«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлеуметтік төлемде биыл не өзгерді?

Әлеуметтік төлемде биыл не өзгерді?
ашық дереккөз
Әлеуметтік төлемде биыл не өзгерді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заңға өткен жылы қол қойған еді. Соған сәйкес, биыл 1 қаңтардан бастап кейбір әлеуметтік және базалық көрсеткіштерге өзгерістер енгізілді. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, биылдан бастап республикада ең төменгі жалақының мөлшері 85000 теңге болып белгіленген. – Тиісті қаржы жылына әлеуметтік төлемдер үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 43407 теңгені құрайды. Базалық зейнетақының, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ең төменгі зейнетақы төлемінің мөлшері күнкөріс деңгейіне байланысты. Айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 3692 теңгені құрады. Баланың туылуына байланысты бір реттік жәрдемақы мөлшері үш балаға дейін 38 айлық есептік көрсеткіш, яғни 140296 теңге, 4 және одан кейінгі балалардың тууына 63 айлық есептік көрсеткіш немесе 232596 теңге болып белгіленді. Республикалық бюджеттен төленетін басқа да мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, мысалы асыраушысынан айырылуына, мүгедектігіне байланысты жәрдемақы 7 пайызға ұлғайды. Мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасыларды қолдау үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері биыл 69886 теңгені құрады. Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты орта есеппен әр балаға 14700 теңгеге өзгерді. Сондай-ақ, балалар 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы арнайы жинақтау шоттарына аудару көзделген еді, 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асып отыр, – дейді Аслан Ұланұлы. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері, ең төмен күнкөріс деңгейінен 60 пайыздан 65 пайызға дейін ұлғайтылды. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекс аясында наградталған аналардың мәртебесін арттыру мақсатында «Алтын алқа» алған, «Батыр ана» атағы бар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру ұсынылған, бұл – 27321 теңге. «Күміс алқа» иегері атанған аналарға арналған жәрдемақы мөлшерін 6,4 айлық есептік көрсеткішке жетіп, 23 629 теңгені құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде еңбек жағдайлары зиянды жұмыста ұзақ уақыт бойы істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін де арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Арнаулы әлеуметтік төлем төрт көзден төленетін болады. Мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейімен 43407 теңгеден айқындалады. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін төлем алушы 55 жасқа толған және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті. Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады. Атап айтсақ, республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік жәрдемақы, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленеді. Бұдан басқа, жұмыскерлерге бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі. Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген еңбеккерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Олардың 2 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде, тағы басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі болмақ. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысуға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар