Тиісті жұмыстар жүргізілуде

Тиісті жұмыстар жүргізілуде
ашық дереккөз
Тиісті жұмыстар жүргізілуде
Газетіміздің 2024 жылғы 25 қаңтар, бейсенбі күнгі №10 (19426) санында тілші Есет Досалының «Күрделі мәселеге көңіл бөлінсе...» атты сын мақаласы жарияланған болатын. Мақалада Сарысу ауданының денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелер назарға алынған еді. Осы орайда, Сарысу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айнұр Каликова аталған сын мақалаға орай жауабын берді. Бас дәрігердің жауабын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Біз облыстық «Аq jol» газетінің тілшісі Есет Досалының ауданға келіп, аурухананың өзекті мәселелерін көтергенін түсіністікпен қабылдаймыз. Жалпы, бірқатар олқылықтардың орын алғанын да жоққа шығармаймыз. Мақалада Жаңарық ауылынан Баянов Дарханның өмірден өткені айтылған. Дәрігерлер келген пациенттерге қолдан келген бар көмектерін көрсеткен. Дегенмен, осы жағдай құзырлы мекемелер тексерісінде. Кінәлілер болса әрқайсысы өзіне тиісті жазаларын алады. Журналист көрсетіп өткен «Тоғыз ауылға бір дәрігер» тақырыбындағы айтылған жайттарға келетін болсақ, Тоғызкент дәрігерлік амбулаториясына Әбілдә, Майлыкөл, Шағалалы, Көкдала-1, Көкдала-2 медициналық пункттері кіреді. Яғни, о сы медициналық пункттерде норматив бойынша орта буынды медициналық мейіргерлер қызмет жасауы керек. Аталған барлық пункттер мейіргерлермен қамтылған. Тоғызкент дәрігерлік амбулаториясында зейнет жасындағы дәрігер Әбдірахман Үсенов қызмет істейді. Жайлаукөл дәрігерлік амбулаториясына қарасты Қамқалы, Шығанақ медициналық пункттері бар. Ол пункттер де орта буынды мейіргерлермен қамтылған. Жайлаукөл дәрігерлік амбулаториясында 0,5 штат бірлігімен Әбдірахман Үсенов аптасына екі рет барып, келуші халықты қабылдап қызмет атқарады. Жайлаукөл дәрігерлік амбулаториясында әлеуметтік қызметкер, акушер, учаскелік мейіргерлер, ем-шара кабинеті мейіргері жұмыс істейді. Ол жақта тұрғындар әрине, кесте бойынша ауырмайды. Ауырған жағдайда аталған медпункт фельдшерлері алғашқы көмек көрсете алады. Шұғыл шақыртулар болған жағдайда арнайы екі дәрігерлік амбулаторияға да медициналық көлік бөлінген. Шалғай ауылдарға жас мамандардың келуі мәселелері қарастырылып жатыр. Келген жағдайда дәрігерлерге аудандық әкімшілік тарапынан және облыстық денсаулық сақтау басқармасынан қолдау, көмек көрсету бағдарламалары бар. Ал, енді Саудакент ауылдық емханасына келетін болсақ, бұл емханаға құны 23 миллион теңге тұратын цифрлық рентген аппараты беріліп отыр. Гематологиялық, биохимиялық анализаторлар былтыр берілді. Ауданымызға бөлінген үш автокөліктің біреуі осы ауылға бөлініп отыр. Аталған ауылға жас мамандарды тарту үшін барлық болып жатқан маман жәрмеңкелеріне де қатысып келеміз. Аудан әкімі Сәкен Мамытов та келген жас мамандарды қолдау үшін тиісті мүмкіндіктерді қарастыруда.  

Айнұр КАЛИКОВА,

Сарысу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.

     

Ұқсас жаңалықтар