақынның қарашаңырағы қараусыз қалмайды», – деді.
Дәл қазір танымал айтыскердің үйі үйіндіге айналғанымен, мұндай жауапқа да ішіміз жылыды. Бірақ, Алматы қаласында ұзақ жылдардан тұрып келе жатқан Алтынбек Шаханға келгенше, үйіндінің орнына үй тұрғызғанша, қанша жылдар өтер екен деген ой да бар. Біз өзге де аудандарға шығып, елге белгілі азаматтардың қарашаңырақтары туралы зерделеп көрдік. Әйгілі жыршы-термеші Аяз Бетбаевтың Шу ауданы, Алға ауылындағы қарашаңырағының тек орны ғана қалыпты. Бұл жөнінде бізге ақынның перзенті, Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев айтты. Біз Шу топырағында дүниеге келген, танымал жазушылар Әлдихан Қалдыбаев пен Қарауылбек Қазиевтің қарашаңырағы жөнінде де сұрап білдік. Өкінішке қарай, Әлдихан Қалдыбаевтың қарашаңырағы былай тұрсын, өзі тебірене жазған Кербұлақ ауылы сақталмапты. Бұл туралы Шу ауданы, Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Марат Майшекеев: «Біздің округ төрт ауылдан тұрады. Соның бірі – Кербұлақ. Дегенмен, бұрынырақта кеңшарға ірілендіру кезінде көпшілігі орталыққа жақындап, Кербұлақ ауылында екі үй ғана қалған. Біз Кербұлақты сақтау үшін 15 тұрғынға жер телімін беріп, игі қадам жасадық. Қазір ол жерде 7-8 отбасы жеке малдарымен, шаруа қамымен отыр. Әлдихан, Қарауылбек ағайлардың қарашаңырақтары сақталмаған», – деді.
Мұндай жағдай көпке таныс. Таластағы Ақкөл ауылы біз кездері қараусыз қалды. Сол кезде белгілі ақындар Нарша Қашағанұлының, Серік Томановтың, Шорабек Айдаровтың Ақкөлдегі қарашаңырақтары бұзылып кеткен. Нарша Қашағанұлының «Қайран, Ақкөл...» деп өлеңдер циклін жазғанда көңілінің бір бүйірінде өзінің қарашаңырағы да тұрды ма екен деп те ойлайтынымыз бар. Біздің көңілімізге қуаныш сыйлағаны – ақын Бауыржан Үсеновтің Жуалы ауданы, Қошқарата ауылындағы, жазушы Болат Бекжановтың Талас ауданы, Ойық ауылындағы белгілі ақын Маралтай Райымбекұлының Сарысу ауданы, Игілік ауылындағы, қарашаңырақтарының сақталғаны. Қошқаратадағы үйде Бауыржан Үсеновтің балалығы өткен, отау құрғаннан кейін де бес жылдан астам сол жерде тұрған. Ақынның жары Гауһар Тажкенова: «Біз шаңырақ көтерген соң, Қошқаратада бес жылдан астам уақыт тұрдық. Екеуміз де мектепте мұғалім болдық. Екі ұлымыз да сол қарашаңырақта дүниеге келді. Қазір басқа кісілер сатып алып, тұрып жатыр. Сол үйге ескерткіш тақта орнатылса деген тілегім бар», – деді. Бұл мәселе туралы Жуалы ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаевадан да сұрап білдік. «Ол үшін ақынның туыстарынан және ауыл тұрғындарынан өтініш түсуі керек. Сол кезде облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арқылы бұл мәселені шешуімізге болады», – деп жауап берді ол.
Сөзіміздің басы Әзімбек Жанқұлиевтің қарашаңырағынан басталған еді. Құдайға шүкір, Тараз қаласында және әр ауданда танымал ақын, өнерпаздар, белгілі азаматтар бар. Олар – халықтың перзенті. Сондықтан, мұндай азаматтардың қарашаңырағын сақтап қалуға, ондай аңыз адамдардың мұраларына құрметпен қарауға ден қойсақ екен. Сондай жанашырлық болғанда, Әзімбек ақынның да қарашаңырағы бұзылмас еді...
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді