«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азық-түлік бағалары бақылауда

Азық-түлік бағалары бақылауда
ашық дереккөз
Азық-түлік бағалары бақылауда
Amanat партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің мүшелері облыс орталығындағы бірқатар ірі сауда үйлеріне мониторинг жұмыстарын жүргізді. Халық көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасын назарға алған топ мүшелері алдымен Б.Момышұлы көшесінде орналасқан «KORZINKA» дүкеніне бас сұқты. Дүкенде халық көп тұтынатын күріштің келісі 449 теңгеден, ал қарақұмық 299 теңгеден саудалануда. Сол секілді пастерленген сүт 324 теңге, айран 450 теңгеден сатылып жатыр. Ал, сұйық майдың литрі нарықта 687 теңге болса, мұнда 538 теңгеден өткерілуде. Сондай-ақ, дүкен сөресіндегі қанттың да бағасы нарық бағасынан төмен болып шықты. Мәселен, мұнда қанттың келісі 329 теңге. Келесі кезекте комиссия мүшелері «Аса» шағынауданындағы әлеуметтік дүкендегі азық-түлік бағаларымен танысты. Бұл дүкенде біршама тауарлар нарық бағасынан төмен болғанымен, қанттың бағасы өзге дүкендермен салыстырғанда қымбаттау сатылуда. Мұның себебін тұрақтандыру қорының өкілі шекерді өткен жылы сатып алып қойғандарымен түсіндірді. Яғни, былтыр қанттың бағасы 700 теңгеге дейін көтерілгенде қор қант келісін 400-500 теңгеден алып қойған. Сондықтан олар қанттың келісін 340 теңгеден сатуға мәжбүр. Дейтұрғанмен, қанттың нарықтағы бағасы 369 теңге. Мұнан соң аманаттықтар әл-Фараби көшесіндегі «Нұрислам» дүкеніндегі баға байламын назарға алды. Сауда орталығындағы баға көңілге қонымды, сапасы да жақсы. Яғни, дүкен сөресіндегі күріштің келісі 420 теңге, қарақұмық 248 теңге, сұйық май 573 теңге, қант 349 теңгеден сатылуда. Айта кетейік, облыс орталығында азық-түлік бағаларының өсуі байқалмайды. Дегенмен, олай арқаны кеңге салуға болмайды. Сондықтан сауда орталықтарын әрдайым бақылауда ұстап, мәселелерін дер кезінде шешпесе бағаны ұстап тұру мүмкін емес. Сол себепті аманаттықтар алдағы уақытта да зерделеу жұмыстарын жүргізе беретін болады. Сондай-ақ, аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өзгергеніне қатысты мәліметтің мән-жайы партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралатын болады. Өзгеріс анықталған жағдайда мәселені шешу үшін ұсынымдар әзірленіп, нақты мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленеді.  

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

Amanat партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Ұқсас жаңалықтар