Директор болуға лайықты кадр жоқ па?

Директор болуға лайықты кадр жоқ па?
ашық дереккөз
Директор болуға лайықты кадр жоқ па?
Бір кездері қадірі артық, беделі биік аяулы маман иесі болуды енді ар көретін қоғам қалыптасып үлгерді десек, өтірік емес. Салынбаған мектеп, игерілмеген ақшаны айтпағанда, оқулықтың жайы оңбай, мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаратын дұрыс жүйе әлі болмай тұр. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Жыл сайын жалақысын көтеріп, әрідегі мәселені әлеуметтік жағдайдың оңалуымен реттейміз деген шешімнің маңызы бар ма өзі? Одан не өзгерді? Ендеше неге мектеп директорларын таппай отырмыз? Облысымыздағы 59 білім ошағын сеніп тапсыратын білікті маман жоқ па? Педагогтер жағы басшы болуға неге құлықсыз? Әлде директор болу соншалықты қиын ба? Бұл сауалымыздың жауабын ұстаздар қауымының өзіне қалдырдық та, мәселенің ушығуына әсер етіп отырған негізгі факторларға тоқталуға тырыстық. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сенсек, еліміз бойынша 811 мектеп директорының орны бос. Аймағымыздағы ахуал да мәз емес. Облысымызға 59 мектеп директоры жетіспейді. Басшысыз мектептердің көшін Жамбыл ауданы бастайды. Бұл ауданның білім ошақтарына 10 директор керек. Одан кейінгі орында Қордай, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласы тұр. Үшінші орынды Т.Рысқұлов ауданы мен Жуалы аудандары алады. Бүгінде бұл аудандардың әрқайсысына кемі 7-8 директор қажет. Осыдан үш жыл бұрын да осы мәселе көтерілген еді. Ол кезде аймағымызға 30 директор керек болатын. Жыл өткен сайын шешілуі тиіс проблема одан сайын асқынып барады. Әлі күнге дейін 2-3 жыл басшылықсыз отырған білім нысандары бар. Басшысы жоқ мектептерде түрлі мәселелердің туындайтыны жасырын емес. Ең қиыны, сала мамандары мұның себебін дөп басып айта алмай отыр. Бірі директор жалақысының аздығын алға тартса, енді бірі мұны жауапкершіліктен жалтару дейді. Өкініштісі сол, бұл мәселенің түйіні тарқатылар күн әлі де алыс сияқты. Облыстық білім басқармасы басшылығының сөзіне сенсек, алдағы ақпан айында мектеп директорлығына үміткер азаматтар үшін тест жүргізіледі. Ол үшін жақын күндері конкурстар жарияланады. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы ақпандағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» №57 бұйрығына сәйкес бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымдарына конкурс жұмыстары жүргізіледі. Қазір министрлік тарапынан ұйымдастырылатын біліктілік тесті уақытша тоқтап тұр. Осы себепті біздің ұйымдастыратын конкурс жұмыстарымыздың уақыты ұзап жатыр. Қаңтар-ақпан айларына жоспарлап отырмыз», дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев. Байқағанымыздай, биліктегілер бұл мәселеге немқұрайлық танытып отыр. Енді ше? Министрліктің тесті ол тоқтап тұр, ал басқарманың өзі әлі басшысыз отыр. Оған да конкурс негізінде таңдау жасалады екен. Қалай десек те білім саласы жайбасарлықты көтермейді. Білім ошақтары басшысыз отырғанда білімге қатысты мәселелер одан сайын қордалануда. Amanat партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мәліметінше, қабылдауларда көтерілген басты мәселелердің 43 пайызы әлеуметтік көмекке мұқтаждыққа қатысты болса, 13 пайызы білім саласының еншісінде екен. Былтыр басқармаға оқушылардың оқу процесіне, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, құрылыс саласына, мемлекеттік қызмет көрсету стандартына шағым, мекеме басшыларының, қызметкерлердің іс-әрекеттеріне байланысты 10 мыңның үстінде арыз-шағым түсіпті. Бұл бір облыс үшін аз көрсеткіш емес. Біздің пайым: Әлемдік білім беру жүйесінің сапасы бойынша рейтингінде Қазақстан 62-орында тұр. ТМД елдері бойынша да ең төменгі орындамыз. Ал, біз қорқынышты ертегінің тез аяқталуын күтіп отырған бала сияқтымыз. Өкінішті, ә. Не дейсіз? Эльмира ҚОЙЛЫБАЕВА, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының директоры: – Мектеп директорын тағайындау, оған конкурс ұйымдастыру облыстық білім басқармасының құзырында ғой. Оның нақты себебін басқа адамдар айта алмайды. Мен өзім де тесттен өттім. Оны қиын демес едім. Себебі, ол тек қана заңдардан беріліп отыр. Ал, ол заңдардың барлығын біз күнделікті пайдаланып отырмыз. Сондықтан, тесті күрделі дегенге мен келіспеймін. Ал, неге осынша көп директордың орны бос тұрғаны шынында да ойланарлық жағдай. Расында да мектеп басшысы болу деген – үлкен жауапкершілік. Бұл қызметке осыны сезінген, түсінген адам ғана барады деп ойлаймын. Ал, директордың жалақысы кейбір мұғалімдерден аз болатыны жасырын емес. Егер оның директорлық категориясы жақсы болып, сағат қосып алса, онда жақсы жалақы алады. Назым ЕРАЛИЕВА, Байзақ аудандық Амангелді орта мектебінің директоры: – Біріншіден, директор болу – өте үлкен жауапкершілік. Көбісі осы жауапкершіліктен қашады. Бала не бүлдірсе де ең бірінші мектеп басшысы жауап береді. Екіншіден, директорлық категория бар. Сол категорияларды бағындырғанда ғана жалақы реттеледі. Оған біраз уақыт керек болады. Үшіншіден, мұғалімдердің айлық жалақысы жақсы, олардың құқығын «Педагог мәртебесі туралы» заң қорғайды. Олар бұрынғыдай мектептің бүкіл тірлігіне араласпайды. Сабағын берсе болды. Ал, директор болса жалақысы азаяды, жүктемесі көбейеді. Міне, бұл мәселенің күрделенуінің осындай себептері бар.  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар