Ауған ардагерлері: айбын, рух, үлгі!

Ауған ардагерлері: айбын, рух, үлгі!
ашық дереккөз
Ауған ардагерлері: айбын, рух, үлгі!
15 ақпан – кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылған күні. Ресми нұсқа бойынша тұп-тура 35 жыл бұрын генерал-лейтенант Борис Громов Достық көпірі арқылы екі елдің шекарасын кесіп өткен соңғы кеңес жауынгері болды. Ауғанстаннан қайтқан майдангер отандастарымыздың қай-қайсысы да ұрыс даласынан тұтас ғұмырына жетерлік рухани һәм физикалық дерт арқалап оралды. Бірі ұрыс даласына сап-сау аяғын не қолын беріп келсе, енді біреуі жан-дүниесіне сарқылмас жара жамап келді. Қалай болғанда да, соғыстың аты – соғыс. Соғыста жеңілетін тек халық екені бесенеден белгілі. Қанды далада жан алысып, жан беріскен майдан куәгерлеріне елге оралған соң «Неше мұсылман өлтірдің?» деп сұрағандардың болғанын естіп, қайран қалған кездер аз емес. Сол себепті бұл соғыстың саяси астарына арнайы үңілгеніміз жөн. Шын мәнінде, көпшіліктің ойындағыдай Кеңес әскерлері ойлы-қырлы ауған даласына сол елмен соғысу мақсатында барған жоқ. Негізінен КСРО 1919 жылы Ауғанстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы ел болды. Осы жылы Ауғанстан өзін Ұлыбританиядан тәуелсіз ел деп жария етті. Содан кейін КСРО бұл елге ұдайы қару-жарақ жеткізіп, өзара алыс-беріс орнатып келді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл ынтымақ одан әрі беки түсті. Кейінірек Ауғанстан мен Пәкістан арасында алауыздық туындады. АҚШ көршілес жатқан Иран және Пәкістан елдерін қарумен жарақтандырып отырды. Осы әрекеттен сескенген Ауғанстан премьер-министрі Мұхаммед Дауд КСРО-ның әскери көмегіне жүгінді. 1978 жылы елде «Сәуір төңкерісі» деген атаумен қанды оқиға орын алып, Мұхаммед Дауд түгел дерлік отбасымен бірге өлтірілді. Кеңес одағының қолдауымен билік Бабрак Кармаль бастаған Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясына тиді. Алайда, биліктің жүгенсіздігі салдарынан қабылданған кейбір реформалар ел ішіндегі ахуалды күрделендіріп жіберді. Түрлі қарулы толқулар күш алып, арты азаматтық соғысқа әкеліп соқты. Ауған жеріндегі көтерілісшілерге 1979 жылдың жазында АҚШ Президенті Картер сол елдегі бүлікшілерді қолдауға келіседі. Ал Ауғанстан билігі көмекті КСРО-дан сұрайды. Сол тұстағы архив құжаттарындағы мәліметтерге сәйкес, Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясы КСРО-ға жиырма рет қолдау сұрап жүгінген. Осылайша, ауған жеріне кеңес әскері 1979 жылдың желтоқсанында белсенді түрде еніп, бітімгершілік мақсатында әскери іс-қимылдар жүргізе бастады. Он жылдан кейін қиян-кескі ұрыс тоқтап, 15 ақпанда Кеңес Одағының соңғы әскери тобы Достық көпірі арқылы ауған даласынан шығып кетті. Алайда, сол он жыл ішінде кеңес әскерінің көрмегені жоқ. Ал қазақ даласынан Ауғанстанға 22 мыңнан астам жауынгер аттанды. Мыңға жуығы оқ пен оттың ортасында опат болып, 21 сарбаз ұшты-күйлі жоғалып кетті. Азалы жылдардың азабы Ауған ардагерлерінің жадында жаңғырып тұр. Ал, оларды ардақтау – жастар мен ел билігінің міндеті. Бұл ретте Премьер-министрдің тапсырмасымен Үкімет жанынан арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған іс-шаралар жоспары» әзірленді. Оның аясында барлық өңірде, жергілікті деңгейлерде ардагерлерге құрмет-қошемет көрсету, әскери және патриоттық іс-шара, қайырымдылық акция, спорттық жарыс, концерттер ұйымдастырылуда. 15 ақпан қарсаңында барлық ауған ардагеріне және оларға теңестірілген азаматтарға, жалпы саны 22 мыңдай адамға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 184 мың теңге біржолғы ақшалай әлеуметтік көмек көрсетіледі. «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығы мен мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы бірлесіп, «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» медалінің дизайнын әзірледі. Отан алдындағы борыш – әрбір ер-азамат үшін қастерлі міндет. Осы жолда қасық қанын дұшпан даласына төгуден тайсалмаған батырларымыз бүгінде арамызда жүр. Жоғарыда айтылған тарихи оқиғаның куәгері Жамбыл облыстық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағының төрағасы Дүкенбай Ермеков атаулы дата қарсаңында отты жылдар турасында баяндап берді. – Кеңес одағында 18-ге толған ер жігіттердің әскерге баруы талқыланбайтын. Мен 1979 жылы Семейдегі тері техникумын тәмамдап, «Ертең дипломымды қолыма аламын» деген күні әскерге аттанып кеттім. 5 шілде күні таңғы сағат сегізде ешқайда мойын бұрғызбастан әскери военкоматтың адамдары алып кетті. Сол кеткеннен мол кеттік. Алдымен Ташкентке, одан әрі Түркменстанның Кушка қаласына табан тіредік. Бұл қаладан бір жарым шақырым жерде Ауғанстан, тағы бір жарым шақырым жерде Иран орналасқан. Дайындыққа төрт ай уақыт жұмсадық. 1979 жылдың 25 желтоқсанында мемлекет басшыларының ұйғарымы бойынша Ауғанстанға кіргізілдік. Ешқандай басқыншылық ниетіміз болған жоқ. Біз Ауғанстанға алғаш енген сарбаздармыз. Бір жарым жылдай майдан даласында болдық. №5 мотоатқыштар дивизиясының барлаушылар ротасында жаяу әскердің жауынгерлік машинасының дәлдеп атушысы қызметін атқардым. 1980 жылы минаға түстім. Әскери көліктің механик-жүргізушісі, Мәскеудің жігіті Сергей Никитин сол жерде қаза тапты. Бөлімше командирі Володя Стилисов бір аяғынан айырылды. Ал мен үш тәуліктен кейін ғана есімді жидым. Сол жарақаттың зардабын күні бүгінге дейін көріп келе жатырмын. Елге оралған соң өз мамандығым бойынша еңбек еттім. Кейіннен еңбегім еленіп, түрлі қызметтер атқардым. 2012 жылдан бері ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағын құрып, белсенді түрде қоғамдық жұмыстармен айналысып келемін, – дейді ардагер. Дүкенбай Сайлаубекұлы Ауғанда алған жарақатына байланысты 2005 жылы зейнетке шыққан. Бүгінде қоғам игілігі үшін тер төгіп жүрген ұлтжанды азамат ардагер ретінде мемлекеттен лайықты көмек алып келе жатқанын да тілге тиек етті. – «Ардагер едім» деп үйде жатпай, он бес жылдың көлемінде жастардың отансүйгіштік рухын ояту мақсатында ауған соғысы ардагерлерінің одағын құрып белсенді жұмыс істеп келе жатырмын. Кеңес одағының тұсында да, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де ардагерлерге мемлекеттің ықыласы ерекше болды. Ел ішіндегі барлық шипажайда тегін демалдық. Ішкен тамағымызға дейін бақылауда болды. Алматы және Астана қалаларында орналасқан соғыс ардагерлеріне арналған госпитальдарда тегін емделеміз. Кеңес одағының тұсында барлық ауруханалардан ардагер ретінде тегін дәрі алатынбыз. Көптеген ардагерге жер берілді. Біраз азаматтар пәтерге ие болды. Өз басым қызметімнің арқасында барлығы жеткілікті болғандықтан, Ауған соғысының ардагері ретінде жергілікті биліктен ештеңе сұраған емеспін. Биыл ғана жер берілді. Былтыр 17 Ауған соғысы ардагерінің үйлі болуына атсалыстым. Тәуелсіздік алғаннан кейін 2003 жылға дейін Ауған соғысына берілетін көмек саябырсып қалды. Біз бұған түсіністікпен қарадық. Аяғын тәй-тәй басып келе жатқан жас мемлекеттен қандай да бір көмек талап ету азаматтығымызға сын деп санадық. 2003 жылдан бастап Ауған соғысының әрбір ардагеріне 24 мың теңге көлемінде коммуналдық төлем үшін жәрдемақы беріліп келеді. Одан бөлек, ел ішіндегі барлық шипажайға, Алматы және Астана қалаларындағы госпитальдарда өз кезектерімен, құжаттарын толық жинап, тегін түрде емделуге мүмкіндік бар. 15 ақпан – атаулы күнімізге орай жыл сайын берілетін сыйлықақы мөлшері жыл санап ұлғайып келеді. Биыл 184 мың теңге болды, – дейді ол. Иә, сұм соғыстың куәгерлеріне мемлекеттен көрсетілетін көмек қомақты. Алайда, түйткілді жайт та жоқ емес. Қазіргі таңда Ауған соғысы ардагерлеріне тұрғын үйін жекешелендіру мүмкіндігін беру мәселесі әлі де пысықталып жатқан көрінеді. – Ауған соғысы ардагерлерінің құқын қорғайтын арнайы заң бар. Осы заңда 2020 жылы өзгеріске ұшыраған бірнеше тармақ бойынша Ауған соғысы ардагерлері алған пәтерлер жалдамалы болып тұр. Осы мүліктерді жекешелендіруге мүмкіндік беретін бап енгізілсе дейміз. Осыны айтып жыл сайын біршама бұлқынамыз. Бірақ, әзірге нәтиже болмай жатыр. Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған тұста бірнеше мәрте хат жаздық. Әлі өзгеріс жоқ. Дегенмен, өз басым ардагерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға дән ризамын. Сол себепті де жастарға патриоттық тәрбие беріп, қасық қаным қалғанша елге қызмет етуді борыш санаймын. Жыл сайын көптеген іс-шаралар өткіземін. Қайда барсам да халық құрақ ұшып сыйын көрсетеді. Еңбегім еленіп, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Құрмет» орденін иелендім. Құрметтен кенде қалып жатқан жоқпын. Қандай жағдай болса да мемлекетімізбен бірге болуымыз керек. Жастарды тәрбиелеуге күш салу керек, – дейді Дүкенбай аға. Қазіргі уақытта елімізде ардагерлердің өмірін жақсартуға бағытталған шаралар жүйесі бар, соның ішінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу, жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақшалай немесе заттай түрде әлеуметтік көмек көрсету (жыл сайын жергілікті атқарушы органдар атаулы күндерге өңірлік ережелерде белгіленген мөлшерде ұсынылатын әлеуметтік көмек), тұрғын үй заңнамасына сәйкес, тұрғын үймен қамтамасыз ету, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда артықшылықпен қызмет көрсету және ауруханаға кезектен тыс жатқызу, бiлiктi медициналық көмек алу, ардагерлер жұмыс iстеп жүрген кезінде тіркелген емханаларды зейнеткерлiкке шыққан кезде де пайдалану құқығы қарастырылған. Бұдан басқа, Ардагерлер туралы заңның 11-бабының 4-тармағына сәйкес мүгедектігі бар адамдарға мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Ал, тұрғын үй мәселесіне қатысты заңда тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша сілтемелік норма көзделгені айтылады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабына сәйкес, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтар қатарына жатқызылған. Сондай-ақ, Тұрғын үй заңының 13-бабы 8-тармағының 5 тармақшасына сәйкес, Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған әскери қызметшілер Мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне тегін алуға құқығы бар. Сонымен бірге, қазіргі таңда «Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында. Аталған Заң жобасы шеңберінде бұрын жалға берілген тұрғын үйді сатып алу құқығымен жекешелендіруге рұқсат беруге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасауда. Ауған соғысы ардагерлеріне тұрғын үйін жекешелендіру мүмкіндігін беру мәселесі жоғарыда аталған Заң жобасы шеңберінде уәкілетті мемлекеттік органмен пысықталып жатқан көрінеді. Алдағы уақытта мәселе оң шешімін тауып, ардагерлердің тілегі қабыл болады деп сенеміз. Жамбыл облысынан Ауған соғысына 2232 жауынгер қатысып, 71-і қаза тапты. Сарысулық азамат із-түссіз жоғалып кетті. Бүгінде арамызда 967 ауған соғысының ардагері бар. Олардың саны күннен күнге азайып келеді. Ардагерлер тиісті деңгейде ардақталып келеді. Өз кезегінде ардагерлер де жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде аянып жатқан жоқ. Ұрпақтар арасындағы бұл сабақтастықтың үзілмеуі – тарихтағы қасіретті әрі тағылымды оқиғаның бізге берген жалғыз игілігі.  

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ

 

Ұқсас жаңалықтар