«Алға қойған жоспарымыз ауқымды»

«Алға қойған жоспарымыз ауқымды»
ашық дереккөз
«Алға қойған жоспарымыз ауқымды»
– Айтбала Абухасқызы, сізді өңір халқы облыстық мәслихаттың депутаты, кітапхана ісінің маманы ретінде таниды. Жалпы, кей азаматтарда сайлау туралы әртүрлі пікір бар.Өзіңіз халық қалаулысы болған сайлау әділ өтті ме? Бұдан бұрын да депутаттыққа түсіп, бағыңызды сынаған кезіңіз болды ма? – Сұрағыңыздың төркіні тереңде жатқан секілді. 2007 жылы мен аудандық мәслихатқа депутаттыққа үміткер ретінде Жаңатас қаласынан сайлауға қатыстым. Депутат болсам елдің өзекті мәселелерін батыл айтып, шешілуі үшін күресемін деп пайымдадым. Ол кезде аудандық орталықтандырылған кітапхана директорының орынбасары едім. Әділет дегеннің жолы ауырлау екенін сол жолы түсіндім. Сайлаушылар мені қолдап тұрса да, өтпей қалдым. Содан кейін ұзақ жылдар бойы сайлауға түскен жоқпын. – Олай болса, өткен жылғы сайлауға түсуіңізге не себеп болды? – Кейінгі жылдары сайлау жүйесіне біраз өзгерістер енді. Партиялық тізіммен сайлау үрдісіне бірмандаттық сайлау тәсілі қосылды. Маған осы жаңашылдықпен бірге әділдік келгендей болды. Сол себепті, өзімді өзім ұсыну жолымен облыстық мәслихатқа сайлауға түстім. Бұл жолы да біршама келеңсіздіктерге тап болдым. Соған қарамастан, Талас ауданын тегіс аралап шықтым. Маған көп дауыс берген – таластықтар. Әділдіктің арқасы шығар, өзімді өзім ұсынсам да, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландым. – Халық қалаулысы ретінде гендерлік саясатқа қалай қарайсыз? – Гендерлік саясатты кең мағынасында түсінгеніміз абзал. «Әйелдер билеген жұмыс қалай болады» деген түсініктің дәуірі өтіп кетті. Гендерлік саясат деп айқайламаса да, кешегі кеңес кезеңінің өзінде зерек азаматшалардың қызмет жолында өрлеуіне еш кедергі болған жоқ. Балжан Бөлтірікова деген министр болды, өңірімізге кеңінен таныс Ғайникен Бибатырова облыстық партия комитетінің хатшысы болды. Нілзия Рахышева бірқатар аудандарда бірінші хатшы, аудан әкімі қызметтерін атқарды. Сұлушаш Құрманбекова облыс әкімінің орынбасары қызметінде болды. Бәтес Егембердиева да облыстық білім саласына басшылық жасады. Жауапты басшылық қызметті лайықты атқарған осы кісілердің жолы осы кезеңде неге жалғасын таппасқа? Сондықтан, гендерлік саясатты толық қолдаймын. Облыс әкімінің бір орынбасары, аудан әкімі әйел азаматшалардан тағайындалып немесе сайланып жатса, тек қолдаймын. – Депутат ретінде нақты қандай мәселе көтердіңіз? – Менің халық қалаулысы болғаныма он айдың жүзі енді болды. Депутат болғалы бері Жаңатас қаласында бірнеше қоғамдық қабылдау өткізіп, сайлаушылардың талап-тілегін тыңдадым. Оның бірқатарын аудан басшылығына, ірі кәсіпорын жетекшілеріне айтып, шештік. Аудандық аурухананың тозығы әбден жеткені туралы да мәселе қозғалды. Оны да мәслихат мінберінде, тұрақты комиссия отырыстарында қозғадық. Нәтижесінде, 2025 жылы Жаңатас қаласының кіреберіс жағынан жаңа аудандық орталық аурухана құрылысы салынғалы жатыр. Бұл жалғыз менің ғана ұсынысымның жемісі емес. Мәжіліс депутаттары да, қоғам белсенділері де талай көтеріп келе жатқан мәселе. Дегенмен, менің де тамшыдай ықпалым бар деп ойлаймын. Сонымен қатар, Саудакент ауылындағы аурухананың жағдайы талқыға түскен кезде де мәселеге сергек қарадық. Тіпті, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиевтің өзі аталған ауруханада болып, оның жабылмауы керектігін нақты айтты. Талас ауданында көбірек болуға тырысамын. Қаратаудағы бірқатар колледж жанынан оңалту орталықтарын ашу, инватакси мәселелерін де назарда ұстап келемін. Қаратау қаласында да біраз қоғамдық қабылдау өткізіп үлгердім. Ол жерде туындаған мәселелерді мәслихат мінберінен мүмкіндігінше көтеріп жүрмін. Өзге белсенді әріптестеріммен бірге әлі де елді алаңдатқан көкейкесті жайттарды жауаптыларға жеткізуге, істің шешілуіне ықпал етуге бар күш-жігерімді жұмсай бермекпін. – Кітапхана директоры ретінде ауданда қандай өзекті мәселелер бар деп ойлайсыз? – Кітапхана жүйесі бойынша біраз жұмыс жақсы жолға қойылған. Себебі, өзім жылдар бойы осы салада тер төгіп келемін. Бұған дейін кітапхана директорының орынбасары болып 13 жылдан астам уақыт қызмет істедім. Бұл саланың ұңғыл-шұңғылына дейін білемін. Ауданымызда 26 кітапхана, жалпы 448 мың кітап қоры бар. Барлығы 108 адам осы салада еңбек етсе, 68-і нағыз мамандар. Осы тұста өткен шақтан бірқатар дерек айта кетейін. Сарысу аудандық мәдениет бөлімін Мейрамбек Күздеубаев деген азамат ұзақ жыл басқарды. Ол басқарған уақытта аудан мәдениеті едәуір көтерілген. Мысалы, кітаптарды сүйеп қоятын темір таянышты «стеллаж» деп атаймыз. Күздеубаевтың кезіндегі стеллаждар әлі мықты. Биылға жобалап отырған жоспарларымыз өте ауқымды. Оны көпшілік алдағы уақытта білетіні анық. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар