Облыс халқының 92 пайызы табиғи газбен қамтылады

Облыс халқының 92 пайызы табиғи газбен қамтылады
ашық дереккөз
Облыс халқының 92 пайызы табиғи газбен қамтылады
Ел экономикасының дамуына ықпал етіп, халықтың хал-ахуалын жақсартуда тұрмыстық қажеттіліктерін өтеп, қолайлы жағдай қалыптастыру аса маңызды. Әсіресе, халықты табиғи газбен қамтамасыз ету Мемлекет басшысының назар аударып отырған басым бағыттарының бірі. Ел игілігіне бағытталған жоба кезең-кезеңімен облыс көлемінде де жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Экономиканың табысты дамуы жергілікті халық пен өндіріс ошақтарының көгілдір отынға тәуелділігін жыл санап арттыратыны сөзсіз. Мәселен, былтыр облыстың табиғи газды жылдық тұтыну көлемі 723,1 миллион текше метрді құраған. Оның 444,7 миллион текше метрі жергілікті халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге жұмсалған болса, өзгесі энергетикалық және өнеркәсіптік кәсіпорындар мен коммуналдық-тұрмыстық мекемелердің тұтынушылық қажеттілігін өтеуге бағытталған. Осыған орай, өңірдің басты газ тасымалдаушыларының бірі «Амангелді газ» кенішінен 2023 жылы 273,5 миллион текше метр көлемінде табиғи газ өндірілген. Ал, бұл көрсеткіш биыл 275 миллион текше метрге жетеді деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, өңірді газбен қамту қызметімен «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» магистралдық газ құбырлары басқармасы және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы айналысып келеді. Бүгінде Жамбыл облысында 371 елді мекен бар болса, соның 285-і көгілдір отынмен қамтылған. Былтыр 36 елді мекенде газдандыру құрылысы басталып, жыл соңында 11 елді мекеннің тұрғыны көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Аталған бағытта жұмыстар өз жалғасын тауып, биыл 11 елді мекендегі 17 мың жергілікті тұрғынды табиғи газбен қамту жоспарлануда. Жалпы, осы жылы облыс халқының 92 пайызын табиғи газбен қамтамасыз ету көзделген. Өңірде бұдан өзге газдандырылмаған 86 елді мекенге қайта талдау жүргізіліп, Қордай, Шу, Сарысу аудандарының жиырма бес елді мекенінде құрылыс жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, 15 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім әзірленуде. Ал, 33 елді мекенде халық санының 200 адамнан аз болуына байланысты газдандыру кейінгі жылдарға жоспарланған. Облысты газбен қамтамасыз етудің екі кезеңдік жобасының 1-кезеңі бойынша тиісті қаржы еліміздің Энергетика министрлігі тарапынан қарастырылып, құрылыс жұмыстарын бастауға 600 миллион теңге қаралып отыр. Бұл ретте облыс бойынша толық газдандырылмаған Мойынқұм ауданындағы Айдарлы, Бірлік, Биназар ауылдары назарға алынатын болады. Ал, екінші кезең бойынша 8 миллиард теңге бөлініп, 6 елді мекенге көгілдір отын жеткізілмек. Қалай болғанда да, өңірдің даму жоспары аясында кешендік жұмыстар атқарылып, халық табиғи газдың игілігін сезінетін болады.  

Маулен ҚОЖАҚОВ,

облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы.

Ұқсас жаңалықтар