«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алтын құрсақты ана

Алтын құрсақты ана
ашық дереккөз
Алтын құрсақты ана
Ана қараңғылықты сейілтетін күннің сәулесі іспетті. Ол отбасының басты құндылықтарын қалыптастырушы қайнар бұлақ. Шаңырақтың берекесі, балаларының өнегелі ұрпақ болып өсуі анаға тікелей байланысты, деп санайды жас ана Мария Генрих. Мария – алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері. Оның сырт келбетіне қарап көпбалалы ана екеніне сену қиын. Дене бітімі сұлу – ол «көпбалалы аналар да жарқырап жүре алады, әрі жүруі керек», деп есептейді. Марияға салтанатты түрде «Күміс алқа» белгісін тапсыру кешінде залда отырған көпшіліктің оған тамсана қарағаны да рас. «Сен бақытты болсаң, сені қолдайтын, бағалайтын жандардың барын білсең – әдемі болу оңай», – дейді ол. Мария мен оның жұбайы Әсет 6 бала тәрбиелеп отыр. Олар үшін үлгілі отбасы болудың нақты нұсқаулығы жоқ. Шынайы сезім болса жеткілікті. Жасөспірім балаларымен бір толқында болуға және кіші жастағыларының өміріндегі маңызды кезеңдерді жіберіп алмауға тырысады. Ол өзіне көпбалалы ана мәртебесін береді деп ойламаған. «Мен көпбалалы ана болуым керек», деген жоспар да құрмаған. Ал «Күміс алқа» алқасын алған сәтте, мұнымен тоқтауға болмайтынын түсінеді. -Сол сәттегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес еді. Толқу мен мақтаныш сезімі басым болды. Концерттен кейін жұбайыма телефон соғып, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, енді «Алтын алқа» иегері атанғым келетінімді жеткіздім, - дейді күлімсіреп. Ерлі-зайыптылардың тағы бір арманы бар. Үлкен үй салу. – Әр баланың анасы болуы керек, ата-анасыз қалған балаға өз жылуымызды бере алсақ, біз бақытты боламыз. Мен жұбайыммен бала асырап алуды да талқыладым. Барлығына аналық махаббатым жетеді, – дейді Мария. Әсет Досалиев пен Мария Генрихтің отбасы еліміздің мәдени құндылықтарының көрсеткіші десе болады. Мария ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтауға тырысады. Үйлерінен қонақ үзілмейді, жақсы келіннің дастарқаны әрқашан жайылып тұрады. Туыстары оны қазақтың тағамдарын дәмді дайындайды деп мақтайды. Үйде барлық міндеттер өзара бөлінген, ересек балалары – әке-шешесінің қолғанаты, олар кішілеріне қамқорлық жасайды. Перзенттері туралы айта отырып, Мария балалардың қызығушылықтарына көбірек көңіл бөлу қажет екеніне тоқталды. Мысалы, қыздың үлкені Әнелді нағыз жұлдыз деуге болады. Бойжеткен түрлі байқауларға, фотосессияларға қатысып, тіпті ауданда «Азияның ең сүйкімді қызы» аталымын жеңіп алды. Мұның бәрі балаға бөлінген сапалы уақыттың нәтижесі. Мария жұмыс істейтін ана болғанымен, Ноғайбай ауылының қоғамдық өміріне де белсене араласады. Сүйікті жар, аяулы ана балаларының болашағын бәрінен жоғары қояды. Көп ұлтты отбасылар бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысы бірегей. Ал, бұл үйде келіспеушіліктер мен мүдделер қақтығысына жол берілмейді. Басты шарт – бір-біріне адал болу.  

Шолпан САБАНОВА,

журналист.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар