Талап бар жерде тәртіп бар
Тараз өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасы басшылығының бастамасымен облыс орталығында әскери қызметті ұтымды ұйымдастыру және әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиын өтті. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары, әскерилер штабының бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаевтың төрағалығымен өткен жиынға Тараз гарнизоны әскери бөлімдерінің командирлері мен штаб бастықтары, сондай-ақ бөлімдерде сарбаздардың қызметін ұйымдастыруға жауаптылар қатысты. Басқосуда саладағы өзекті мәселелер қаралды.
– Әскердегі тәртіптің кілті – бұйрықтарды бұлжытпай орындап, ережелер мен нұсқауларды қатаң сақтау екенін әрбір әскери қызметші біледі. Ал, лауазымдық міндеттер барлық әскерилер арасында нақты әрі біркелкі бөлініп, әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын болса, жүйеде олқылық болмайды. Сондықтан да біз әскери қызметті ұйымдастыру – жоғары жауынгерлік әзірлікті, тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешеніне жіті көңіл бөлеміз. Әскери қызмет бастықтарының қызмет аясы кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Оларға ішкі тәртіпті ұйымдастыру және сақтау, күнделікті дайындық пен қызмет көрсету, міндеттің мінсіз орындалуын қадағалау кіреді. Тіпті әскери қызметшілердің денсаулығы мен әл-ауқатына қамқорлық жасау әскерлердің қызметін ұйымдастыруға жауапты офицерлердің назарында болуы тиіс,– деді өз сөзінде Нұрлан Кәрібаев.
Жиын барысында лауазымды тұлғалардың назары тәуліктік кезекшілікті ұйымдастыру мәселесіне мұқият қарау қажеттігіне аударылды. Қарулы Күштердің ережелерін, заңдарын және жалпы әскери жарғыларын сақтаумен қатар, күнделікті кезекшілікке кіретін әскери қызметшілерді дұрыс іріктеу және орналастыру маңызды екені баса айтылды.
«Алдағы уақытта біздің ортақ міндетіміз – тәуліктік кезекшілік кезінде заңбұзушылықтардың алдын алу. Бөлімшелердегі істің жай-күйін тұрақты түрде қадағалап, әскери тәртіпті, тәуліктік және кезекшілік тәртібін бұзудың алдын алу бойынша уақтылы шаралар қабылдау маңызды», – деп атап өтті Тараз гарнизоны Әскери полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Жолдасов.
Жиынның негізгі тақырыбымен қатар, бүгінгі күні Қарулы Күштерде өтіп жатқан «Қауіпсіз қыс» айлығының талаптары талқыланды. Айлық аясында бөлімшелер қысқы маусымда әскери қызметкерлердің жарақаттануының алдын алуды да назарда ұстауы міндеттелді.
«Профилактикалық іс-шаралар тізбесі әскери бөлімнің аумағын қалың қардан, мұздан тазарту құралдарымен жұмыс істеу, ғимараттардың шатырын қар мен мұздан уақтылы тазалауды қамтиды. Осы шараларды жүзеге асыру әскери қызметтің қауіпсіздігін және жалпы әскери қызмет көрсеткіштерін арттыруға септігін тигізеді», – дейді Әскери қызмет ұйымын бақылау бөлімінің бастығы, майор Нұрлан Қолдасов.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді