Азаматтық борышына адал азамат
Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың қайғылы беттерінің бірі. 1972 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға Кеңес әскерін кіргізу туралы шешім қабылдады. 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасына өтіп, 1989 жылдың 15 ақпанына дейін, 10 жылға жуық соғыс қимылдарын жүргізді. Шайқас барысында жеңіс пен жеңіліс, ерлік пен орны толмас шығындар да болды. Көптеген жерлестеріміз осы соғысқа қатысып, біразы Ауған жерінде қаза тапты. Ауған соғысына Сарысу ауданынан да азаматтар қатысып, әскери борышын өтеді. Біраз сарысулық жауынгерлер Ауған жеріне алғашқылардың бірі болып барды. Солардың бірі –Жаңатай Жақыпбеков.
Жаңатай Байдалыұлы 1960 жылы 21 желтоқсанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңаарық ауылында дүниеге келді. Жаңаарық ауылындағы Сарысу орта мектебін 1978 жылы аяқтап, кәсіптік-техникалық училищеде оқып жүрген жерінен 1979 жылы сәуір айында әскер қатарына шақырылады. Алматы қаласындағы №77800-ші әскери бөлімге түсіп, алты ай дайындықтан өткен соң, 1979 жылдың 25 желтоқсаны күні арнайы дабыл қағылды. Мұнан соң әскерлерді Алматыдан Термезге әкеліп, бес күннен кейін Ауғанстан жеріне кіреді. Сол күні Ауған жеріне кірген әскерлердің қатарында Жаңатаймен бірге Мұрат Төребеков және Әли Сүлейменов деген сарысулық азаматтар болды. Алғаш Ауған жеріне Кеңес әскерлері кіргізілгенде генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев батальон командирі, қазіргі полковник Байғали Қоқымбаев Жаңатай Жақыпбековтің рота командирі болған еді.
Бұл азаматтардың ерліктері жайлы қоғам қайраткері Бақтыбек Смағұловтың «Мен көрген соғыс» атты естелік кітабында кеңінен баяндалады.
Алғаш Ауған жеріне кірген кезімізде жағдай ауыр әрі қиын еді. Жат жерде, таулы-тасты, ойлы-қырлы, соқпақты жер әскери операцияларға жиі шығып отырдық. Тіпті, бір әскери операциясы кезінде бір ротадағы әскердің жартысынан көбі қаза тапты. Қаза тапқандар ұшақпен елге қайтарылып жатты. Ауыр жағдайларды жүрекпен өткізіп, көзбен көрдік. Қаза болған жігіттердің денесі салынған табытпен бірге ұшуға тура келді. Әскерде танысып, жақын араласқан қаруласым, қызылордалық Серік Баймаханов деген жігіт қаза тапқанда, командирдің шешімімен жауынгердің сүйегін туған жері Қызылордаға бірге апарысып, жерлеуіне қатыстым. Мұндай жағдайлар жанымызды ауыртып, жүрегімізді сыздатты. Ондай күндер келмеске кетсін. Жат жерде жүргенде өз еліңнің қадірі қатты білінеді. Командирміз Байғали Қоқымбаевты қаруластары мен сарбаздары «Кока» деп атап кеткен. Ол керемет әскери маман, тактик, тәжірибелі командир болды. Оның осы білімділігі мен тәжірибесі, әскери тактикасы өзінің қарамағындағы жауынгерлердің өмірін көп жерде сақтап қалды. Ол жаңадан әскерге алынған, бұрын соғыс көрмеген біз сияқты балаң жігіттерді әскери ұрысқа тәрбиеледі. Күндіз-түні сарбаздарды дайындап, дұрыс жүгіру, еңбектеп жүру, қоян-қолтық ұрыстың әдістері, оны дұрыс қолдана білуді үйретті. Біз нағыз мұздай қаруланған жауынгерлерге айналдық. Байғали Қоқымбаев әскери шеберлігінің арқасында өз ротасын жау қоршауынан және өзге де қауіпті жағдайлардан алып шығып отырды, – дейді Жаңатай Байдалыұлы.
Ауған жерінде Кабул, Жалалабад қалалары, Мазар Шариф, Құндыз провинциясы, өзге де жат жердің аймақтарында болып, ұрыс қимылдарына қатысқан Жаңатай Жақыпбеков 1981 жылы маусым айында елге аман-есен оралады. Жаңатас қаласындағы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне жұмысқа орналасып, зейнетке шыққанға дейін 40 жылдан аса машинист болып еңбек етті. 2023 жылдың желтоқсан айынан бері зейнет демалысында. Ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. Қазіргі таңда Жаңатай Жақыпбеков Ауған соғысы ардагерлері ұйымының мүшесі ретінде аудандағы қоғамдық іс-шараларға, жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстарына белсене араласып келеді.
Ауғанстан ардагерінің жұбайы Зура Жақашқызы – жеке кәсіпкер. Екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, жеті немере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Еркебұлан Жаңатайұлы аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарған, полиция капитаны, ішкі істер саласының ардагері. Ортаншы ұлы Аслан полиция подполковнигі, аудандық полиция бөліміндегі жергілікті полиция бөлімінің басшысы болып қызмет істейді. Кіші ұлы Али – Алматы қаласындағы медицина университетінің магистратурасын бітіріп, осы сала бойынша жұмыс атқаруда.
Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің қай-қайсысы да азаматтық борыштарына адалдық танытып, қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Олар жасаған ерлік өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім қалыптастырып, Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра түсетініне сенім мол.
Асан ТІЛЕМІСОВ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді