Көрсеткіш артығымен орындалған

Көрсеткіш артығымен орындалған
ашық дереккөз
Көрсеткіш артығымен орындалған
Талас ауданына қарасты Қызыләуіт ауылдық округінде былтыр 1002 гектар жер игеріліп, жоспарланған көрсеткіш артығымен орындалған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте аталған ауылдық округінің әкімі Ғарифулла Байкенжеев баяндады. Спикердің айтуынша, аядай ауылдың 2023 жылғы дамуында оң серпін бар. Әсіресе, асыраушы сала саналатын мал шаруашылығы және көктемгі егіс, дала жұмыстары бойынша атқарылған іс көп. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара саны 2384-ке, оның ішінде шаруа қожалықтарында 1636 басқа, жеке үйлерде 595-ке, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 153-ке жеткен. Ал, ұсақ малдың саны 29 694-ті құрап отыр. – Өткен жылы 16 418 тонна мал азығы жиналды. Көрсеткіш 103 пайызға артығымен орындалды. Биыл ауылдық округ бойынша игерілген егіс көлемі 1002 гектарды құрады. Оның ішінде, 780 гектары көпжылдық шөп, 10 гектары көкөніс, 75 гектары жүгері, 6 гектары картоп, 21 гектары қауын-қарбыз болса, 110 гектарға арпа егілді, – деді ауыл әкімі. Ауылда мал шаруашылығын жандандыру мақсатында мемлекеттен несие алушылар саны артқан. Мәселен, ауылдың үш тұрғыны мүйізді ірі қара өсіру үшін 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грант алған. 21-35 жас аралығындағы 5 миллион теңгеге дейінгі 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге ауылдың 3 тұрғыны қол жеткізді. Жеке кәсіпкер «Нұрқанат» 50 басқа арналған бұқа бордақылау алаңын ашып, 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылдың басында округте салық түсімдері бойынша жылдық жоспар 2 миллион 294 мың теңге межені құраған. Бұл көрсеткіш 4 миллион 726 мың теңгеге жетіп, жоспар 142,8 пайызға артығымен орындалған. Сонымен қатар, тұрақты жұмысқа 100 адам орналасып, әлеуметтік жұмыс орындарына 12 адам жіберілген. «Жастар тәжірибесі» бойынша 8 адамға жолдама берілген. «Бизнес – Бастау» кәсіпкерлік негіздері бойынша 10 адам оқуын аяқтап, 3 адам жеке кәсібін ашқан. Бұдан бөлек, 4 отбасыға барлығы 2 миллион 562 мың 838 теңге мемлекеттік әлеуметтік көмек тағайындалған. – Ауылдың дамуына «Жомарт түлек» жобасының қосып жатқан үлесі орасан. Мысалы, 2013 жылы мектеп бітірген түлектердің қаржылай көмегімен Қызыләуіт және Қаратау төте жолына көпір орнатылды. 2003 жылы мектеп бітірген түлектердің бастамасымен мешіт ауласына жабылмалы ғимарат салынды. 1992 жылғы түлектердің қолдауымен Қызыләуіт ауылының кіреберісіне жасыл белдеу жасалды. Ал, жалпы атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, Қызыләуіт ауылының кіреберіс жолына 220 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызыләуіт және Ақтөбе ауылына 224 миллион теңгеге көгілдір отын кіргізілді. Қотырәуіт су қоймасы күрделі жөндеуден өтті, – деп түйіндеді брифингті ауыл әкімі.  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар