«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шаттығы мол шаңырақ

Шаттығы мол шаңырақ
ашық дереккөз
Шаттығы мол шаңырақ
Әрбір шаңырақтың түтіні түзу шығуына мән беру көптеген жақсылықтарға жол ашады. Бұл мәселе ата-ананың перзент тәрбиесіне ден қоюына, ұл-қызының болашағына бейжай қарамауына тікелей байланысты. Сарысу ауданында үлгі боларлық көпбалалы ананың бірі – Айнагүл Қаспақова. Ол 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген жан. Бір айта кетерлігі, Айнагүл әженің үш баласының жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты. Атап айтқанда, Самат Құсайынов – республикаға тарайтын «Алматы ақшамы» газетінің фототілшісі. Ал, Мақсат – республикалық «Түркістан» (қазір Қазақстан Жазушылар одағында), Азамат – республикалық «Ана тілі» газетінде дәл осы қызметте. Самат Серікбайұлымен әңгімелесудің сәті түсті. – Алдымен әуесқой суретке түсірумен айналысып жүріп, Асылхан Әбдірайым секілді танымал фототілші ағалармен таныс болдым. Сәті келіп «Алматы ақшамы» газетіне фототілші қызметіне қабылдандым. Оған бәлкім, ата-анамыздың малшы болғаны әсер еткен шығар. Әйтеуір, осы жұмысым оң жамбасыма келді. Бұл жұмыста керемет мол жалақы бар деуге келмейді. Бірақ, жақсы кісілердің қасында жүру, әр сәтте әртүрлі адамдарды кездестіру – өте қызық. Өзім осы салаға бет бұрған соң, інім Мақсат пен Азаматқа ұсыныс айттым. Оларды осы кәсіпке бейімдедім. Үшеуміздің бір салад а жүргеніміз қызық. Бірімізден біріміз сурет алмасамыз, жиі бас қосып тұрамыз. Жұмыста да, бос уақытта да біргеміз. Біздің осы ынтымағымызға Айнагүл анамыз дән риза, – деді ол. Айнагүл әженің бір баласы Талғат–айтыс ақыны. Аудандық, облыстық айтыстарға жиі қатысып, жүлделі орыннан көрініп жүр. Былтыр қыркүйек айында Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында өткен республикалық айтыста жүлделі үшінші орынды иеленіп, қуантты. «Анамды ертіп алып, Алматыға барып тұрамын. Ол жақтағы фототілші інілерім кезек-кезек күтіп алады. Олардың ыстық ықыласына анамыз да дән риза. Жасы келген кісінің баланың қызығын көргеннен артық арманы бар ма? Ол кісі – бақытты ана», – дейді Талғат Құсайынов. Бұл үйдің басқа ұл-қыздары да еңбекқор. Бәрі бір-бір мамандықтың иесі. Келіндері де, күйеу балалары да кісінің алдын кесіп өтпейді. Сондай ізетті. 12 құрсақ көтеріп, 11- ін өсіріп жеткізген Айнагүл Қаспақова апамыз 76 жаста. 32 немересі, 5 шөбересі бар. Бір кісіге жетерлік бақытты бастан кешіп отыр. Жұбайы осыдан 25 жыл бұрын дүние салыпты. – Қариялық жасқа келгенде бізге аса көп нәрсенің керегі жоқ. Осы ұл-қызымның, жақындарымның, ұрпақтарымның және елімнің амандығын тілеймін. Балаларымның арқасында талай үйдің төріне шықтым. Осы перзенттерімнің арқасында талай ауыл- аймақпен құда болдық. Өрісіміз кеңейді, аралас-құраластығымыз артты. Өмірдің бар қызығы осы шығар. Алматыға барғанда газетте істейтін балаларымның бастықтары да шақырып, «Апаны үйге ертіп кел» немесе «Апаға сәлем берейік», – деп ықылас, пейілдерін аямай төгіп жатады. Оған да шүкір. Келіндерім бірінен-бірі өткен ибалы. Ағайын-туыстың да құрметі бөлек. Жасымыз келгенде қадірімізбен жүргенге не жетсін. Басымызға қонған бақыт – осы перзенттерімнің жетілгені. Шүкір, бақыттымын, – дейді Айнагүл Қаспақова.  

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар