Қаржы пирамидасының қасіреті
Ел-жұртты тақырға отырғызып жүрген қаржы саласындағы үлкен тажалдың бірі – қаржы пирамидалары. Қанша рет аузы күйсе де, пирамиданың қақпанына түсіп қалып жатқан қазақстандықтардың қарасы өте көп. Оның екі себебі бар. Біріншісі – тез баюдың жолын іздеу. Екіншісі – қаржылық сауаттың жоқтығы. Екіншісінен біріншісінің әсері басым. Себебі, сауаты бар кісілердің өзі тез баюдың жолын іздеп, алаяқтардың құрығына қалай түсіп қалып жатқанын білмей әлек болып жүр.
Пирамиданың қауіпті белгісі
Өкінішке қарай, қатардағы көп адамның бойында бұл айтқанның екеуі де бар. Осы екі мәселенің түйіні шешілмейінше, «баяғы жартас, сол жартас» болмақ қаупі бар. Десе де, пессимизмге жол жоқ! Бәрі сіз бен біздің қолымызда. Мұқият ойлансақ, екеуін де шешуге болады. Қаржы саласының маманы әрі макроталдаушы Аякөз Ханетованың пікірінше, біздің қоғамда пирамида екенін біле тұра өз ақшасын қатерге тігетін адамдар көп. – Қазіргі таңда пайда болып жатқан қаржы пирамидаларын шынайы компаниялардан ажырату өте қиын. Ол үшін міндетті түрде белгілі бір деңгейде қаржылық сауаттылық керек. Алайда, кей жағдайда сауатты болу да жеткіліксіз. Себебі, өте сауатты адамдардың да ақшаларын өз қолымен алаяқтарға бергенін естіп, көріп жүрміз. Өйткені, қазір адамдарға: «Бұл жаңадан ашылған компания, сіз міндетті түрде басында кіргеніңіз үшін ұтасыз», деп ақылға қонымсыз пайда сомаларын айтып қызықтырады. Кез келген адам қолындағы капиталының пайда әкелгенін қалайды. Осы тұста эмоциядан аулақ болған жөн. Тез пайда табам деп барыңыздан айырылып қалғанша, ойланып, қисынмен шешім қабылдаған дұрыс, – дейді маман. Инвестициялауды үйрететін сарапшылардың айтуынша, жылына 5-10 пайыз жобасында пайда көру – қалыпты әрі қауіпсіз табыс көзі саналады. Алайда, «бір айда екі есе табыс табасың, үш есе пайда көресің» деп қызықтыру – пирамиданың қауіпті белгісі. Жалпы, инвестициялаудың неғұрлым пайдасы көп болса, соғұрлым тәуекелі де жоғары деген алтын заңы бар. Осыны естен шығармау керек. Шын мәнінде, пирамидалардан қарапайым халық қана емес, экономика да зардап шегеді. Себебі, халықтың ақшасын қалтасына басқандар көбінесе шетелге қашып кетеді. Яғни, капитал сыртқа шығады. Сондықтан, пирамидаларға қатысты заң қатаңдатылуы керек-ақ. Бұл – мемлекет тарапынан жасалатын қадам. Сондай-ақ, қарапайым адамдар қаржылық сауатын арттырғаны ләзім. Ел тұрғындары ең болмағанда қаржылай сауатты адамның кеңесін алғаны дұрыс. Қаржылық пирамидалар пайызсыз несие, қыруар пайда, арзан баспана деп халықтың әлсіз тұстарын дөп басатынын жоғарыда айттық. Себебі, халықтың қаржылық сауаты мен табысының төмендігі, сондай-ақ ашкөздігі мен сенгіштігі қаржылық пирамидалардың күні бүгінге дейін жемісті қызмет атқаруына мүмкіндік береді. Сондықтан, оңай пайдаға кенелемін деп алаяқтардың құрығына түсіп, қаржы пирамидасының құрбанына айналмас үшін оның белгілеріне назар аударуды ұсынамыз.Қаржы пирамидасының белгілері:
– Қаржы пирамидасының ең басты белгісі – үлкен пайда, үстеме табыс. Кез келген азамат Ұлттық банктің сайтынан елдегі әр ай үшін депозиттер бойынша орташа өлшемді мөлшерлемелерді көре алады. Депозиттер қазір Қазақстанда ең көп дегенде жылына 10 пайызбен тартылады. Егер уәде етілген табыс осы сомадан кем дегенде екі есе артық болса, күмәндану керек. Табыс көлемі неғұрлым көп көрсетілсе, соғұрлым инвестицияларды жоғалту қаупі жоғары. – Пирамида стартта деп алдау. Әрбір пирамида төрт кезеңнен тұрады: бастау, өсу, дағдарыс, құлдырау. Алаяқтар көп жағдайда қазір пирамида стартта және жақсы ақша табу мүмкіндігі бар деп сендіреді. Бірақ, пирамида циклі қай сатыда екенін анықтауға мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ, циклге қарамастан, ең жақсы салымшыларға алғашқы 1-2 салымы қайтуы мүмкін, бірақ оған да кепілдік жоқ. – Компанияның нақты экономикалық қызметі жоқ. Пирамидалар туристік, құрылыс, несие, тауар компаниялары ретінде жасырылады. Сондай-ақ, пирамиданың алғашқы инвесторларына төленетін барлық төлем жаңа инвесторлардың салымынан түседі. – Мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ. Яғни, мұндай компаниялар әдетте қайта құрылған болады, қаржылық есебі болмайды. Шарттары заңнамаға сәйкес келмейді, ұйымдастырушылардың пайдасына жасалады. Келісімшарттың заңдылығын ақша салмас бұрын заңгер көмегімен тексеруге болады. Ал, ақысыз негізде Ұлттық банктің немесе Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының қоғамдық қабылдау мамандары көмектеседі. – Компания қызметінің тым жан-жақты болуы. Мысалы, инвестиция, бағалы қағаздар, жер учаскелері, халық тұтынатын тауарлармен бір мезгілде айналысуы күмән тудыруы керек. Себебі ол да қаржы пирамидасының бір белгісі болуы мүмкін.Оңай олжа опық жегізеді
Тұрақты табыс көзін тапқысы келетін алаяқтар қаржы пирамидаларын құру жолында «елеулі» еңбек ете ме, дерсіз. Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы бір жыл бұрын ғана күмәнді ұйымдардың 200-ден астам сайтына тосқауыл қойған. Мәселен, алаяқтық схемасына айналар кез келген сайтты құру үшін алдымен оны жасау керек. Кейін оны беттеп, серверге орналастыру қажет. Сондай-ақ, хостинг үшін ақы төлеу тағы бар. Ең бастысы, ол сайтты тіркеу маңызды. Жалпы, әлеуметтік желіде парақша құру үшін ең құрығанда телефон нөмірі немесе электрондық пошта аккаунты қажет. Ал, анонимділік пен орталықсыздандыру алаяқтарға салыстырмалы түрде қауіпсіз болуға және олардың схемаларын жазасыз қалдыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде бизнесте үлкен тәжірибесі бар табысты адамның бейнесін жасау және бірнеше мың жазылушыны алдай білген жан қаржы пирамидасының «данышпаны» десе де болады. Өкініштісі сол, жастардың басым бөлігі тез және ауыртпалықсыз байып кетуге болады дегенге сенеді. Бұған сәттілік тарихы және яхталар, кабриолеттер, құмды жағажайлар мен қымбат аққайнар сынды әдемі өмірдің көрінісі ықпал етеді. Міне, алаяқтар дәл осындай «өте сәтті және қарқынды дамып келе жатқан жобаға» инвестиция салуға асық. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, салымшылар көбінесе уәде етілген кіріс түгілі, осындай жобаларға салынған қаражатынан айырылады. Алаяқтар бастапқыда шағын сыйақы төлейтін жағдайларды туғызып, болашақта неғұрлым көп пайыз ұсынсаңыз, соғұрлым көп қаражат аласыз деп сендіреді. Мұндай «ынталандыру төлемдері» пайдаланушыларды қолда бар барлық қаражатты қосып қана қоймай, кейде мүліктерін сатуға және тіпті несие алуға мәжбүр етуде. Есіңізде болсын, егер ұйымның сайты немесе тіпті жеке сауда алаңы болса, онда ол Қазақстанда тіркелмегенін білдіреді. Керісінше, көптеген алаяқтық схемалар өздерінің шетелдерге тегін шығуды артықшылығы ретінде көрсетеді. «Біз әлемге әйгілі кипрлік компаниямыз! Инвестициялау көкжиегін кеңейтеміз және қазіргі сәтте ТМД нарығына шығып отырмыз», – делінген алаяқтардың жарнамаларында. Әдетте, әлеуметтік желілердегі посттарда: «Біздің ерекше ұсынысымыз, айдың соңына дейін (аптаның соңына дейін) 24 сағатқа дейін жарамды» деген сөздер қоса беріледі. Айта кету керек, бұл танымал әрі өте тиімді психологиялық әдіс. Экономистерінің тобы жүргізген «Лиги плюща» зерттеуінің шеңберінде инвесторларға таңдауға салымдардың екі нұсқасы ұсынылды. Оның кірістілігі – 30, ал тәуекелі – 50 пайыз. Зерттеуге қатысушылар екі топқа бөлінген. Алғашқы топтың мүшелеріне өз бетінше және тыныш жағдайда таңдау жасауға мүмкіндік берді. Ал, екінші топқа тәуекелді инвестициялардың сәттілігі туралы айтып, таңдауға уақыттық шектеу қою сынды психологиялық қысым жүргізілді. Нәтижесінде бірінші топ өкілдерінің 90 пайызы аз тәуекелдің пайдасына саналы таңдау жасады. Ал, екінші топта инвесторлардың 82 пайызы тәуекелге баруға дайын болды. Бұл зерттеуді мысалға келтіргенде айтпағымыз, алаяқтар сізге әдемі бейне мен сәттілік тарихын ұсынып, тіпті қысым жасау арқылы да өз ойларын жүзеге асырады. Мұнда жағымсыз фактор – «жеңіске жету» ниеті. Яғни, сіз алдыңғы керемет тиімді ұсынысты жіберіп алсаңыз да, алаяқтар одан да тиімдісін ұсынады. Бар болғаны алдыңғыдан көптеу ақша салып, сәл күте тұру керек. Сондықтан, азаматтардың басым бөлігі қалтасын қағып қана қоймай, қарыз-құрызға белшесінен батады.Интернет алаяқтарымен күрес тоқтамайды
Қазіргі таңда ғаламтор желісін пайдалана отырып, түрлі алаяқтыққа баратындардың қатары сиремей тұр. Тіпті, алаяқтық әрекетке оқталатын арам ниеттілердің қулығына құрық бойламайды. Жалпы, интернет алаяқтыққа заманауи технологияның көмегімен орын алатын іс-әрекеттердің барлығын жатқызуға болады. Негізінен, интернет арқылы қылмыс жасаушы ақпараттық жүйе арқылы бөтеннің мүлкін жымқырып, алдап-арбап, сондай-ақ сенімін теріс пайдалану жолымен біреудің мүлкін заңсыз иемденуде. Осылайша, бүгінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің интернет алаяқтарымен күрес жүргізу – негізгі қызметіне айналған. Мемлекет алаяқтармен қанша күресіп, олардың жолына тосқауыл қойса да қылмыс саны азаяр емес. Күнделікті ақпарат құралдарын ақтарып отырсаңыз, жаға ұстатар талай жайттан хабардар боларыңыз анық. Мәселен, кафеге телефонын кепілге қалдырған адамның атынан 3 миллион теңгеге жуық несие рәсімделген. Бұл оқиға Тараз қаласында орын алды. Тәртіп сақшыларына арыз-шағыммен жүгінген 37 жастағы жергілікті тұрғынның айтуынша, белгісіз тұлға банктің мобильді қосымшасы арқылы оның атынан 3 миллион теңгеге жуық несие рәсімдеген. Сондай-ақ, күдікті осы ақшалай қаражатты букмекерлік қосымшаның есепшотына аударған. Бұл дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-бабының 3-бөлігі 1-тармағы (ірі мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Ал, Астанада жоқ пәтерлерді жалға берген алаяқ анықталды. Полицейлерге астаналық бес тұрғын алаяққа алданғандарын айтып, арызданған. Айтуларынша, белгісіз біреу пәтерлерді жалға беремін деген желеумен олардың ақшасын иемденіп кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында Байқоңыр аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 28 жастағы ер адамды анықтады. Ол жарнамалық веб-сайтта төмен бағамен және интерьердің әдемі фотосуреттерімен тұтынушыларды қызықтырған. Басты шарты соманың 50 пайызын алдын ала төлеуді ұсынған. Сөйтіп жарты соманы алғаннан кейін хабарландыруды өшіріп, телефон нөмірін ауыстырып жіберген. Қазіргі уақытта оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп, өзге де жәбірленушілер анықталып жатыр. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары да жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.Қаржылық сауаттылықты арттыру қажет
Қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтардың мәселесі майшаммен қарарлық жағдайға жетті. Шығынға батқанның шағымы, белшеден асқан былық, үдеп бара жатқан қылмыс, ауаға кеткен қаншама қаржының есебін айтсаңызшы… Мұның бәрі көптің қалтасын қағып, экономикалық дағдарысқа жол ашуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны бақылауға алуды қатаң талап еткен еді. Яғни, «қаржы пирамидасының өмірлік циклін қысқарту және олардың салымшыларын барынша азайту» бойынша жұмыстар атқарылуда. «Енді біздің міндетіміз – құқық қорғау органдарында бұрын қолданылғандай, жәбірленушілерден мәлімдеме күтпей, жалған қаржылық компанияларды олардың жұмыс істеуінің ерте сатысында анықтауды қамтамасыз ету. Қарсы іс-қимылдың ерте профилактикасын көздейтін тиімді іс-шаралар кешені әзірленді, жасанды интеллект енгізілуде. Сонымен it-құралдарды пайдалана отырып, интернет-кеңістікте (жаңалық порталдары, блогтар, сайттар және әлеуметтік желі аккаунттары) құқыққа қайшы мазмұнды іздеу жүзеге асырылады. Қаржы пирамидаларының белгілері бар материалдар «Кибернадзор» жүйесінде бұғаттау үшін АҚДМ-ға жіберіледі. Құрылған алгоритм 2022 жылы қаржы пирамидалары белгілері бар 6,5 мың сайт пен аккаунтты бұғаттауға мүмкіндік берді», – деді Қаржылық мониторинг агенттігі басқарма басшысының орынбасары Андрей Давыдов. Қысқасы, жүргізілген жұмыс барысында 39 мың азаматқа ескерту хабарламалары жіберіліп, 90 пайызы (38 мың) күдікті аккаунттардан бас тартқан. Сондай-ақ, қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов агенттіктің аумақтық бөлімшелері республиканың орта білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарында «Қаржылық қауіпсіздік» сабағын өткізу бойынша жұмысты жүзеге асырған. Ал, сіздің қаржылық сауатыңыз қай деңгейде? Жалпы, «Қаржылық сауаттылық» жайлы сөз болса, ат-тоңын ала қашатындар бар. Әлбетте, бұл қаржыны қолда қысып ұстап, сараңдыққа салыну емес. Керісінше, ақшаны орынды жұмсап, есебін білу. Қаржыны игере алмағандықтан табысын әп-сәтте желге ұшырып жіберетіндер. Сөйтіп, шығысынан шығыны артып, кірісінен қарызы көбейіп дел-сал күйге түседі. Сондықтан, экономист Мақсат Халық қаржы пирамидасының құрығына ілікпеу үшін қаржылық сауаттылықтың маңызды екенін алға тартды. – Қаржылық сауатсыздық өте көп шығынға әкеледі. Отбасын ажырасуына, әлеуметтік шиеленіске алып келеді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына, ел дамуының кері кетуіне себеп. Сондықтан әрбір азаматтың қаржылай сауатты болуы – бүгінгі күннің негізгі талабы. Оның үстіне, қазіргі таңда қаржылық алаяқтар да көбейген. Олардың әдістері де заманға сай өзгеріп келеді. Хакерлік шабуылдар, қаржылық пирамидалар бар. Оның барлығы қоғамның шынайы бейнесіне айналды, – деді сарапшы. Түйіндей келе, сортаң жерге шөп шықпайтынын қаперден шығармаған жөн. Ақшаны ауаға жіберіп, жер сипап қалудан сақ болған дұрыс, сірә?!Интернет материалдары негізінде дайындаған Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді