«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұмысы жемісті Жақсылық

Жұмысы жемісті Жақсылық
ашық дереккөз
Жұмысы жемісті Жақсылық
Еліміздің азаматтық қорғау органдарында құтқарушы мамандығын таңдаған жастардың қатары артып келеді. Олардың әрқайсысы өз кәсібінің құндылығы мен маңыздылығын түсініп қана қоймай, қауіптілігін де жақсы біледі. Сондай жандардың бірі  – облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов. Тәуелсіздіктің төл құрдасы Жақсылық Бекбергенов Талас ауданының Ақкөл ауылында дүниеге келген. Орта мектепті жақсы тәмамдаған соң 2009-2013 жылдары Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтында (қазіргі М.Ғабдуллин атындағы академия) «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша жоғары білім алып, кейіннен  Белоруссияда одан әрі біліктілігін арттырған. Ж.Бекбергенов азаматтық қорғау саласындағы алғашқы еңбек жолын 2013 жылы Жаңатас қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінде бастап, одан әрі Тараз қаласының №1 және №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінде қарауыл бастығы лауазымында қызмет атқарды. Одан кейін Байзақ ауданының №8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары болды. Еңбектен қол үзбей жүріп, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде оқып, «Құқықтану» мамандығын алды. Жақсылық өзі қызмет атқарған жылдар ішінде бойына жиған кәсіби біліктілігі мен білімін төтенше жағдайларды жоюға сарқа жұмсап, өзінің қайтпас қайсарлығымен және адал еңбегімен Тараз қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы болды. Ал, одан әрі күнделікті тілсіз жаумен бетпебет келіп, тәжірибесін шыңдай түскен жас қыранның еңбегі басшылық тарапынан еленіп, ТЖД өрт сөндіру және авариялыққұтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары лауазымына көтерілді. Ол тек тұрғын үйлерде туындаған өрттерді сөндірумен шектеліп немесе апаттық-құтқару жұмыстарына қатысып қана қоймай, сонымен қатар табиғи өрттерді жоюға да сан мәрте тікелей атсалысты. Жас жігіттің қай өңірде жүрсе де, халықты түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жолында атқарған  еңбегі әрдайым еленіп, өзі қызмет істеген  Байзақ, Т.Рысқұлов және Меркі аудандары әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Білікті құтқарушы Жақсылық Бекбергенов басшылық жасаған әрі өзі тікелей қатысқан бірнеше оқиғаларды әріптестері әлі күнге дейін айтып жүреді. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданының таулы аумағында қураған шөптен шыққан өрт аумағы ұлғайғаны туралы хабарлама түскен бетте оқиға орнына Тараз қаласынан ТЖД күштері мен құралдары, яғни 45 адам мен 4 техника жұмылдырылады. Дәл осы кезеңде аталған дала өрті оқиғасын жою бойынша жеке құрамға басшылық еткен азаматтық қорғау майоры Ж.Бекбергенов өрттің одан әрі таралуының алдын алуда білікті жетекшілік жасайды. Ол «қызыл жалынның» одан әрі егістік алқаптарына жайылуының алдын алып, төтенше жағдай салдарын дер кезінде жоюға тікелей атсалысады. Сондай-ақ, 2023 жылы шілденің шіліңгір күндерінің бірінде Меркі ауданының Ақтоған ауылы аумағында қураған шөпке найзағай түсуі салдарынан туындаған өрт одан әрі бет бақтырмай, ұлғайған үстіне ұлғая береді. Аталған өрт оқиғасына жергілікті басқару органдары мен өзге де тиісті қызметтердің жұмылдырылуына қарамастан, «қызыл жалынның» екпіні басылмай, қайта керісінше желдің күшімен үдей түседі. Осы оқиға бойынша келесі күні ТЖД өрт сөндіру және авариялыққұтқару жұмыстары қызметінің арнайы адамдарды тасымалдау көлігімен 25 адамнан құралған  жеке құрам оқиға орнына аттанады. Бұл жолы да  аталған топқа басшылық етіп, бастап барған қызмет бастығының орынбасары Жақсылық Бекбергенов жағдайды тиісінше жоғары деңгейде бағалап, жалынның неғұрлым тиімді әдістер арқылы сөндірілуіне үлкен үлес қосады. Тәжірибелі өрт сөндіруші Байзақ ауданы аумағында орналасқан жанармай құю бекетінде өртке оранған газ тасымалдаушы жүк көлігінде туындаған өртті сөндіру оқиғасының да басықасында болып, өртті жою жұмыстарына жетекшілік етіп, тікелей атсалысқан. 2023 жылдың қаңтар айында Талас, Сарысу аудандарында орын алған күшті желдің салдарынан болған ақтүтек боран кезінде жолда қалған адамдар мен автокөліктерді боран құрсауынан құтқару жұмыстарына да белсене атсалысты. Ж.Бекбергенов осы және өзге де түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар мен өрттерді жою барысында атқарған еңбегіне орай Төтенше жағдайлар министрлігінің ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісімен, «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медалімен,  «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, сондайақ «Қазақстан полициясына – 25 жыл» мерекелік медалімен, мұнан өзге түрлі сипаттағы облыс, аудан, қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Бүгінде Жақсылық төрт ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы, өнегелі отбасының тірегі. Келіншегі Альбина да өзі сияқты азаматтық қорғау саласында, диспетчер лауазымында қызмет атқарып жүр. Осылайша, бір отбасындағы ерлізайыпты жандар халықты төтенше жағдайлардан қорғау жолында бірге жемісті еңбек етіп келеді.  

Жүрсінгүл Жақып

Ұқсас жаңалықтар