«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бәйтерек

Бәйтерек
ашық дереккөз
Бәйтерек
Жамбыл облысының Құрметті азаматы, журналистика саласының ардагері Баттал Жаңабайұлының дүниеден өткеніне қырық күн болды. Баттал Жаңабайұлы Жамбыл журналистикасында өзіндік орны бар тұлға. Жиырма жыл бойы бүгінгі «Aq jol» газетінің бас редакторы болып абыройлы қызмет атқарды. Талай шәкірт тәрбиеледі. Басылымның бүгінгі нөмірінде Баттал Жаңабайұлының қырық күндігіне орай, шәкірттерінің естеліктерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯДАН

Жүз жылдық шежірелі тарихы бар облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Аq jol» газетінің қабырғасынан талай тарлан таланттар түлеп ұшты. Арғы тарихын айтпағанның өзінде, 1965 жылы осы басылымның тізгінін ұстап, үздіксіз жиырма жылдан астам басшылық еткен, күні кеше ғана 95 жасқа қараған шағында аймақтың абыз ақсақалы, қадірлі қариясы болып өмірден өткен Баттал Жаңабайұлы туралы айтылар әңгіменің көкесі әлі алда ғой деп ойлаймыз. Әрине бір адамды тұп-тұқиянына дейін білдім, түсіндім деу артықтау болар. Дегенмен, жалғыз менің ғана емес, аймақ журналистикасының әлденеше буынының ұлағатты ұстазы болған атпал азамат туралы айтарымыз аз болмаса керек. Ол жылдарда кәзіргідей қаптап жатқан басылымдар жоқ, барлары саусақпен санарлық, атап айтар болсақ, қазақ тілінде шығатын облыстық «Еңбек туы», орыс тілінде шығатын «Знамя труда» газеттері ғана болатын. Содан да болар, қалам ұстаған жас таланттардың осы қара шаңырақтың босағасынан аттау арманы еді. Тізгінін Баттал Жаңабайұлы ұстаған облыстық газет ол кезде күн сайын оқырмандардың қолына тиетін, редакцияда техникалық қызметкерлерді қоспағанда қырықтан астам «Сен тұр, мен атайын» шығармашылық қызметкерлер жұмыс істейтін. Баттал Жаңабайұлы жетекшілік еткен сол жиырма жылдық уақыт, менің бағалауымша облыстық газеттің «Алтын ғасыры» болды ғой деп ойлаймын. Неге? Талай жазбаларымда, сұхбаттарымда айтып жүрмін, журналистер ұжымына басшы болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін тіршілік. Оны күнделікті өмірімізден көріп жүрміз. Баттал Жаңабайұлымен бірге қызмет атқарған қатарластары түгілі, шәкірттерінің өзі бүгінде саусақпен санарлық қалды. 1974 жылы 22 жасымда облыстық «Еңбек туы» газетіне қызметке келдім. Журналистік жолымдағы үлкен сәттілікке санаймын бұны. Алғаш басшымыздың қабылдауында болғанымда түсі сұсты, талабы күшті, толқындалған шашын артқа қайырған қатал басшының бейнесін көрдім. Шындығында ол кісі тәртіптің, талаптың адамы болып шықты. Әрине, журналистер деген халық еркіндікті қалайды, мінезді болады, әрқайсысының өздерінің «Мені» айқайлап тұрады. Міне, осындай әр түрлі мінездегі бірі айқайлап тұрған ақын, бірі әлі көп ел танып білмеген жазушы талантты қыз-жігіттерді бір шаңырақтың ішінде шашау шығармай, бір бағытқа жұмылдырып басқаруды, қалай ойлайсыздар оңай деп. Сол таланттарды Баттал ағамыз шашау шығармай басқара білді. Әрине, ол заманның заңы басқа, талабы басқа, алдына қойған мақсаты да бөлек. Ауыл шаруашылығында мал қыстату, мал төлдету, көктемгі, күзгі қырқын, тұқым себу, астық жинау, егістік суару, толып жатқан науқандар біреуінен кейін біреуі келіп жатады. Құрылыста, өнеркәсіпте болса, болмаса жаңа өндірістер іске қосылып, жаңа тұрғын үй аудандары пайдалануға беріледі. Қысқасы, журналист жазатын тіршілік көп, соның бәріне үлгеру керек, ол кезде әлеуметтік желі түгілі теледидар да жоқ. Ақпарат көзі біреу, ол – облыстық газет. Осы тіршіліктің бәріне жуналистерді жұмылдыратын, арасынан сын, проблемалық мақалаларды жазуға жол табатын – бас редактор. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын. Баттал Жаңабайұлы мінсіз басшы болды. Ынтымақты, бірлігі жарасқан шығармашылық ұжымды қалыптастырды. Журналистердің шығармашылық еңбегін бағалай білді, қызметкерлерінің бағасын түсінді. Қысқасы, абыз қаламгермен бірге облыс журналистикасының бір дәуірі өтті деуге болады. Ол кісі, ойлап отырсам, өмірінің соңғы елу жылында өзі жанындай жақсы көрген, еңбегі, маңдай тері сіңген облыстың бас басылымы – кешегі «Еңбек туы», бүгінгі «Аq jol» газетінің иесі де, киесі де болған екен. Жиырма жыл үздіксіз облыстық басылымға басшылық етті, одан кейінгі жиырма жылда қатарынан кезектесіп ол кісінің төл шәкірттері Арғынбай Бекбосынұлы, Әлдихан Қалдыбайұлы ұстаздың даңқты жолын әдемі жалғастырды. Бұл жылдарда Баттал Жаңабайұлы газет жұмысынан тысқары қалған жоқ. Ақыл-кеңесін, мол тәжірибесін өзінің ізбасарларымен үнемі жарастықта, түсіністікте бөлісіп отырды. Ал, енді қалған ақсақалдық кезеңінде, өзі өмірден өткен 95 жасқа дейін облыс баспасөзінің абызы, басылымның жанашыры ретінде ондағы басшылық жұмысқа келген азаматтардан батасын аяған жоқ. «Аq jol» газетінде соңғы 30 жыл көлемінде жақсы бір дәстүр қалыптасты. Ол – облыстың бас басылымына басшылыққа келген бас редакторлардың барлығы жұмыс кеңселеріне кірмей тұрып Баттал Жаңабайұлына барып, сәлем беріп, батасын алатыны. Ол кісі шын мәнінде Алланың бұйрығымен берілген бақытты және ұзақ өмірінде артынан сөз ілестірмеді, абыройын жоғалтпады, шын мәнінде жақсы қартаюдың өнеге-үлгісін көрсетті. Содан да болар, жаңылыспасам Серік Үмбетовтен бастап, облысқа әкім болып келген азаматтардың көпшілігі үлкен лауазымға кіріскеннен кейін көп ұзамай Баттал Жаңабайұлының шаңырағына барып, сәлем беретін және баталарын алатын. Соңғы рет ол кісі өмірден озардан бірер апта бұрын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев абыз ақсақалдың отбасына барып, сәлемін беріп, әңгіме дүкен-құрып, батасын алған болатын. Бір қызығы, пендеміз ғой, үлкен басшы келіп жатқанда көкейде бір шаруа айтып қалсам ба деген тілектің тұратыны да рас қой. Баттал Жаңабайұлы пенделікке салынған емес, өзі іздеп үлкен кісілердің есіктерін сығалаған емес, өзіне сәлем бере келген басшыларға шаруа айтып, шерін тарқатқан емес. Бәлкім абыройын аласартпай, сыйын жоғалтпай, халқының құрметіне бөленіп өмірден әдемі өтуінің де бір сыры ол кісінің осы кісілігінде жатқан шығар. Баттал Жаңабайұлы ұстазымыз жайлы бұдан да көп айтуымызға да болады. Мен ол кісінің алғаш қабылдауында болып, қолынан қызмет алып, жұмысқа кіріскенімде 22 жаста едім деп жоғарыда айттым. Одан бері қарай елу жылдан астам ұстаз-шәкірт, аға-іні болып, тонның ішкі бауындай өмір кештік. Ол кісі менің ұстазым ретінде, ағам ретінде қуаныштарымның бәрінің ортасында болды. Шаңырағында әлденеше рет болып, Фарида апайдың қолынан дәм де таттық. Күні кеше өзі өмірден өткенге дейін телефон арқылы байланысып тұрдық. Ақыл-кеңестерін айтып тұратын. Әлде бір қариялар сияқты көп сөйлеп, ақыл айтып, кісіні жалықтырмайтын. Текті кісі ғой. Астарлап сөйлеп, көп нәрсені ұғындыратын. Соңғы сөйлескенде «Әр кеш ұйқыға кетер алдында «Кәллимаға» тілімді келтіріп жатамын» дегені есте. Ондайда мен не айтайын. «Аман болыңыз, біздің алдымызда жүре тұрыңыз» деймін ғой. Бәрін болжап біліп отыратын. Айтқан өсиеттері де есте, қалдырған аманаттары да бар. Жанымыз аман болса, ол кісінің өмірлік ұлағатын өзімізге, ұрпағымызға үлгі етіп ұстаймыз ғой. Бақұл болыңыз жақсы аға, жаныңыз жәннәттің төрінде болсын.  

Жаңабай МИЛЛИОНОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы,

облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы.

 

Ұқсас жаңалықтар