Жаңажолда жарық жиі сөнеді

Жаңажолда жарық жиі сөнеді
ашық дереккөз
Жаңажолда жарық жиі сөнеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шу ауданы, Жаңажол ауылдық округінің әкімі Дархан Әліпбаев БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, ауылдық округтің әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары бойынша есепті баяндама жасады. Баяндамашы атап өткендей, аталған ауылдық округте 2933 тұрғын бар. Округтегі 606 оқушы білім алатын Б.Момышұлы атындағы орта мектебі 1969 жылы пайдалануға берілген. Орта мектепте қазақ және орыс тілде білім беріледі. Онда 606 оқушы білім алуда. 100 орындық «Бәйшешек» бөбекжай бақшасы бүлдіршіндермен толық қамтылған. 25 баладан төрт топқа бөлінген. Өткен жылы мұндағы жылыту жүйесі қатты отыннан газға ауыстырылған. Жаңажол ауылдық округінде мәдени ұйымдастырушысы мен кітапхана халыққа қызмет етуде. Оның ішінде мәдени ұйымдастырушысының ұйымдастыруымен 32 іс-шара өткізіліп, 2846 адам қамтылыпты. Кітаханада 7128 дана кітап қоры бар, оның 4164-і қазақ тілінде. Округке 2014 жылы көгілдір отын тартылып, бүгінгі күнге дейін 410 абонент мердігермен келісімшартқа отырып, газға қосылған. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылы ауыз су жүйесі іске қосылған. Қазіргі таңда округте 434 түтін ауыз сумен қамтылып отыр, ол 73,6 пайызын құрапты. Жаңажол ауылында 254 шаруа қожалығы тіркелген, оның 15-і мал шаруашылығымен, 239-ы егін шаруашылығымен айналысады. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 24 669,4 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 23 319,5 гектарды құрайды. Округ тұрғындарының және шаруа қожалықтарының жеке меншігіндегі мал басы түгелдей есепке алынып, жылдың басына мүйізді ірі қара – 4376, қой мен ешкі – 21700, жылқы 895 басты құраған. Ауылда екі кірпіш зауыты, наубайхана жұмыс істейді. Биыл ауылдықтар үшін ағын суды пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Округ бойынша шаруа қожалықтарының егістік жерлеріне ағын су 5 тоған арқылы жеткізіліпті. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша көпбалалы, аз қамтылған 13 отбасына 4 593 985 теңге атаулы әлеуметтік көмек төленген. Бүгінгі күнге жалпы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 46 адам қамтылса, оның ішінде тұрақты жұмыс орнына – 7, ақылы қоғамдық жұмысқа 31 адам тартылған. Сонымен қатар, қысқа мерзімді оқытудан 2 адам өтсе, «Бизнес – Бастау» курсын 2 азамат оқып шыққан. Ресми тіркелген жұмыссыз азаматтардың саны – 31. Округ әкімі бірқатар өзекті мәселелердің де бар екенін жасырмады. Атап айтқанда, Б.Момышұлы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, қосымша ғимарат соғу, «Бәйшешек» бөбекжай бақшасына ағымдағы жөндеу жүргізу кезек күттірмейді. Электр желілерінің тозығы жеткен. Сәл жел тұрса жиі жарық сөніп қалады. Округке мәдениет үйі және спорт кешені керек. Аталған нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылыпты. Жиын соңында округ әкімі Дархан Бұхарбайұлы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар