«Адал қызмет етсең – атақ өзі айналып табады»
Жанұзақ Аязбекұлы – есімі елге танымал әдебиет сыншысы, жазушы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері. Талас ауданы, Көшек батыр ауылында дүниеге келген. Ақпан айында жерлесіміздің мерейжасы. Осы орайда қаламгермен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Мерейжас деген, ол бір адам өмірінің бір белесі ғой. Әр белеске шыққан сайын адамның көңілінде бір тербеліс, жүрегінде бір толғаныс болатыны анық. Мұндайда әуелі нені айтуға болар еді? – Шынымды айтсам, бұл орайда соңғы жылдары менің есіме туған топырақ, өскен ел жиі түседі. Бұл өзі адамзатқа тән бір табиғи заңдылық шығар. Бірақ, қазақ баласы үшін ол тіпті де ерекше. «Аққан су астындағы топырағына қарай тазарып, лайланады. Адам бар жақсы қасиетті туған жерінің табиғатынан алады», депті испан данагөйі Б.Грасиан. Талас өзенінің төменгі сағасындағы аққұба құм арасында жатқан ауылдар бар. Олардың бәріне тән ортақ ахуал: шаңды дауыл да, аңызақ жел де, күздің қара суығы да, қыстың қытымыр аязы да бірдей. Бірақ, соның бәрімен де қымбат, ыстық. Мен туған «Қызылжар» (Көшек батыр ауылы), өскен ауыл «Кеңес» (Бөлтірік шешен ауылы) сондай қойындасып жатқан, ежелден әруақ қонып, нар шөккен жер. Осы жерде ес білдік, ер жеттік. Бөлтірік шешен ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірдім. Алматы қаласындағы қазіргі әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Сол 1972 жылы біздің сыныптан 17 түлек жоғары оқу орнының студенті атанды. –Не себепті журналистиканы таңдадыңыз? – Ес білгелі жүрегіме ұялаған осы мамандық болды. Жастайымнан көркем әдебиет атаулыны көп оқыдым. Мектеп пен ауыл кітапханасындағы кітаптардан біз оқымағандар некен-саяқ. Біздің ұрпақ әдеби кітап оқып ержетті. Екінші бір себеп, туған ауылымызға жиі келетін ақын-жазушылар, көрнекті өнер қайраткерлерінің әсері зор болды-ау. Сол кездегі астанамыз Алматыдан жаз шыға қазақ драма театрының артистері, Тараздағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы, танымал ақын-жазушылар қойлы, малды ауылдарды аралауға шығатын. Есімде Құрманбек Жандарбеков, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев секілді жампоздар талай рет біздің үйдің төрінде жата-жастана қонақ болып, думандатып таң атырған кездері бала жүрегімізде өшпес із қалдырды.
Мектептің бесінші сыныбында оқып жүргенде Талас аудандық «Ленин жолы» газетіне қысқа мақалалар жаза бастадым. Бірінен соң бірі жарық көргендегі қуаныштар. Ал, бәрінен бұрын републикалық «Қазақстан пионері» газетіне мақалаларым басылып, Фариза Оңғарсынованың қолы қойылған хаттар алғандағы бақытты сәттер айрықша еді. Ақын апамыздың келешегіңнен зор үміт күтеміз деп аяқталатын жазбасы қиялыма қанат бітірді, ақын-жазушы болсам деген арманымды еселей түсті. Алтыншы сыныпта оқып жүргенде-ақ, республикалық, облыстық және аудандық газет-журналдарға мақала, өлең-жырларым шыққаннан, менің атағым дүрілдеп тұрды. Алып кеңестік империяның ең атақты «Артек» пионер лагеріне үздік жас тілші болғаным үшін Фариза апамыз арнайы жолдама берді. Ол кезде ол құмда жатқан ауыл баласы үшін сенсация болатын. Мектеп бітіріп шыққанша аудан, облысқа танымал болдық. Соның нәтижесінде университеттің ең жас студенті атандым. Студенттік тәжірибемді Талас аудандық газетінде өткізіп жүрдім. Тұңғыш фельетон да, көркем әңгімем де, сын мақалам да осы кіндік қаным тамған жерде жазылды. Менің журналистік мамандықты таңдауыма, білім алып, тәжірибе жинауыма, іргетасымның қалануына туған елдің орны ерекше болды. – Университетті бітірген соң еңбек жолыңыз басқа өңірден басталды. Қостанай қаласына қалай келдіңіз? – Коммунистік партияның заманы. Жоғары оқу орнын бітірген әр түлек партияның жолдамасымен ел көлеміндегі журналистік мамандық зәру өңірлердің газет, радио-телевизия редакцияларына жіберілетін. Кем дегенде 2-3 жыл жұмыс істеуің керек. Барған жерде ең алдымен қызмет, баспана, лайықты жалақымен қамтамасыз ететін артықшылықтары болды. Мен сонда қазақ жерінің қай пұшпағы болса да қазақ баласы үшін қымбат екенін сездім. Бәрі де өзіңе байланысты. Маңдай терлетіп, адал қызмет етсең, абырой да, атақ та өзі айналып табады. Қатардағы тілшілік қызметтен облыстық телевизияның бас редакторы, «Заман» телеарнасының директоры, республикалық «Қазақстан», «Хабар» телеарналарының меншікті тілшісі, облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері, соңғы қызметім – Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінің директоры-Бас редакторы болып ұзақ жылдай қызмет еттім. Іргетасын Мұхаметжан Сералин мен Бейімбет Майлин қалаған басылымның 100 жылдығын лайықты деңгейде атап өттік те, редакция тізгінін жастарға өткіздім. Қазір Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры болып жұмыс істеймін. – Туған жерден қол үзбеген боларсыз? – Мен Қостанай өңірінде қызмет етіп жүрсем де Жамбыл өңіріндегі игі жаңалықтарына үнемі құлақ түріп жүремін. Бірақ, бәрінен бұрын туған өңірдегі түйіні күрделі мәселелермен маған шыққан адамдарға қолымнан келгенше көмегімді аяған емеспін. Тағдыр-талайлы адамдарға қолұшын бердім.
Екі өңір кәсіпкерлерінің және қазақ жұртының барыс-келіс, алыс-беріс тиімділігін арттыру үшін жолаушылар пойызына қосымша вагондар тіркету мәселесін Үкімет деңгейіне дейін көтеріп, оң нәтиже шығарған кезіміз де болған. Ал, руханиятта Тараз өңірінің ақын-жазушылары, өнер адамдарымен шығармашылық байланыстамыз.
Қара басымызға келсек, жыл аралатып келіп тұрамыз. Балаларым мен немерелерім де Тараз жерінің көкмайсасына аунаған, айдын көліне шомылған. Тараз өңірінің аурасы бөлек, қасиеті зор, киелі ғой, оны тілмен жеткізу қиын. Оны жүрекпен сезу керек. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұржан ӘЛІШ.
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді