Мәртебелі мұғалімдер отбасы
Ұстаздық қызмет үлкен жауапкершілікті, тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденісті талап етеді. Шәкірт жүрегіне жол табу да оңай емес. Ал, қос ұстаздың бас қосып, еңбек жолында да, өмір жолында да өзгелерге өнеге бола білуі – нағыз ерлік. Ноғайбай ауылының тұрғындары Мұрат пен Зәуре Арыновтардың өмір жолы өзінен кейінгі буынға үлгі. Әуелі отбасының тірегі Мұрат Арыновқа тоқталсақ. Мұрат Жүнісұлы – Қордай ауданы №35 Рза Қунақова атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі. Қордай ауылында дүниеге келген ол 1985 жылы Алматының шет тілдері педагогикалық институтын «Француз және неміс тілдерінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал, 1991 жылы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқып бітірген. Ұстаздық еңбек жолын №34 Нығмет Сауранбаев атындағы негізгі мектепте неміс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Осы мектепте 10 жыл еңбек етіп, 1994 жылы №35 Рза Қунақова атындағы орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып орналасады. Міне, аталған білім ошағында табан аудармай жұмыс істеп жатқанына биыл 29 жыл.
Өмірде де, қызметте де қарапайымдылық пен кішіпейілділік жолын нық ұстанатын Мұрат Арынов ауылдың бәріне бірдей сыйлы азамат. 40 жылға жуық уақыт балаларға білім беріп келе жатқан ол ұстаз болу әркімге бұйыра бермейтін бақыт деп біледі.
– «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай атамыз айтқандай, көп жылдан бері шаршамай, талмай, осы балаларымыз өткенін білсін, тарихын танысын деп оқытып келеміз. Заман көшіне ілесіп, инновациялық жұмыс түрлерін қолдануға тырысамын. Ең бастысы – пәнге деген қызығушылықтарын арттыруға баса мән беремін. Сонымен қатар, дарынды оқушыларымның білімін, шеберлігін шыңдап, шығармашылық қабілеттерін одан әрі дамытуға да көп көңіл бөлемін, – дейді ол.
Әр педагог үшін оқушысының жетістікке жеткенін көруден асқан бақыт жоқ. Мұрат Жүнісұлы да шыңға шыққан шәкірттерінің көптігімен мақтанады. Оның оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық конкурстар мен қашықтық олимпиадаларының жүлдегерлері. Мәселен, шәкірті Жәмиля Сағымбай 2017 жылы «Тарих Ата» республикалық олимпиадасына қатысып, жүлделі 3-орынды иеленді. Самал Бағашар «Тәуелсіздік – Мәңгілік елдің тұғыры» атты республикалық оқушылар байқауында ерекше шығармашылық қабілетімен дараланған, «Жас ақын» номинациясымен марапатталды. Ұстаздың дайындаған оқушылары ұлттық бірыңғай тестілеуден де әрдайым жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ал, М.Арыновтың түлектері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салаларда еңбек етуде. Олар қазақ тілі, дене шынықтыру, тарих және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері, сонымен қатар, білікті дәрігерлер, қаржыгерлер, инженерлер, әскери офицерлер, менеджерлер және тағы басқалар.
Ал, жұбайы Зәуре Арынова–ағылшын тілі пәнінің оқыту жолдарын жан-жақты, заманауи талапқа сай жетік меңгерген педагог-зерттеуші ұстаз. Зәуре Жұмабекқызы №35 Рза Қунақова атындағы орта мектепте 30 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әр сабағында тіл үйретудің тиімді әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, оқу-тәрбие үдерісінде жеке тұлғаның өз бетінше білімін дамытуына үлесін қоса білетін алдыңғы қатарлы мұғалімнің бірі. Өз іс-тәжірибесінде оқушыларды оқу- танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандыра отырып, дарынды балалармен жұмыс жүйесін жоғары деңгейде жүргізеді. Соңғы үш жылда оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық әртүрлі байқау мен олимпиадаларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Атап айтсақ, республикалық «Мен – полиглотпын» атты байқауда 3 оқушы І орын иеленсе, халықаралық «British Bulldog» олимпиадасында оқушылары жүлделі I, II орындарды иеленді. Бұдан бөлек, 2019-2020 оқу жылында өз пәнінің шебері ретінде «Ағылшын тілі қазақ халық ертегілер әлемінде» тақырыбында авторлық бағдарламасын 7-сыныпта апробациядан өткізіп, озық тәжірибе таратты.
– Әлемдік кеңістікте Қазақстан жастарының қолжетімді білім алуы үшін ағылшын тілін жетік меңгеруі маңызды. Сондықтан, авторлық бағдарлама оқушыларға ағылшын тілін меңгеруіне жол ашатын, өзін өзі дамытып, ағылшын тілінде еркін сөйлеуге көмектесетін құрал ретінде таратылды. Бұл бағдарламаның басты жаңашылдығы оқушылардың тек ағылшын тілін үйреніп қана қоймай, өз ұлтының патриоты болуға, ұмытылып бара жатқан халық қазыналары – қазақ ертегілерімен таныс болуға, ең бастысы, ағылшын тілін үйрену үрдісіне қазақ халық ертегілерін кіріктірудің нәтижесінде, бұл үрдістің оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де қызықты әрі шығармашылыққа толы әрекетке айналуында жатыр, – дейді Зәуре Арынова.
Қанша шәкірт пен ата-ананың алғысын арқалаған қос ұстаздың жеткен жетістіктері, марапаттары аз емес. Мұрат Жүнісұлы білім беру жүйесіндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі, жас ұрпақтарды оқытып, тәрбиелеудегі қосқан қомақты үлесі үшін облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Зәуре Жұмабекқызы әр жылдары облыс әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2021 жылы ІІІ дәрежелі облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының жеңімпазы атанған.
Расында, нағыз өз ісінің маманы атану әркімнің қолынан келе бермесі анық. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық қызметке өмірлерінің ең қымбат кезеңдерін арнаған қос ұстаз Мұрат Арынов пен жұбайы Зәуре Арынова еңбек ете жүріп, ұрпақ өрбітіп, өнегелі отбасы атанды. Үш қызы да оқуға ынталы, зерек болып, ата-анасының берген саналы тәрбиесінің арқасында өмірде өз жолдарын таба білді. Үлкен қыздары Әсел Арынова әкесі мен анасының жолын қуып, ұстаздық қызметті таңдады. Бүгінде аудан орталығындағы А.Байтұрсынов атындағы мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Ортаншы қыздары Әлия Мұратқызы Түркиядағы GATE TEKFEN BRANCH компаниясында мобилизация және кадр даярлау бөлімінің басшысы болып қызмет етеді. PhD доктор ғылыми дәрежесі бар, оқу барысында АҚШ, Нидерланд елдерінде тағылымдамадан өткен. Кенже қыздары Айжан Алматы қаласында қаржыгер болып жұмыс істеуде.
Бүгінде әулеттің қос тірегі, перзенттерінің ардақты ата-анасы, немерелерінің қадірлі ата-әжесі Мұрат пен Зәуре Арыновтар мұғалімдік қызметпен өрілген өмірлеріне шүкіршілік етеді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист.
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді