Ар тазалығын ту еткен
Заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртаза өз сөзінде: «Театр көбейсе, түрме азаяр еді», деген болатын. Шындығында қай дәуірде болмасын, мәдениет пен өнердің ұлт руханиятынан алар орны ерекше. Әсіресе, театр өнерінің замана келбетін танытып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере білуімен, дәуір адамының пайым-парасын биіктете алуымен қашанда үлкен маңызға ие. Чеховше айтсақ, «Театр – тобырдан ұлт қалыптастыратын жер». Осындай үлкен миссияны арқалаған кез келген өнер ордасы бір көрермен арқылы бүтін бір ұлтты тәрбиелейді. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрында сахналанған «Құсалық» премьерасы да адам бойындағы ең асыл қасиеттерді түгендеп, көрермен көңіліне көп ой салды.
Жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Айсырға» әңгімесі желісінде жазылған «Құсалық» драмасы қоюшы-режиссер Мұқанғали Томановтың тілінде сахналанса да, туындының төл идеясын бұзбай сақтайды. Сол арқылы адам бойына даралықтың, адамшылық пен адалдықтың дәнін сеуіп, құндылықтарды таразылайды. Адам бойындағы жан тазалығына баса мән береді.
Шығармадағы грузин жігіті Коконы да туған елінен жыраққа жөнелткен ар мен намыс алдындағы тазалық сезімі еді. Екінші дүниежүзілік соғыстан оралған сарбаз Коко Гагиашвили өз Отаны–кәрі Қап тауына қайтарда аурушаң анасының екі ай бұрын дүниеден озғанын білетін. Оны теңіз жағасындағы ауылдағы ескі үйінің есігін қақтырған тек жанына жалғыз қарындасы Суликоға деген сағыныш қана. Алайда, тағдыр деген тайғанақты жолда кімнің бағы мәңгілік тұрақтаған. Қаңыраған аула мен есік алдындағы бей-берекетсіздік әуелден-ақ басты кейіпкердің басындағы сұғанақ ойды сумаң еткізіп үлгерді. Осыншалық кішкене ғана детальдар сахна тілінің шеберлігін көрсетіп, қалың көрерменге бар мән-жайды үн-түнсіз ұқтырып-ақ тұрды. Кокоға қаралы хабарды жеткізген ауылдасы Кетаның да есі алжасқан адамдай кір жайғышта ілінген киімдерді бала-шағасының атын атап тұрып жинастырып алатыны сынды эпизодтар тау тұрпатты ұлт өкілінің де шаңырағы шайқалып ортасына түскендігін сездірген.
Сұрастыра келе, немістердің ауылға шабуылдағанын, үйлерді тонап, құнды деген дүниенің бәрін қолды еткенін, онымен қоймай, жас қыздарды вагондарға тиеп алып кеткенін естіген Коко мұның бәрін де ауылдасы Цхидзенің сатқындығы екенін білді. Білді де кегін қанмен жуып-шайып, ар алдындағы адалдығын танытты. Осы қылмысы үшін жат жерге жер аударылған жас жігіттің өзімен бірге қарындасы Суликодан қалған ай кескінді сырғасы ғана бар еді...
Мұнан кейінгі кейіпкер ғұмырын режиссер аса суреткерлікпен, жанына жабырқау мұң ұялаған жалғызбасты пенденің тағдырын элегияға толы иірімдермен өрбітеді. Коконың күн сайын аудан орталығындағы поштаға сарылып баратындығы, тақтайша бетіне әлдебір таяқшаларды сызып қоятындығы есекдәме тіршілік пен соқыр үміттің әйтеуір бір сәулесі барын аңғартады. Бірақ нені, кімді күтеді ол? Міне, осы сұрақ біразға дейін қойылымдағы интриганы сақтай отырып, көрермен санасына салмақ салады.
Спектакльде соғыстан кейінгі сарбаздың психологиялық ахуалы, жиынтық бейнесі шебер суреттеледі. Майдан даласында тағдырдың қиралаңы мен бұралаңына түсіп, небір нәубетке шыдас берген түйежауырын жігіттің азаматтық ортаға оралғанда кей болмашыға кейіп, өткенді еске ала беретіні несі дерсіз. Бұл өткен ғасырдағы соғыс адамына тән синдром. Фицджеральдтың Ұлы Гетсбиі, Хемингуейдің Сантьягосы, Ремарктың батыс майданда шайқасқан бозбалалары – Коко тағдырымен үндес кейіпкерлер тізбегі. Дәл бұлар секілді Коко да соғыстан соң өз ортасына еркін сіңісіп кете алмады. Оның намысты нанға сатпайтын нағыз грузинге тән асқақтығы қылмысты деп танылған соң да кешірімге іліктірмеді. Сатқын Цхидзенің туысқандары оған кешіргенін білдіріп, хат жолдамайынша қылмыскер жаза арқалап еліне қайтпасқа уәделескен болатын.
Осылайша туындыда ант ұғымына ерекше мән беріледі. Ондаған жылдар болса да күдер үзбей, сағыныштан сарыла хат күтетін Коко өз ұлтының намысшыл, рухшыл перзенті. Ол өз жұртының қаншалықты теріс айналса да, ата-баба дәстүрінен алыстап, анттан аттамайтындығына сенеді. Сенеді де өзін ауылдастарының тек кешіре қоймады дегенге сендіргісі келеді. Сол арқылы автор тобырлық психологияның үстемдігін, қоғамда даралық ұғымының еленбейтіндігін, іргесіне іріткі салынған елдің өзіне дейінгі құндылықтардан кейде оп-оңай бас тартып, ұмытып кете беретіндігін баса айтқысы келеді. Ал, күнде қарындасы мен ата-бабасы түсіне кіріп, елесі ес жиғызбайтын бас кейіпкер ой үстіндегі арпалыста күн кешетін адамның еш заманда ескірмейтін бейнесі. Мұндайда пенде баласында «жасаған әрекетім қаншалықты дұрыс еді?» деуінен дилема туындап жатады. Ал, таңдау қашанда өз еркіңізде.
Қарындасының айсырғасын қасиетті жәдігердей сақтап, бір күні Кавказға қайта оралатындығына сенетін Коконың қазақ даласындағы құсалықпен өткен өмірі осылай өрбиді. Қоңыртөбел тіршілік кешкен қазақы ауылдың қасбеті мен жарым көңілді грузиннің тағдыры сол кезеңдегі баршаға тән ауыр жағдайды қамтиды. Отанына деген сағыныш, туған бауыры мен анасына деген ыстық естелігі бейнеленетін сахна қойылымның ең бір нәзік сезімдер тоғысқан шағы. Қазақ баласы Мыңжылқының:
– Көке, осы бұлттар неге көшіп жүреді? Олар қайда бет алып барады? – деген сауалына:
– Мыңжылқы, адам баласы мәңгілік тұрағына жол тартқасын, оның жаны өз туған жерінің аспанында қалықтайды екен. Ал, үдере көшкен ақша бұлттар өз жұртына асығады екен, – деген кейіпкерлер арасындағы диалог біраз мән-жайды аңғартып, көрермен көңіліне келешектен бір белгі беріп өтеді. Осылайша, папахасы мен шекпенін киіп, Кавказдың төрінде қыран құстай еркін қалықтасам деген жігіттің арманы ақша бұлтқа айналады. Оның нағыз тау тұлғалы болмысы мен абырой алдындағы қымбат құрбандығының өтемі намыс ұғымының қаншалықты қастерлі екендігін көрсетті. Оған өз жерлестері сый қылмаған мекенді Тәңірі, көрсетілмеген құрметті қарындасы дайындап қойған болатын.
Сахна декорациясы мен кейіпкерлер бейнесін жасақтап, автор мен режиссердің бір ортаға қабысқан идеясын жеткізуде қоюшы-суретшінің еңбегі орасан. Талғамы биік театрсүйер қауымның көңілінен шыққан спектакльдің камерлық форматта сахналануының өзі актерлік құрам мен көрерменді байланыстыра түседі. Мұнда туындыны тамашалауға келгендер залда емес, сахна үстіне жайғасып, театр тіршілігіне бұдан да әрі жақын ене түседі. Сол арқылы кейіпкерлердің ішкі ойы мен жан тебіренісін тереңірек сезініп, кез келген адам өмір дегеннің үлкен сахна, ал оның үстіндегі актерлер нақ өздері екендігін сезінеді.
Сондай-ақ, жалқыдан жалпыға өту арқылы бөлшекке бүтіндік мән беретін сахна үстіндегі кез келген бұйымның өз миссиясы мен міндеттері бар. Мәселен, театр актері Кенен Ақүрпеков сомдайтын бас кейіпкердің құсадан баз кешіп, күн санап тақтайша бетіне Дефоның Робинзоны ұқсап таяқшалар салатын сахнаны елестетіңіз. Осындағы кейіпкер қолындағы бордың үгітіліп барып, титімдей кейіпке түсетіндігі Коконың үзілмей қалған үміті секілді болып елестейді. Ал, екінші пландағы кейіпкер бойынша дебюттік рөлін сомдаған Азамат Тұраровтың Мыңжылқысы үнемі мойнына қоңырау іліп жүреді. Осы арқылы режиссер жаңа бір серпіліс, жаңа бір толқынды алып келетін, ұйқыдағы елге түрпідей тиетін тек жас буын, жаңаша идея мен үміт қана бола алатындығын айтқысы келгендей. Мұндағы қоңыраудың спектакль басталғанда-ақ үздіксіз сыңғырлауы ар мен намысын, адалдығы мен азаматтық ұстанымынан айырыла жазған қазіргі заман адамына үлкен сигнал еді.
Қара нардың жүгін арқалаған шағын спектакль автор Рақымжан Отарбаевтың қазақы концепциясы мен ұлттық ұстанымын айқын танытты. Осы арқылы жазушы шығармасының табиғатын бейнелік көркемдігін жоғалтпай киелі сахна төрінде еркін самғатты. Бұл сарындағы театр сахнасында қойылып келе жатқан «Соқыр үміт», «Періште қонған үй», «Асқаровтың ақ қайыңдары» сынды драмалар кейінгі кезде ыстық ықыласқа бөленіп, өнерсүйер жұртшылықтың рухани азығына айналды. Шындығында әр көрермен туындыдан әртүрлі ой түйеді. Кейде автор идеясының шеңберінен шыққан ұлы гуманистік пікірді сіз бен біз де қалыптастырып жатуымыз бек мүмкін. Ақсүйек өнердің құдіреттілігі де, міне, осында...
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді