Атқарылған жұмыс аз емес
Сапалы ұлт қалыптастыру ісі саналы ұрпақ тәрбиелеуден басталады. Өйткені, ертеңіміздің даму кепілі білімді де интеллектуалды жастармен өлшенеді. Ал, білім саласында Жамбыл өңірі біршама жетістіктерге жетіп отыр. Бұл жөнінде облыстың білім саласында 2023 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және 2024 жылға арналған міндеттер туралы облыс әкімдігі білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды. Жиында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев аталған сала бойынша белгіленген көрсеткіштер негізінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Спикердің сөзінше, өткен жылы облыстың білім беру мекемелері бірқатар жетістіктерге жеткен.
– Былтыр облысымызда 43 оқушыдан жасақталған құрама командасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән олимпиадасына дайындық мақсатында оқу-жаттығу жиындарына қатысты. «WorldSkills» республикалық чемпионатына 23 құзыреттілік бойынша 25 студент қатысып, 16-сы жүлделі орынға ие болды. Оның 2-і алтын, 2-і күміс, 12-сі «Үздік маман» медалінің иегері. Республикалық, халықаралық байқауларда 81 педагог жеңімпаз атанды. 6 педагог республикалық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз болды. 2023 жылы білім саласында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Ал, 2024 жылға жоспар айқын, міндет зор, – деді Мұхит Нысанбаев.
Жиын барысында сондай-ақ, өңірімізде оқушылардың позитивті әлеуметтенуінің оңтайлы тәжірибесін қалыптастырып, республикалық, халықаралық ғылыми жарыстар мен олимпиадаларға жүлделі орын иегерлері мен интеллектуалдық элитаны дайындау ісі сөз болды. Бұл бағытта облысымызда үздік білім беру ұйымдарының бірі – Меркі ауданы, М.Әуезов атындағы №9 мектеп-лицейінің директоры Нүрила Қойшыманова «Ауыл мектебі жағдайында білім сапасын қамтамасыз етудің тиімді тәжірибесі» тақырыбында сөз қозғап, №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту – заман талабы» тақырыбында кадрлар даярлаудағы тиімді тәжірибесімен бөлісті.
Алқа мәжілісінің соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров білім саласындағы 2024 жылға арналған міндеттерді жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Мектеп асханаларында санитарлық талаптардың қатаң сақталуы керектігін айтты. Сондай-ақ, былтыр Байзақ ауданында орын алған оқиғадан білім мекемелері сабақ алу қажеттігін жеткізді. Айта кетсек, 2023 жылдың қараша айында Сарыкемер ауылындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында 46 оқушы мен 2 мұғалім тамақтан улану фактілері орын алған болатын.
Сонымен қатар, Нұржан Сәбитұлы бірқатар аудандарда пайдалануға берілуі тиіс мектептердің құрылысы кешіктіріліп жатқандығын тілге тиек етіп, аталған бағыттағы жұмыстарды облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы назарға алу керектігін тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді