Су басу қаупінің алдын алу маңызды
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметі бойынша, бүгінде облыс аумағында топырақ қатуының ең жоғары тереңдігі Шу және Мойынқұм аудандарында байқалады. Облыстың қалған бөлігінде топырақтың қату тереңдігі 10 сантиметрден төмен. Қар қорының ең жоғары деңгейі Қордай ауданында 20 сантиметр, Жуалыда 15 сантиметрді құраса, өңірдің көп бөлігінде қар қалыңдығы 8 сантиметрден төмен. Облыс аумағындағы елді мекендер мен шаруашылық объектілерін су басу қаупі Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуінен, тау бөктеріндегі еріген қардан және жаңбыр суынан орын алуы ықтимал. Жыл сайын су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде, су басуы мүмкін 42 елді мекеннің 34-нен қауіп алынды, 2-де қауіп төмендетілді, осылайша су басуға бейім 6 елді мекен қалып отыр. Бұл елді мекендердегі қауіпті «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасын іске асыру барысында төмендету жоспарланған. Аталған жобаға 3 миллиард 400 миллион теңге бөлініп, Талас өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жалпы 25,02 километрдің 23,7 километрі, яғни жұмыстың 95 пайызы атқарылып, оны бірінші тоқсанда толық аяқтау жоспарланып отыр. Осы ретте 2021 жылы 555,5 миллион теңге бөлініп, Жамбыл ауданында 4,7 километр жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілгенін айта кеткен жөн. Ал, 2022 жылы 1 миллиард 111 миллион теңгеге Жамбыл ауданының Жасөркен учаскесінде, Тараз қаласының Тектұрмас және макарон цехы аумағында Талас өзенінің ұзындығы 10,8 километр жағалауы нығайтылса, былтыр бөлінген 1 миллиард 723,6 миллион теңгеге 8,2 километр жағалауы бекітілді.
Облыс аумағында жалпы ұзындығы 1900 километр болатын 120 канал (соның ішінде айналма каналдар), 3 мың километрден астам 245 арық жүйесі және әртүрлі деңгейдегі автожолдарда 116 көпір (45-і теміржолда) және 3322 су өткізу құбыры орналасқан. 2023 жылдың қараша мен желтоқсан айларында су тасқынының алдын алу және жою мақсатында Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне, уәкілетті мекемелерге каналдарды, дренаж каналдарын, арық желілерін, су өткізу құрылғыларын (көпірлер және тағы басқалар) тазарту және күшейту жұмыстарын жүргізу бойынша ескертулер мен ұсыныс хаттар жолданды. Су тасқынына қарсы іс-шараларға жергілікті бюджеттен 132 миллион теңге қаражат бөлініп, облыс аумағындағы каналдарды, дренаж каналдарын, арық желілерін және су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, таулы аймақтардағы елді мекендерді көлбеу және беткейлік ағыннан сақтау мақсатында 29 километрді құрайтын айналма канал тазартылып, топырақ үйінділерімен бекітілді. Жалпы, облыс аумағында ұзындығы 872,3 километрді құрайтын каналдар, 1571,9 километр арықтар және 333,5 су өткізу құрылыстары, 303 автомобиль және 114 теміржол көпірлері тазартылды. Қазіргі уақытта 236,1 километр дренаждық арналар тазартылып, өңірдің елді мекендерін су басудың алдын алу үшін 3500 текше метр қар шығарылды. Бүгінде бұл саладағы жұмыстар жалғасуда.
Бүгінде облыс аумағында 141 гидротехникалық құрылыс, оның ішінде республикалық меншікте 18, коммуналдық меншікте 115 және жеке меншікте 8 су қоймасы, бөгеттер, су тораптары, тоғандар бар. Өткен жылы осы гидротехникалық құрылыстарға комиссиялық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің меншігіндегі 24 су қоймасына ағымдағы жөндеу жүргізу қажеттігі анықталды. 2023 жылы 14 гидротехникалық құрылысқа жергілікті бюджеттен 67 миллион 615 мың теңге бөлініп, ағымдағы және қайта құру жұмыстары жүргізілді. Ірі су қоймаларының (Киров, Тасөткел, Теріс- Ащыбұлақ) жұмыс режимінің кестесі әзірленіп, олардың толымдылығы мен жұмысына бақылау жүргізілуде. Бүгінгі таңда ірі су қоймаларының толымдылығы жобалық көлемнен 17- 67 аралықтағы пайызды құрайды.
Облыс аумағында көктемгі су тасқынының алдын алу және жою мақсатында 15 қаңтардан 20 қаңтарға дейін жауапты мекемелер тарапынан жұмыс тобы құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу нәтижесінде су тасқынының алдын алу шаралары қажетті деңгейде жүргізіліп жатпағаны анықталды. Облыс бойынша 6900 тонна инертті материалдар, 16140 тонна жанар-жағармай және 31200 дана қап қажетті резерві құрылып, 396 зардап шеккен тұрғынды қабылдау пункті, 32 шатыр, 890 төсек-орын, 460 кереует дайындалды. Тамақтандыру бойынша 58 келісімшарт жасалды. Су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жеделден қою мақсатында, облыста көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін 871 адам, 269 техника, 126 су айдау құралы, 10 ескекті қайық, 18 жүзу құралы және 492 байланыс құралы тартылатын күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылды. Жалпы бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауға алынып отыр.
Қысқы кезеңде су айдындарында (мұзда) қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру да назардан тыс қалмайды. Облыс аумағында гидрографиялық тұрғыда 100-ден аса өзендер мен 112 тоған орналасқан. Оның ішінде Шу, Талас, Ақкөл, Билікөл, Тасөткел, Теріс-Ащы бұлақ, Ынталы су айдындарында балықшылардың ең көп бөлігі шоғырланады. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен балық аулаушылардың қысқы кезеңді қауіпсіз өткізуі үшін облыстың су айдындарындағы (мұздағы) жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша барлық қажетті іс-шараларды ұйымдастыруда. Жыл басынан бері балық аулау орындарында 265 рейдтік іс-шара жүргізілді, онда судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі түсіндіріліп, 3 мыңнан аса үгіт-насихат материалдары таратылды. Сондай-ақ, облыстың су айдындарында 147 ескерту белгісі орнатылған. Оқу орындарында судағы жүріс- тұрыс ережелерін сақтау бойынша 2 мыңға жуық оқушыны қамтитын 62 интерактивті сабақ өткізілді. Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру орындарында аңшылармен және балықшылармен аң және балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, оның ішінде жеке құтқару кеудешелерін міндетті пайдалану жөнінде 40-тан астам рейдтік іс- шаралар өткізілді. Аңшылық және балық аулаушыларға арналған дүкен қызметкерлерімен де түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жалпы бұл бағыттар бойынша жұмыстар жылдың күзгі-қысқы кезеңдерінде жалғасатын болады.
Руслан ОРЫНБЕКОВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді