«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ деп соққан жүрегі

Қазақ деп соққан жүрегі
ашық дереккөз
Қазақ деп соққан жүрегі
«Той десе домалайды қу бастар» демекші, той басқарып жүрген асабада бүгінде есеп жоқ. Дегенмен, Қордай ауданында той басқарып жүрген орыс баласы елдің аузына іліккеніне біраз болып қалды. Ол – қордайлық Андрей Булгаков. Талай қазақ тойының көрігін қыздырып, сәнін келтіріп жүрген асабаға да сұраныс артқан. «Өзі орыс болғанымен, жаны да, тілі де қазақ. Үлкенді- кішілі мәдени іс-шараларды, отбасылық салтанаттарды басқаратын Андрей қазақтың мақал-мәтелдерін орынды пайдаланып, көркем тілде сөйлегенде кейбір қазақтың өзін жаңылыстырып кетеді», – дейді Алға ауылының тұрғындары. Оның мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында, қарадомалақтардың ортасында өсуі сеп болған. – Бала кезімнен нағашы ата-әжемнің қолында тәрбиелендім. Ал, нағашы атам қазақ болған. Оның үстіне ауылдың балаларымен тай- құлындай тебісіп өстік қой. Асық ойнап, ләңгі тебетінбіз. Мектепті қазақша оқып бітірдім. Мұсылманмын, Аллаға шүкір, Құранды да оқи аламын. Сондықтан, жүзім басқа болғанымен жаным қазақ. Орыс тіліне шорқақпын, – дейді ол. Андрей Игорұлы асабалық өнерімен қатар, бірнеше отан дық телехи каяларғ а, фильмдерге де түсіп үлгерген. Ең алғашқы эпизодтық рөлін бала кезінде сомдаған. «Ауылда бір телехикаяның түсірілімі болып жатқан. Сол жобаға жауапты кісілер ауылда қазақ тіліне судай орыс бала барын естіп, мені түсірілім алаңына алып келді. Сөйтіп алғаш рет киноға түскенім бар. Кейінірек «Кейкі мерген», «Қаламгер», «Егіз ғұмыр», «Өмір иірімі» телехикаяларында эпизодтық рольдерді, екінші рольді сомдадым», – дейді ол. Ал, Андрейдің қазақы той басқарып жүргеніне екі жылға жуықтаған. Асабалық қызметке ойламаған жерден келдім дейді өзі. – Таныстарымның бірі осы іс сенің қолыңнан келеді деп, той жүргізіп көруге кеңес берді. Ең алғаш 60 жас тойын басқардым. Басында қалай өтеді екен, қонақтарға ұнай ма деген секілді қобалжу болды. Бірақ, бәрі ойдағыдай өтіп, той иелерінен алған алғыс сенімімді арттыра түсті. Осы тұста айта кететін нәрсе, тойдың жақсы өтуі тек асабаға ғана емес, қонақтарға да тікелей байланысты екен. Кейде бір әзіл айтсам, оны әр тойда әрқалай қабылдап жатады, – дейді ол. Андрейді танымайтын халық оның қазақ тілінде сөздің майын тамызып тұрып сөйлегенін көргенде таңырқап қалатыны анық. Дастарқан басына жиналған жұртты аузына қаратып, олардың ризашылығын алып жүрген асаба жігіт Қордай ауданынан бөлек, облысымыздың өзге аудандарында, Түркістан, Алматы қалаларында да арнайы шақыртумен той басқарып жүр. Жүрегі қазақ деп соққан 34 жасар Андрей Булгаков еліміздің әрбір тұрғыны ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді білуі және құрметтеуі тиіс деп санайды. Сол себепті де ол қыздарын қазақ сыныбына берген.  

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар