«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көтерілген мәселеден нәтиже шықса игі

Көтерілген мәселеден нәтиже шықса игі
ашық дереккөз
Көтерілген мәселеден нәтиже шықса игі
Редакцияға апталап ауыл, аудандардан оқырман хаттары келіп жатады. Онда ұсыныстар мен тұрғындардың талап-тілегімен қоса журналистер жазған мақалаларға пікірлер де қамтылады. Бұл бұқараның баспасөзге деген сенімі мен жанашырлығы деп білеміз. Осы ретте редакциямызға келіп түскен кезекті хаттардың бірін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 Редакциядан.

Әр санында өзект і мәселелерді өткір көтеріп жүрген облыстық «Aq jol» газетінің 2023 жылғы 4 қарашадағы кезекті №126 санында аға тілші Нұржан Қадірәлінің «Өткірдің жүзі» айдарында жарық көрген «Мәдениет саласында мәселе жетерлік» атты сараптамалық мақаласын оқып шығып, қолға қалам алған едік. Себебі, мұндағы көтерілген мәселелер аймағымыздың мәдени өмірінің шынайы көрінісін жан-жақты көрсете білген. Әуелі мақалада сегізінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының кезекті жетінші сессиясындағы мәдени саладағы өзекті мәселелер талқыланған жиын барысы сөз болады. Мұнан соң журналист аталған жиында көтерілген саланың әрбір мәселесін жеке-жеке саралап, өзіндік зерттеуін жүргізген. Расында, күні бүгінге дейін күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер күн өткен сайын көбеймесе, азаяр емес. Тарқатып айтсақ, бүгінгі таңда өңірімізде халықтың мәдениетін арттырып, ұлттық өнерімізді өркендетуге үлес қосып отырған мәдениет және архив мекемелерінің жалпы саны 511 болса, оның 27-сі облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарайды екен. Ал, қалған 484-і Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне бағынысты. Осы салада 1954 қызметкер шығармашылық бағытта, ал 1648-і кәсіби сала мамандары екен. Ал, мақаладағы «Аты бар да, заты жоқ» үйірмелерге келсек, мәдениет саласындағы үйірмелердің басым көпшілігінің сайда саны көп, құмда ізі жоқ болып шыққан. Кейбіреулерінің мекенжайлары белгісіз, енді бірінің есігінде құлып салынған. Бірақ қағаз жүзінде тіршілік «қыз-қыз» қайнап жатыр. Мұны қалай түсінуге болады? Сонда бөлінген миллиондаған қаражат желге ұшқаны ма? Облыстық мәслихат депутаттары тексеріп те көрген. Бірақ, өкінішке қарай кейбір үйірмелердің тұрғылықты жерін де таппаған. Қағазда бар, қазынадан қаражат аларда бар, ал оған асыққан балалардың қарасы тұрмақ, өзінің көлеңкесі де жоқ. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары көркемөнерпаздар үйірмелерінде қажетті аспаптар, құрал-жабдықтардың жетіспейтінін анықтаған. Жылда бөлінген қыруар қаражаттың әлі күнге материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға бағытталмағаны көңілге күмән ұялатады. Сондықтан да, Тараз қаласынан оқушылар мен жасөспірімдердің шығармашылық үйірмелерін белгілі бір мекенжайы бар орынға топтастыру қажет деп санаймыз. Болмаса қаладағы оқушылар сарайына барлығын біріктірген дұрыс. Одан кейін мақалада «Ашық аспан астындағы мұражай–ақталмаған үміт» деген тақырыпшада Қазақ хандығының 550 жылдығында қыруар қаражат жұмсалған музейдің тоғыз жылдан бері жарамсыз күйде тұрғаны айтылады. Бұл шынымен руханияттың жанашырлары үшін қабырға қайыстырып, жанға бататын жағдай. Сонда жауаптылар мерейтой барысында ашылған «Көне Тараз» музейін тиісінше тексермеген бе? Оны соққан мердігер мен қабылдап алғандарға ешбір шара қолданбағанына не айтуға болады? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті бұл мәселені неге жіті бақылауына алмаған, алса нәтижесі қандай? Осы ғимаратты іске қосу үшін 1 миллиард теңге қаражат қажет екен-мыс. Бұл қаржы сол құрылысты салу барысында өз міндетін дұрыс атқармағандар, я болмаса салада пара алып, мемлекет мүлкін талан-таражға салғандардан өндірілген қаражатты жұмсаса деген тілегіміз бар. Сонымен қат ар, мақа лада қаладағы өнер қарашаңырағы Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театры мен орыс тілді шығармашыл ұжымның бір ғимаратта отырғаны да орынды көтерілген. Екі ұжымның бір с ахнаға таласып еңбек етуі шындығында өңір мәдениетінің өркендеуіне, театр өнерінің кемелденуіне кедергі келтірері анық. Сондықтан, қазақ драма театры қаланың орталық көшелерінің бірінен бой көтерсе, осылайша келіп-кетер меймандарға мәдени ошағымыздың маңдайы жарқырап тұрса деген ұсынысымыз бар. Оның үстіне 400 мыңнан аса тұрғыны бар облыс орталығында бар-жоғы 3 мәдениет ғимаратының болғаны көңіл алаңдатады. «Баласағұн» орталық концерт залы мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония да осы күнге дейін бір ғимаратта шоғырланғанын да айта кеткен жөн. Яғни, облыстық филармония ғимаратын салатын мезгіл жетті. Жоғарыда біз атап өткен мақалада театр ұжымы Өнер академиясын бітірген режиссер, актерлерге зәру екендігі айтылады. Бұл мәселе расында өнер жанашырларын алаңдатып отырғаны анық. Сол үшін облыстан Алматыдағы өнер академиясының филиалын ашуға болар еді. Өйтпегенде өңірде онсыз да сала мамандарын дайындайтын колледж, институт жоқтың қасы. Аталған филиал осы мәселенің түбегейлі шешімі болар еді. Одан бөлек, Тараз қаласында әлі күнге дейін цирк салу мәселесі сөз жүзінде қалып келеді. Жастарды мәдениет орындары тәрбиелейтінін ескерсек, біз заман талабына сай қажеттіліктерден қалмауымыз қажет. Кеңес заманында салынған Жамбыл былғары аяқ-киім комбинаты маңындағы мәдениет сарайы қазір сауда-саттық орнына айналып кетті. Сананы тұрмыс, нарық билегенінің ашық көрінісін осыдан-ақ көруге болады. Бұрынғы облыс басшысы Бердібек Сапарбаев қаладағы үйленетін жастардың некесін қиятын орын көпқабатты үйдің астында орналасқанын көріп, болашақта Неке сарайын саламыз деген еді. Өкінішке қарай сол іс әлі қолға алынып, нәтижесін берген жоқ. Кеше ғана облыс орталығы болған Түркістан Неке сарайына дейін салып үлгерді. Ал, 2000 жылдық тарихы бар Таразда бұл мәселенің шешімі әлі де жоба- жоспар күйінде қалып келеді. Сондықтан, облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы о сы мақалада айтылған мәселелерге мән беріп, өңірде неке сарайы, цирк, жастар театрын салу туралы ұсыныстарды жіті назарына алса екен дейміз.  

Алмат АҚҚОШҚАРОВ,

Мақаш КАМАЛИДЕНОВ.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар