Жұмыссыздық па, құлықсыздық па?
Қоғамда NEET санатындағы жастар көбейді. Бұл термин біздің сөздік қорымызға жаңадан қосылғанымен, ондай жастардың бұрыннан бары белгілі. Ағылшын тіліндегі «Not in Empoloyment. Education or Training» ұғымының бас әріптерінен құралған бұл топтың жастары шынында да «не жұмыс істемейді, не оқымайды, не өзге де істермен айналыспайды». Жұмыссыздықтың статистикасын ғана көтеретін бұл топты Мемлекет басшысы да сынға алды. Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Қазақтың қонақжайлығы – жақсы қасиет. Бірақ, үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес» деген еді. Мұндай жастардың саны еліміз бойынша 300 мыңға жуықтаса, облысымызда 37 мың жас бос жүр. Жұмыссыздық бойынша республикада алдыңғы үштікке кіреміз. Бұл не сонда? «Екі қолға – бір күрек» шынымен табылмай тұр ма? Әлде бұл NEET жастардың ниетінің жоқтығын көрсете ме? Бүгін осы мәселенің төркініне бойлап көрдік.
NEET пен ниет
Шыны керек, бүгінде әлеуметтік масылдық ерекше белең алып келеді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру, қиындықтан қашып, жеңіл табыс табуға ұрыну, тіпті, біреудің есебінен өмір сүруге ұмтылудың көрінісін күнде көреміз. Әлеуметтанушылар бұрын жұмысқа қабілетсіз, мүгедек, қарт, асыраушысы жоқ отбасы және кәмелет жасына толмаған адамдар ғана болатын бұл топта қазір қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін жастардың көбейгенін айтады. «Әлеуметтік масылдық адамды кедейлікке, деградацияға апарады. Қазір еңбекке қабілетті адамдар саналы түрде басқаның немесе қоғамның есебінен өмір сүруге ұмтылады. Бұл мемлекеттік саясат пен қоғамның санасына байланысты пайда болуы да әбден мүмкін. Еліміздегі әлеуметтік масылдықты КСРО-ның әлеуметтік жүйесімен байланыстыруға да болады. Кеңестік әлеуметтік жүйеде адамдар бірдей жалақы алды. Адам өзінің үздік қызметі үшін бағаланбады, еңбек етуге мотивация болмады. Ал, осының салдары егемендігіміз алғаннан кейін барып бізге соққы болып тиді. Еңбек етуге қабілетті жастардың дені түрлі сылтау іздеп, жұмыстың жоқтығын айтып, кінәні өзгеден іздеуге дағдыланып алды», – дейді әлеуметтанушы Марат Оспан. Шын мәнісінде аймағымызға қаншама еңбек адамдары мен мамандар жетпей жатыр. Дәл қазір облысымызға 200-ге жуық дәрігер мен мұғалімдер керек. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласына, егістікке тракторшы, механизатор, агроном және басқа да орта буынды мамандар да қажет. Бұл саладағы мамандар былтыр 133,3 мың адам болса, биыл бұл сан 5,4 пайызға азайған. Ең қызығы, елге тапшы кадрлардың жартысына жуығында жұмыс істеу үшін кәсіптік білімі жеткілікті екен. Ал, төрттен бірінен астамына білімсіз де жұмысқа орналасуға болады. Тек әрбір бесінші бос орын міндетті жоғары білімді талап етеді. Осы мәліметтің өзі-ақ масылдықтың шарықтау шегін көрсетіп беріп отырған жоқ па?!Жәрдемақы алғанның бәрі жатыпішер ме?
Әлеуметтік масылдықты айтқанда тек жастарды ғана емес, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың да мәселесі қылаң береді. Жасыратыны жоқ, масылдық психология барлық әлеуметтік топтардың арасында да көрініс табады. «Әр балаға берілетін жәрдемақы 70 мың теңге болсын, әр қазақстандықтың басына шаққанда айына 300 мың теңге алып отыруымыз керек», дейтін пікірлер осы масылдық пиғылдан пайда болған. Әлгі бір кинода қайыр сұраған әйелге ақша емес, жұмыс тауып берген азамат бар еді ғой. «Балық емес, қармақ берген» мысал бүгінгі қоғамның негізгі кредосына айналмайынша бұл мәселе шешілмейді. «Адам мүлдем жұмыс істемей отырып, «үкімет неге бермейді?» деу дұрыс емес. Көшеге шықсақ, аттандасақ үй береді деп ойлайды. Олай емес. Заңсыз ешкімнің үй алуға құқығы жоқ. Жақында екі баласы бар бір әйел хабарласып, үйден, тамақтан көмек сұрады. Жұмыс істемейді екен, неге десем, «балалар мектепте», деді. Бала бәрінде бар. Арасында жұмыс істеуіне болады ғой. Жалақы аз, жетіспейтіндігін түсінемін. Бірақ, мүлде жұмыс істемей отыруға болмайды. Адам тіршілік қылу керек. Оған қарап өскен бала қандай болады? Егер сен үйде отырып «әкел, әкел» десең, балаң да сондай дайынға үйренетін болады. Нарық заманында жұмыс жоқ емес, жетеді. Тек ниет керек. Дәл сол ниет адамдарда болмай тұр», – дейді «Talbesyk» көпбалалы аналар одағының төрайымы Ләззат Қожахметова. Сарапшы сөзінің мәні бар. Бүгінде көпбалалы аналарға жағдай жасалмай отыр дей алмаймыз. Жайлап алға ілгерілеушілік бар. Бұрын көпбалалы аналар 10 мың теңге алса, қазір ол 60 мыңға өсті. «Бақытты отбасы» деген 2 пайыздық ипотека бар. Сондықтан, «әлеуметтік жеңілдікке ие бола берсем» деген ойдың өзі адамды алға жылжудан, нақты әрекетке барудан, өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айыруы мүмкін. Шыны керек, елімізде атаулы әлеуметтік көмекті, жәрдемақы немесе мемлекеттен басқа да көмек алу үшін, жалған ажырасуға баратындар мен ресми кірісін төмендетіп көрсететіндер бар деген де пікір бар. «Бұл енді ебін тапқандық шығар, бірақ жаппай деп айтуға негіз жоқ. Расымен ажырасушылық көп, бірақ оның өз себептері де бар. Дәл осы баспана үшін дейтіндей сандық көрсеткіштер жоқ. Мен көп ажырасқан жас отбасыларды білемін, біреудің есігінің алдында жалданып жүрген. Оларға расымен баспана керек. Жұмысын да істеп жүр, кішкентайларын қалай жеткіземін деп жанын шүберекке түйіп алып бірнеше жұмысты да жасап жүргендері бар. Неге олар біреулердің жымысқы тірлігінен тұрғын үйден қағылу керек?», – деген саясаттанушы-әлеуметтанушы Мақсат Жақау масылдық туғызбас үшін идеология мен отбасы тәрбиесі күшті болу керектігін алға тартады.Онлайн табыс оңай олжа емес
Масылдықтың бір ұшы әлеуметтік желіге, онлайн өмірге де барып тіреледі. «Байығың келсе, осы бизнесті баста», «Үйде отырып-ақ ақша тап» дейтін қып-қызыл жарнамалардың соңында жүрген қаншама жас бар. Түрлі әлеуметтік желіде, әсіресе, шоу-бизнесте жүргендердің бүгінгі жылтырақ үлгілері жастарды тез байып, солай шалқып жүремін деген мақсатсыз әрекетке тәрбиелеуде. Қоғамның даму үлгілері – білім, еңбек, жауапкершілік қағидаларымен ғана жүзеге асатынын әр адам ұғынса керек-ті. «Білімділік жағынан біз әлемдік көштен қалып қоймауымыз керек. Онлайн бизнесті жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, мен өзім бес жылдан бері АҚШ-тың қор биржасында сауда экспертімін. Қазір өзімнің білетінімді инстаграм желісінде онлайн курс етіп ұйымдастырып жүрмін. Трейдинг – білімді, ізденісті талап етеді. Он күн оқып, бірден керемет табысты болып кету мүмкін емес. Барлық істе де тұрақтылық, жанкештілік, ізденімпаздық керек. Фокусты бір жерге қойғанда ғана табысқа жете алады. Алайда, жастар жағы көбіне жалқау, табысқа бірден жеткісі келетін, оңай жолды іздейді. Сондықтан, олардың арасында тек шынайы еңбекқор, тұрақтылары ғана табысты», – дейді сауда эскперті Сәбира Қамаева. Біздің пайым: Махмұд Қашқари бабамыз: «Еріншекке есік те асу көрінер, жалқауға бұлт та жүк көрінер», – деген екен. Масылдық психологияны жеңудің негізгі жолы жалқаулықты жеңуде тұр. Қоғамға да, өзіңе де пайдалы еңбектің өтеуі қашан да болады.Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді