«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мәшһүр Жүсіп оқулары

Мәшһүр Жүсіп оқулары
ашық дереккөз
Мәшһүр Жүсіп оқулары
Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясында облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Мәшһүр Жүсіп оқуларының» аймақтық кезеңі аяқталды. Енді төрт бағыт бойынша жеңімпаз атанған мектеп оқушылары республикалық байқауда өңір намысын қорғайтын болады. 5-11 сынып оқушылары арасындағы дәстүрлі республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқуларының» облыстық кезеңіне қалалық және аудандық білім беру ұйымдарының үміткерлері қатысып, өзара бақ сынасты. Аймақтық кезең төрт бағытта өтті. Атап айтқанда, «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» бағыты бойынша қатысушылар өздерінің арнау өлеңдерін оқыса, «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» бағыты бойынша Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларындағы көркем ой, талғам мен түсінік, ұлттық танымның ерекшеліктерін ұлт руханиятындағы мәнімен сабақтастыра отырып, ғылыми зерттеу жоба әзірлеп, қорғау керек болатын. Ал, «Білімді зерек адам болам десең, қара өзіңді басқаның айнасымен» бағыты бойынша тұлға шығармаларындағы ойларды кеңейтіп, ұлт тарихымен, ұлттық әдебиет мазмұнымен байланыстырып эссе жазудан жарысқа түсті. Ең соңғы «Мәшһүр Жүсіп шығармалары» және «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағыты бойынша ғұламаның фольклорлық жазбаларындағы ұлттың ұлы тұлғаларын сипаттауы, «Хандар мен ел билеушілер», «Батырлар», «Әнші-ақындар», «Бақсы және тылсым күш иелері» секілді кейіпкерлер бойынша танымы таласқа түсті. Аты да, заты да мәшһүр философ-ақынның рухани мұрасын дәріптеу, шығармаларында бейнеленген туған жерге сүйіспеншілік, белсенді азаматтық ұстаныммен өскелең ұрпақты тәрбиелеу, тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған байқаудың жоғарыда аталған әр номинациясы бойынша жеңімпаздары анықталды. Яғни, төрт аталым бойынша жеңімпаз атанған Байзақ ауданы №1 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Сезім Мақұлбай, Т.Рысқұлов ауданындағы М.Горький атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрай Қаржаубай, дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Нұрғанат Қанат және тараздық Бауыржан Момышұлы атындағы №45 гимназия оқушысы Айзере Саттарқұлова енді республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқуларында» облыс намысын қорғайтын болды. Байқау соңында жеңімпаз бен жүлдегерлер «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен марапатталды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар