Аймақта тұрғын үй саны артады

Аймақта тұрғын үй саны артады
ашық дереккөз
Аймақта тұрғын үй саны артады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты тұрғын үймен, таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтамасыз етуге баса мән беріп келеді. Бүгінгі таңда облысымызда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасы тұрғын үй, инженерлік коммуникациялар және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Даулет Дайрабаевтың айтуынша, 2029 жылға дейін облысымызда 4385,8 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда. Биыл облыста 2909 пәтерлі 56 көпқабатты тұрғын үй салу үшін бюджеттен 6,5 миллиард теңге жұмсау көзделіпті. Оның 1 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен, ал қалған 5,5 миллиард теңгесі облигациялық несие есебінен бөлінбек. Ал, Тараз қаласында жалпы 2531 пәтерден тұратын 50 көпқабатты тұрғын үй салынады деп күтілуде. Оның 45-і, яғни 2231 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік несиелік, 5-еуі жалдамалы баспана. Бұдан бөлек, Қордай ауданында 120 пәтерлік 2 арендалық, ал Шу ауданында 80 пәтерлік бір көпқабатты тұрғын үйді салу жоспарланған. Сондай-ақ, Талас ауданында 88 пәтерлі екі жалдамалы көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңарту жұмыстары жоспарлануда. Мұндай шаралар Сарысу ауданындағы 90 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйде де жүргізілмек. Биылғы жылдың соңына дейін облыста 2109 пәтерлік 39 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдамалы тұрғын үй сатып алу үшін республикалық бюджет есебінен 4,7 миллиард теңгеге облыс аумағынан 354 пәтер сатып алу жоспарлануда. Бүгінгі таңда, 2024 жылдың қорытындысымен жалпы бюджет және жеке қаражат көздері есебінен 729,6 мың шаршы метрлік тұрғын үйді пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 пайызға артық. – Халықты баспанамен қамту мақсатында жоғарыда аталған көпқабатты тұрғын үйлерді салатын мердігерлер облыс әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы анықтайды. Бұдан бөлек, аз қамтылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды баспанамен қамту бойынша аудандарда «Асар» жобасы жалғасуда. Жоба аясында баспаналы болған көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар баршылық. Мұндай құрылыс жұмыстарын ауылдық округ әкімдіктері ауыл ақсақалдарымен бірлесіп атқаруда. Жалпы, облыста «Асар» жобасы басталғалы бері 420 отбасы баспаналы болыпты. Биыл да бұл жоба жалғасын табатын болады, – дейді Даулет Дайрабаев.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар