276 адам тасымалданды
Елімізде санитарлық авиация желісі бойынша «Қазавиақұтқару» әуе кемелерімен 2023 жылы 276 адам тасымалданған. Бұл ретте олар өмірлік маңызды көмек пен ауыр жағдайларда шұғыл медициналық эвакуациялауды қамтамасыз етті. Төтенше жағдайлар министрлігі авиациясының баспасөз хатшысы Алмаз Ғабдуллиннің мәліметінше, құтқарушылар тобы медицина қызметкерлерімен бірлесіп 12 консультация жүргізіп, уақытылы және құзыретті медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ете отырып, 21 ота жасады. 49 адам төтенше жағдай орындарынан сәтті эвакуацияланып, авиациялық команда жоғары біліктілік мен шеберлік көрсеткенін айта кеткен жөн. Бұл жетістіктер ТЖМ авиациясының Қазақстан аумағында қауіпсіздік пен медициналық көмекті қамтамасыз етуде маңызды және қажет екенін көрсетеді. Авиацияның бас директоры Дәулет Мәмековтің айтуынша, қазіргі уақытта «Қазавиақұтқару» АҚ паркінде 30 әуе кемесі бар. Өткен жылы барлығы 2305 ұшу жасалып, әуе кемелерінің ұшуы шамамен 5500 сағатты құрады. ТЖМ желісі бойынша 986 ұшу жасалып, әуе кемелерінің ұшуы шамамен 2500 сағатты құраған.Адамды құтқару деген мамандық бар...
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында «Адамдарды құтқару деген мамандық бар» атты кәсіптік бағдар беру вебинарын ұйымдастырды. Акцияға 68 оқушы мен 63 мектеп директорларының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары және тағы 200 оқушы онлайн форматта қатысты.Вебинарды департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Абдразақов ашып, оқушыларға оқу орындарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында атқарған еңбектері үшін шынайы алғысын білдірді. Одан кейін сөз алған азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Жалғас Абдуалиев қатысушыларға құтқарушылардың тәжірибесімен бөлісіп, қарапайым қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.Іс-шараға қатысушылар департамент мұражайына, құтқару және өрт сөндіру техникалары көрмесіне бас сұғып, кездесуді ұйымдастырушыларға өздерінің алғыстарын білдірді.
Осындай оқушылар мен оқытушылар арасында қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыру, күнделікті өмірде қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыру бойынша аталған бағыттағы іс-шараларды өткізу Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктерінің бірлескен меморандумы шеңберінде одан әрі жалғасатын болады.
Заңнаманың сақталуы маңызды
Жақында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті облыс бойынша департаментінің прокуроры Шыңғыс Мошкалов төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамына жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру және тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету мақсатында сабақ өткізді.Спикер тыңдаушыларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің және мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін жолданымдарды тіркеу, есепке алу, сондай-ақ, «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесін жүргізу қағидасы талаптарының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін регламенттейтін тармақтарын түсіндірді.
Шыңғыс Кенжебекұлы қызметкерлердің жеке және заңды тұлғалардың өтініштері саласында толғандыратын сұрақтарына жауап берді.
Сейсмикалық жаттығулар өтті
Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы №3 мектеп-лицейде өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағымен және Апаттар медицинасы орталығы филиалының қызметкерлерімен бірлесіп, оқушылардың, мұғалімдердің және оқу орны қызметкерлерінің жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерін пысықтау, сондай-ақ оларды эвакуациялау бойынша іс-шара өткізді.Дабыл белгісін бергеннен кейін бірінші қабатта сабақта отырған оқушылар ғимараттан шығып, екінші және үшінші қабаттардағы оқушылар ішкі қабырғалардың жанында, бұрышта, есіктерде, тірек бағандарының жанында неғұрлым қауіпсіз жерлерге тұрады. Бірнеше минуттан кейін оқушылар мен жоғарғы қабаттардағы мектеп қызметкерлері баспалдақпен жүріп, қабырға бойымен қозғалып, далаға шығады.
Мектеп басшылығы оқушылардың қауіпсіз аймаққа уақытылы шығарылуын қадағалап, сапқа тұрғызды. Сынып жетекшілері барлық оқушылардың тізімін тексерді. Арнайы әскери дайындық пәнінің мұғалімі бүкіл ғимаратты қарап шығып, азаматтық қорғаныс бастығына ғимараттың ішінде адам қалмағандығын, барлық оқушылар мен қызметкерлер қауіпсіз аймаққа шыққанын хабарлады.
Саптық тексеру барысында оқушылар мен қызметкерлердің жер сілкінісі кезіндегі жүріс-тұрыс ережелері түсіндірілді, мектептің медицина қызметкерлері жарақат алғандарға алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету әдістерін көрнекі түрде көрсетті. Оқушылар мен мұғалімдерге жер сілкінісі кезіндегі сақталуы тиіс тәртіп ережелері туралы жадынамалар таратылды.
Бетті дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Өзекті мәселелер өз шешімін тауып келеді
- 13 желтоқсан, 2024
Ақ жүрек, адал ниет иесі еді
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді