Ләңгі тепсе қайтеді?

Ләңгі тепсе қайтеді?
ашық дереккөз
Ләңгі тепсе қайтеді?
Бала күнімізден ләңгі теуіп өстік. Малшының баласы болғандықтан шығар, оны жасап алу бізге қиынға түспеді. Жұдырықтай теріге қорғасын байлап, ойынға кірісе беруші едік. Сыныптағы қимылы жылдам Жәнібек, Ақнұр секілді балалар ләңгіні өте жақсы ойнай білетін. Менің ойыным орташа болатын. Көбінесе өзіммен шамалас ойнайтын туған ағама қарсылас болушы едім. Бұл ойын түрлі деңгейден тұрады. Әуелі жеңілінен бастау алып, қиындай береді. Ең қиыны «лура» деген түрі. Ауғанстаннан келген Әлди деген ағамыз болды. Шын аты – Кенже, ауылдың бәрі Әлди деп кеткен. Сол ағамыз әлгі ең қиын «лураның» өзін отыз рет еркін теуіп ойнағанына қызығатынбыз. Әскердің қатал тәртібін көріп келген ағалар бізді осылай шынықтыратын. «Лура» тепкізіп үйрететін. Оның қиындығы – аяқтың артымен он шақты рет жылдам тебу. Мұның бәрі аяқтың қатаюына, жылдамдыққа, денеңіздің шымыр болуына жақсы әсер етеді. Балалық деген қандай қызық! Әй-шайға қарамай, үлкен үзілісте сынып болып ойнай кетуші едік. Мектеп директорының орынбасарлары, сынып жетекшілер көрсе ләңгімізді жинап алып, ойнатпай жазалайтын. Бізден жинап алған жақсы ләңгі ертеңіне мұғалімдердің балаларының қолында жүруші еді. Мектептегі уақыттан тыс кезде, жексенбі күндері де ләңгі ойнаудан жалықпайтынбыз. Ол кезде қаладағылар да ләңгі ойнайды деп еститінбіз. Баяғыдан келе жатқан бұл ойынның пайдалы екенін аталарымыз жақсы білген. Сондықтан, ойнап, аяқтың бұлшық еттерін нығайтып отырған. Қазір ше? Қаланың балалары түгілі, ауылдық жерде де ләңгі ойнайды деген баланы естімедім. Бұрынғыдай әр ауланың шаңын шығарып, қара терге малшынып ләңгі теуіп жатқан балаларды байқамаймыз. Көшеде арзан әңгіме айтып, кейде өзінен кішілерге әлімжеттік көрсетіп отыратын «атамандар» бар. Солардың барлығы тәулігіне бір сағат ләңгі ойнап тұрса, шіркін. Спорттың көкесі сол болар еді. Алайда, дәл қазір осыны түсініп жүргендер шамалы сияқты. Бірақ, ләңгі ойыны қайта оралуы керек. Ауылда өтетін Наурыз тойлары, мерекелік іс-шараларға ләңгі ойынын жарыс ретінде кіргізсе, тіпті, жақсы. Сіз қалай ойлайсыз?  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар