«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұрпақ қауіпсіздігі–ұлт тұтастығының кепілі

Ұрпақ қауіпсіздігі–ұлт тұтастығының кепілі
ашық дереккөз
Ұрпақ қауіпсіздігі–ұлт тұтастығының кепілі
Соңғы жылдары елімізде жасы кәмелетке толмағандар арасында зорлық-зомбылыққа, жәбірлеуге, кибербуллингке, есірткіге тәуелділікке, ерте жүктілікке ұшырағандар фактісі жиілеп барады. Әлеуметтік кеселдің алдын алу бағытында отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, бала тәрбиесін дұрыс жолға қою, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру аса маңызды екені анық. Осы мақсатта облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі мен облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының бастамасымен «Қауіпсіздік сағаты» жобасы қолға алынып отыр. Жоба аясында өткізілген дөңгелек үстел жиынында уәкілетті мемлекеттік органдар мен отбасы, әйелдер мен балалар мәселелері бойынша жұмыс істейтін ұйымдардың күш біріктіруі нәтижесінде, қоғамдағы өзекті проблеманың профилактикасын жүргізу үшін нақты жоспарлар нақтыланып, мектепішілік жалпы ата-аналар жиналысын өткізудің кестесі құрылып, бекітілді. Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев жобаның өзектілігін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеп, кестеге сай атқару керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өз тараптарынан қолдан келген көмектерін аянбайтындықтарын жеткізді. – Жасөспірімдердің қауіпсіздігі ардагерлерді қашанда толғандыратын мәселе. Бұл ретте жауапкершілік тек құқық қорғау органдарына жүктелмейді. Мұндай өзекті мәселе бүгінде жалпы қоғамның дертіне айналып отыр. Сол себепті қай-қайсымыз болсын, өз азаматтық позициямызды танытып, олқылықтың алдын алуымыз қажет, – деді Еркінбек Бейсенбекұлы. Жастар арасындағы құқықбұзушылыққа жол бермей, оның алдын алу – жауапты іс. Бұл бағытта құзырлы органдар құзырет шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікеновтің мәліметіне сүйенсек, соңғы он жылда елімізде нашақорлар саны артып, оның ішінде жастар арасындағы есірткіге тәуелділер қатары 13-14 есе өскен. – Өткен жылы облыс аумағында жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 562 есірткі құқықбұзушылық фактілері анықталды. Яғни, 2023 жылы 5 тонна 832 килограмм көлемінде есірткі тасымалданған. Бұған негізгі себептердің бірі – өңірдегі қарасораның кең көлемдегі өсу аймағы саналатын Шу алқабының 1989 жылдан бері зерттелмеуі болып отыр. Өкініштісі, бұл ретте құқық бұзушылардың қатарында кәмелетке толмағандар қатары айтарлықтай артып отыр, – деді Құрмет Кенжеханұлы өз сөзінде. Бұдан бөлек, түрлі кеселдердің алдын алуда бала үшін мұғалім және ата-ананың рөлі айрықша. Себебі, баланың бір жақты тәрбие алуы мүмкін емес. Үйде баланы тәртіпке ата-ана баулыса, мектепте мұғалімдер тәрбие береді. Сондықтан, бала, ата-ана мен мұғалім арасындағы үштік одақтың ынтымағын арттыру маңызды. Бұл туралы жиында облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев ата-аналармен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы айтты. Сондай-ақ, басқосуда мамандар ерте жүктіліктің алдын алу, балалар құқығын қорғау мәселесі, ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізу жайында өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар