Жауапсыз мердігерлердің жосықсыз әрекеті

Жауапсыз мердігерлердің жосықсыз әрекеті
ашық дереккөз
Жауапсыз мердігерлердің жосықсыз әрекеті
Соңғы уақыттары құрылыс саласында сеніп тапсырылған істі сапасыз орындап немесе басын бастап, аяғын тастап кететін компаниялар туралы жиі естиміз. Тіпті, мардымсыз жұмысы айтылса да тендер арқылы қайтадан жаңа жобаны ұтып алатындар да жоқ емес. Мысалы, өткен жылдың басында ғана газетімізде «ЕрК Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шалағай жұмысы туралы жазған едік. Тағы да дәл сол құрылыс компаниясының жауапсыз жұмысының салдарынан бір ауылға жаңа мәдениет үйі межелі уақытта пайдалануға берілмей қалды. Алдыңғы жылы, яғни 2022 жылдың 13 шілдесінде құрылысы басталған Жуалы ауданының Қайрат ауылындағы Мәдениет үйі бастапқыдағы жоспар бойынша 2023 жылдың 13 наурызында салынып бітуі керек еді. Алайда, әлі аяқталмады. Айта кетейік, бұл ауылда 2200 халық тұрады. Бұған дейін мәдени ошақ болмағандықтан, көпшілік мәдени іс-шараларды аудан орталығындағы мәдениет үйінде ұйымдастырып келеді. Өткен жылы өз ауылдарындағы мәдениет үйіне қол жеткіземіз деп күткен жергілікті тұрғындар сол қуанышты енді тағы бір жыл күтулеріне тура келіп отыр. – Қайрат ауылындағы 149 орындық Мәдениет үйінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын алғашқыда мердігер «ЕрК Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп бастаған. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың 13 шілдесінде басталып, 2023 жылдың 13 наурызында аяқталуы тиіс болатын. 2022 жылдың 26 желтоқсанында нысанның құрылысы барысында кемшіліктер орын алуы бойынша №10-700 хабарлама Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылау басқармасына жолданды. Басқарма 2023 жылдың 30 қаңтарында нысанда кемшіліктер бойынша тексеріс жүргізіп, айыппұл салуға хаттама толтырып, мердігерді құрылыс жұмыстарын орындау лицензиясынан айырды. Мердігердің басқарма жүргізген тексеру актісінің күшін жою бойынша сотқа берген талап арызы қанағаттандырылмады. 2023 жылдың 12 маусымындағы тапсырыс беруші тарапынан келісімшартты мәжбүрлеп аяқтауды міндеттеуге байланысты сотқа талап арыз беріліп, сот қарауында келісімшартты бұзуға нұсқау берілді, келісімшарт бұзылды. 2023 жылдың 6 қарашасында Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына аванстық төлемді қайтару бойынша талап арыз берілді. 2023 жылдың 14 қарашасында мердігердің бюджетке аванстық қаржыны қайтаруы туралы №3115-23-00-2/2667 санды сот ұйғарымы шықты. Қазіргі таңда Мәдениет үйі объектісінің екінші мердігері «Bek stroy 2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып анықталып, құрылыс жұмыстары орындалуда. Құрылысты 2024 жылдың наурыз айында аяқтау көзделіп отыр, – дейді Жуалы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саурбаев. Өткен жылы ғана біз аталған серіктестіктің Т.Рысқұлов ауданындағы екі мектептің біреуіне күрделі жөндеуде, екіншісіне қосалқы құрылыс салуда мардымсыз жұмыс нәтижесін көрсетіп, межеленген уақытынан кешіктіргенін жазған едік. Дәл осы «ЕрК Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі одан бұрын да сол аудандағы ауылдық округтердің бірінде жол жөндеу жобасын жүргізгенде де шикілік танытқан екен. Ол істің де соңы соттасумен аяқталғаны есте. Осының бәрін көріп отырып «Жауапсыз мердігерге неге сенім білдіріле береді?» деген сауал көкейде тұрады. Облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаевтың айтуынша, құрылысмонтаждау жұмыстарын сапасыз орындағаны үшін лицензиясынан айырылған тағы бір мердігер мекеме – «ЖолЭнергоҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік Талас ауданының Қаратау қаласындағы №3 шағынауданында орналасқан №6 жатақхананың сыртқы инженерліккоммуникациялық жүйелерін қайта жаңғырту жұмысын сапасыз орындаған. Өзіне жүктелген міндетке жауапсыздық танытқан бұл мердігер компания лицензиясынан айырылып, оған сот шешімімен 1 380 000 теңге айыппұл салынған. Бұл жатақхана деп аталғанымен, 48 пәтерді қамтыған тұрғын үй. Ол 1984 жылы тұрғызылған екен. – Сапасыз жұмыс істегендіктен, мердігер компанияны сотқа берген едік. Сонымен, құрылыс созылды. Бұйыртса, алдағы көктемде бітіріп, пайдалануға береміз деп отырмыз. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 99 пайызға аяқталып қалды. Жобаны өз міндетіне алған мердігер сапасыз жасаған жерлерін қайта ретке келтіріп жатыр. Жалпы, тұрғын үйге 323 миллион теңге бөлінді. Ал, сыртқы инженерлік инфрақұрылымға 45 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда қаражаттың 90 пайызы берілді. Сыртқы инженерлік желілері бітпей, біз пәтерлердің суын, электр қуаты, газ желілерін тексере алмай отырмыз, – дейді аудан әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Жаманбаев. Халықтың ортақ қазынасынан бөлінген қаржыға жасалатын іс сенімді кісіге жүктеліп, орындаушы да үлкен жауапкершілікпен қараса екен. Сенімге селқос қарағандардың кесірінен қаншама қаржы мен қайтып келмес қымбат уақыттың босқа өткені өзекті өртейді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар